13.07.2020, 9:34
Қараулар: 166
Жамбылда жақсы істер көп

Жамбылда жақсы істер көп

Індет өршіп, ауыл-елдегі қарбалас тірлік тоқтап қалғандай көрінгенімен, тұрмысты ажарландырып, шырайын келтіретін жұмыстар жалғасын табуда. Соның дәлелін көргіңіз келсе, Жамбыл ауылдық округінде ат басын бұрыңыз.

Мұнда биыл көптен күрмеуі шешілмей жүрген бірқатар іс қолға алынды. Алдымен  Жамбыл, Бітік, Үштөбе ауылдарына газ құбырлары тартылып жатқанын атап өту керек. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 300 миллион теңге бөлінген, мердігері «Айтемір» ЖШС үш ауылда 8 әлеуметтік нысанға көгілдір отынды жеткізді. Ендігі кезек жеке баспаналарға.

Сонымен қатар округ орталығы Жамбыл ауылында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауыз су желісі жүргізілуде. Жоба бойынша Ақжол ауылдық округінің Битілеу ауылына қоса тартылатын құрылыс жұмыстарына бөлінген қаражат көлемі де ауқымды – 774 млн теңге. Ерте көктемде «ПМК-117» ЖШС бастаған жұмыстар қыркүйек айында аяқталмақ.

Тәуелсіздік жылдары көптеген мәдениет ошақтары жөндеуден өтіп, жаңаша жаңғырса, Жамбылдағы ағайын да әбден тозып, ауылдың ажарын кетірген мәдениет үйінің өзге ауылдағылардай қалпына келтірілгенін көптен тілеп жүрген. Биыл соның реті келіп, күрделі жөндеу жұмыстарына 86 млн теңге бөлінді. Жөндеу деген аты болмаса, мұнда бұрынғы мәдениет үйінен қалғаны тек тасы ғана. Түгелдей шатыр-терезе, есігі – бәрі дерлік ауыстырылып, заманға сай келбетке ие болады. Сонымен бірге жоба шарттарына сай мердігер «Ингострой» ЖШС жөндеуден өткен соң жаңа музыкалық аспаптармен қамтып, LED-экран орнатпақ.

Шалғайдағы ауыл ағайынын ұялы байланыстың нашарлығы да қинайтыны анық. Осыған дейін округке қарасты үш елдімекен де желінің тауқіметін біраз көрген болатын, биыл бұл мәселе де шешіліп, 2025 жылы сапалы байланыспен қамтимыз деген байланыс операторы  KCELL ACTIV  биыл ауылдың іргесіне мұнарасы жайғастырамыз деп уәдесін беріпті.

Айта кету керек, ауылдағы іргелі жұмыстарға жергілікті тұрғындардан 30 адам тартылған. Бұл да болса, ауыл азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға біраз көмек.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ