13.07.2020, 9:31
Қараулар: 174
Шаруаға әр айыр шөп қымбат

Шаруаға әр айыр шөп қымбат

«Қыстың қамын жазда ойла» дейді дана халқымыз. «Жаздың бір күні қысқа азық» деп те, мүмкіндікті қапы жібермей, малды ауылдың тірлігін қыздата түсуге меңзейді. Міне, алты ай қысын уайымсыз өткізуге ұмтылған малшылар үшін қазір нағыз қарбалас шақ басталды. Олардың иеліктегі малына жем-шөпті орып алмай,  ауласына шөп үйілмей тыным таппайтыны анық. Өкініштісі сол, шөп шабу науқаны енді ғана басталғанымен шалғышылардың көңілі пәс. Биыл шөптің шығымы аз болып, жайылмаларға су шықпай, жылдағы межелейтін қысқы азықтың қорын қалай толтырарын білмей, шаруалардың шақшадай басы. шарадай болды.

241 700 тонна мал азығы керек

Шабындықта шөп жоқ деген ағайынның мұңын естіген бойда-ақ аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Руслан Қайырмановпен хабарластық. Әңгімені аудан бойынша мал қыстағына кіретін түліктің санынан бастаған ол 132 738 шартты мал басына барлығы 241 700 тонна мал азығы даярлануы керектігін айтты. Былтыр шабындыққа шалғы түсірген ағайын 233 380 тонна қор жинақтап алса, одан 80154 тоннадай азық артылып қалған. «Биыл ауа райы қолайсыз, жауын-шашын уақытында аз түсіп, қырлықта және көлдік жерлерде шөп шығымы мүлдем сирек, әрі аласа болды. бұл өз кезегінщде малды қыстатуға қажет азықты даярлауда қиындық тудырып отыр. Өткен жылы 30 шаруашылық 1360 га көлтабанға су шығарса, биыл су деңгейінің төмендігінен 23 шаруашылықтың 1180 га   көлтабанына су берілді», — дейді Руслан Ділмағанбетұлы.

Мал азығын даярлау бойынша 3 шілдеге берілген ақпаратқа сүйенсек, ақжайықтық шаруалар қыраулы қысқа дайындықты бастап кетіпті. Қазірдің өзінде 13910 гектар шабындыққа 66 орақ түсіп, 2669 тонна шөп шабылған. Былтыр шөптің шығымы 3 центнерден жоғары болса, биыл көк мүлдем сирек, гектардан небары 1,9 центнер. Осындайда қыстақ іргесінен-ақ жүздеген тонна шөп жинап алған кездерін, орақтың тілін әлсін-әлсін тазартып тұрмаса, көкті қию қиынға түсіп, зорығатын күндерін шаруалардың аңсайтыны аян.

Шөбі аз шабындық өртке оранбасын

Шөптің шығымы төмен осындай шақта мал азығын дайындауда асқан сақтықтың керек екені сөзсіз. Техниканың сақадай сай болуы – ең бірінші кезектегі шаруа. Әсіресе шөп шабатын трактордың жағдайын жан-жақты тексерген жөн. Өткен жылдары «тілсіз жау» – өрттің кесірінен келген шығынның өзі біраз шаруаның өзегін өртегені анық. Шабындық та, шапқан шөп те қызыл жалынға айналғаны, әрине аянышты, өкінішті. Соның көпшілігі трактордың ақаулығынан болатын жайт.

Аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің берген мәліметіне сай биыл шабындық басына 600-ге жуық ауыл шаруашылық техникасы жұмылдырылады деп жоспарланған. Жыл сайын өткізілетін техникалық байқау биыл мамырдың орта тұстарында басталып, қазіргі 300 бірлікке рұқсат берілді. Полиция бөлімі, төтенше жағдай қызметінің өкілдерімен бірлесіп өткізілетін байқау жұмыстары әлі де жалғасуда.

«Дала өрттерінен шаруашылық иелеріне келер залал, әрине, орасан, – дейді аудандық құқықтық органдармен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Фархат Уахитов. — Биылғы жаз негізінен жаңбырсыз қуаңшылық күйде өтуде. Дала қурап тұр. Сондықтан бәріміздің уайымымыз – кездейсоқ өрт шығып кетпесе екен деген ой. Осыған байланысты жұмыс жаз басталғалы тиылған емес. Алдымен барлық ауылдық округте 216 ерікті өртке қарсы құрамалар жасақталып, 126 техника сайланды. Төтенше жағдайда пайдаланар жанар-жағармай қоры да жеткілікті: АИ-92 бензині және  дизель отынының әрқайсысынан 2000 литрден бар».

Алайда, кең даланың төсіндегі еңбеккерлердің  жауапкершілігі де қажет бұл істе. Ақауы бар техникадан ұшқан сәл ұшқын, сөндірілмей қалған темекінің тұқылының өзі мына аптап ыстықта алапат өртке әкелуі әбден мүмкін. Соның дәлеліндей, биылдың өзінде 617 гектар алқапты алған 7 дала өрті орын алыпты. Соңғысы маусым айында Қарауылтөбе мен Қурайлысай ауылдық округтерінің шекарасында тіркелген. Тілсіз жау жайылым, шабындықтың 433 гектарын жалмады.

Шаруа қожалықтарымен, жеке кәсіпкерлермен тиісті мекеме өкілдері үзбей кездеседі, жазғы маусымдық жұмыстарда өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту, техниканың жұмысқа жарамдылығын мұқияттау жағы қаперлеуден танған емес. Десе де, сақтықты естен шығарған кейбір шаруалардың салақтығы осындай жағдайлардың әлсін-әлсін қайталануына әкеліп отыр.

Шөп алыңыз, орамасы 8000 теңге

Иә, шөп жоқ. Барының бағасы да қымбат болары анық. Қыстыңгүні «шөптің бағасы күйіп тұр» деп зарлаған малды ағайын нарықтағы құнына наразылық білдіргені әлі есімізде. Ал биыл жерiнде аз да болса шөбі барлар барын жинап, қысқа қамданса, мұндай мүмкiншiлiгi жоқтар базар жағалайды. Соның өзінде мына қуаңшылықтың салдарынан ақшаңды қолыңа ұстап, шөп таситын кәсіпкердің соңынан қуып жүріп алатын күн туары анық. Қойған бағасына да амалсыз келісесің.

Ауданымыздың ең шалғай орналасқан округі Сарытоғайда осы жазда жағдай тіптен қиын. Округ басшысы Абзал Жәрдемұлының айтуынша, малды тұяғы жеткен жердің өзіне дейін бағудың өзі мұңға айналған. Мұндайда шөпті шабу түгілі, қолыңдағы малды жаздан аман алып шығудың өзі мың уайымға батыратыны рас. «Биыл шабындықтарға шөп жоқ. Бұл тірлігітөрт түлікке тәуелді ауылдастарға оңайға  соқпай тұр. Округте 28 шаруа қожалығы, жеке тұрғындарда барлығы 2908 ірі қара, 5000-нан астам уақ жандық бар. Иеліктегі малды қыстатып шығу үшін алдын ала есеп бойынша 4800 тоннадай жем-шөп қажет. Биыл қыстың жылы болғанының арқасында  1000 тоннадай мал азығы үнемделді. Шаруалар қажет шөпті Сырым, Қаратөбе аудандарынан тасымалмен жеткізбек. Бір ораманың құны 8000-8500 теңгеге бағаланатын шығар», – дейді А.Әлжан.

Бірнеше жыл қатарынан өзінен артылған мал азығын саудаға шығарып жүрген Нұрболат Қадырғалиев өзіне тиесілі шабындықта да шөп аз болып, бүгінде көршілес Сырым ауданының Жосалы ауылдық округіне қарасты жерлерді жалға алған. Бар техникасын өздерінен 200 шақырымдай жерге жеткізіп, мұндағы шұрайлы шабындыққа орақ салыпты. Қыс мезгіліне қапысыз қамданған шаруа былтыр бір орама шөпті 4000-5000 теңгеден сатса, енді бұл бағаның шөптің өзіндік құнын ақтамауы мүмкін екенін айтады. «Әзірге бір айыр да шөп сатқан жоқпын. Бұрын осы кездің өзінде тоғайлықтан орып жинай бастайтын едім. Биыл онда шыққан шөп сирек. Сондықтан алыс та болса, сонау Жосалыдан шабуға мәжбүрмін. Шабындықтағы жігіттердің ішіп-жемі, жалақысы бар, ал жанармай бағасы да арзан емес», – дейді ол.

Бүйте берсе, малға азық таппаған халық тұяқтыларды біртіндеп сататын күнге де жетіп қалуымыз ғажап емес. Онсыз да бір-екі сиырды сойып, етін сатып, соның ақшасына шөп алады. Бірақ оның өзі де жетпейтіні бесенеден белгілі. Ал бұл өз кезегінде күнін малмен көріп отырған ауыл тіршілігіне соққы болмақ.

Ендігі бар үміт — екпе шөпте. Екпешөптің артықшылығы мол-ақ. Табиғи шабындықтарда шығымдылылық орта есеппен гектарына 3 центнерден келсе, мұнда бұл мөлшер екі есеге көп. Осы істі қолға алған  іргелі шаруашылықтардан үлгі алып, мыңдаған гектар жерінің бір бөлшегіне жүгері, не қарабидай, не судан ексе, пайдасын шаш етектен көрер еді.

Әлия ШАРАПИЕВА

Суреттер Азамат ҚАНАПИЯНІКІ