3.07.2020, 16:47
Қараулар: 522
Ұстазымның жарқын жүзін сағындым

Ұстазымның жарқын жүзін сағындым

Ақжайық ауданына қарасты Атамекен ауылында қазақтың көрнекті ақыны, дауылпаз жыршы, Махамбет Өтемісұлы атындағы мектеп бар. Бұл мектептің тарихы бастауын ХХ ғасырдың 30-40 жылдарынан алады. Алғашында Антонов бастауыш мектебі болып құрылған білім шаңырағы 1980 жылдардың аяғында орталау мектеп, яғни 1-9 сыныптарға арналған мектеп ретінде қайта құрылды. Аталмыш білім нысанның тынысының кеңеюі елге есімі жақсы таныс, атпал азамат, марқұм Нәбидолла Сейтбаев ағамыздың есімімен тікелей байланысты. Бұл оқиға ауыл өміріне керемет серпіліс әкелді. Өйтпегенде ше? Бірнеше шақырым жердегі совхоз орталығына 3-сынып бітірген жеткіншектерді қатынап оқыттыру ата-ана үшін қандай қиямет еді?

80 жылдардың аяғы 90 жылдардың басында су жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп, Махамбет ақынның аты берілген жаңа ұжым өз ісіне белсене кірісіп кетті. Нәбидолла ағай мен сүйікті жары, ұстазымыз Тілекші апай білім ордасының жаңаша жұмысын жолға қоюда тынымсыз еңбек етті. Білікті басшы мектептің материалдық-техникалық базасының қамтылуын қадағалау, құрылымдық өзгерістерге байланысты жұмыстар, штаттық кестені жасақтаудан өзге күнделікті көзге көрінбейтін мектеп тірлігін қалыпты арнаға түсіруде аянған жоқ.

Отыздан жаңа асқан, алғыр азамат, мықты көшбасшы жанына енді жігерлі жастарды жинай бастады. 90 жылдардың басында ауылға А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының (қазіргі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) түлектері, бір топ жас педагог-мамандар келді. География пәнінің мұғалімі Салауат ағай, химия пәнінің мұғалімі Ақзира апай, орыс тілі пәнінің мұғалімі Самал апай, математика пәнінің мұғалімі Гүлмира мен Бақытса апай, сурет пәнінің мұғалімі Біләл ағай, физика пәнінің мұғалімі Бибігүл, бастауыш мұғалімі Назгүл апайларымыз сынды жалындаған жас ұстаздар Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай кірісті». Біздер 3-сыныпта оқып жатқан ойын баласы болғанмен, мектеп өміріне жаңа шырай енгенін байқадық.

90 жылдардағы елдегі нарықтық қатынастар, әлеуметтік өмірдің сүреңсіздігі, тұрмыстық қиындықтар біздің ұстаздарымыздың еңсесін түсірмеді. Осы бір қиын кезеңде ұжымды басқарған Нәбидолла Сейтбаевтың еселі еңбегін енді ғана, естияр азамат болғанда түсіндім. Қоғам жаңа дәуірге өтіп, экономика шатқаяқтап тұрған шақта мектепті бірізділікпен басқарып, дәстүрлі даңғылға түсірген екен. Саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған ардақты азаматтың есімі ауылдағы көшеге берілсе, мектепте мұражай-бөлме ашылса деген ой туындайды осы тұста.

Ағайдың маңғаз мінезі мен басшыға тән харизмасын апайдың жайдары келбеті мен әдемі қылығы толықтырып тұрғандай болатын. Жарасымды жұптың арасындағы ішкі үйлесімділік, келісті келбет пен көркемдік, тектілік қосылып, өз замандастарының алдына шығарды. Алайда ағайдың ғұмыры қамшының сабындай қысқа болды. Аз ғана ғұмырында ғасырлық шаруа тындырғаны – азаматтық келбетінің, іскерлігінің көрінісі. Бүгінде шаңырақтың отын өшірмеген Тілекші апайымыз — аяулы ана, ардақты әже. Ұстаздықтан қол үзбей, ұзақ жылдар өзі негізін қалаған ұжымда жастарға білім берді.

Шағын ғана ұжым жылдар өтсе де, өзінің берік, мызғымас қалпынан айнымады, қайта тәжірибесін молайтып, жаңаша үрдістерді жұмысында алға қоюда. Ардақты азамат Амангелді ағайдың басшылығымен мектеп мәртебесі өсіп, 11 жылдық білім беретін қара шаңыраққа айналды. Талай түлекті ересек өмірге қанат қақтырды.

Сол түлектердің біріміз ғой, жылдар өтсе де, санамда Салауат ағай үйреткен ғарыштағы планеталардың орналасу реті, Ақзира апайдың химиялық конфигурациясы, Тілекші апай көрсетіп беретін бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша, Самал апай жатқа соқтыратын Крыловтың мысалдары саңқылдап тұр. Бұл кішкентай ауылдың үлкен мектебіндегі ұлы ұстаздарымыздың еңбегі!

Хакім Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, балдырған санамызда ақыл мен білім, мінез бен парасатты қалыптастырған ұстаздарымызға басымды иемін!

Мың алғыс Сіздерге, Ұстаздар!

Аққайың МҰРАТҚЫЗЫ

тарих ғылымдарының кандидаты,

Орал қаласы.