13.07.2020, 9:41
Қараулар: 91
4 ауылда ауыз су құбыры іске қосылды

4 ауылда ауыз су құбыры іске қосылды

Ауданымыздың биыл 6 бірдей елдімекеніне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауыз су құбырлары тартылуда. Өткен аптаның жұмасында Базартөбе, Қадырқұл, Қызылжар  мен Кеңсуат ауылдарында тұрғындардың пайдалануына берілсе, жыл соңына дейін Жамбыл мен Битілеу  ауылдарында бұл жұмыстар аяқталады деп күтілуде.

2000-ға тарта тұрғыны бар Базартөбе ауылдық округіне қарасты Базартөбе, Қызылжар мен Қадырқұл тұрғындары осы күнді ерекше қуанышпен күтті. Мұнда былтырдан бастап жүргізілген су құбырларын тарту жұмыстары аяқталып, баспаналарға ауыз су қосылды. Осы үш елдімекен бойынша ұзындығы 70 шақырым су құбырлары тартылған. Республикалық бюджеттен 659 млн теңге бөлінген ауқымды жобаны облысымыздың бірқатар өңірлерінде су жеткізу жөнінде мол тәжірибе жинақтаған «ПМК-117» ЖШС жүзеге асырды.

Мұнда жерасты су көзі 27 метр тереңдіктен табылып, ауызсу сынақтан өткізілген. Қадырқұл ауылының тұсынан 3 шақырымдай қашықтықтан бес ұңғымадан тартылған судың дебеті секундына 2 литр. Әр ауылдың тұсына сыйымдылығы тұрғындар санына шақталған су резервуарлары орнатылған. Құрылысшылардың айтуынша, судың мөлшері үш ауылдың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге молынан жетеді.

Бір қуаныштысы, су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқан елдімекендерде жергілікті жұмыссыздарды қызметке қосу да жөнге қойылған. Осылайша Базартөбе ауылдық округінде 35 жұмыссыз маусымдық жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар сол күні Кеңсуат ауылында да осындай қуаныш орын алды. Айтулы күнмен ауыл тұрғындарын құттықтауға аудан басшысы Қалияр Айтмұхамбетов барды. -Баршаңызды көптен күткен бүгінгі қуанышпен құттықтаймын! Таза ауыз су – денсаулықтың, бақуатты тұрмыстың  кепілі. Ауданымызда бұл бағытта қарымды істер қолға алынуда. Ауыл-еліміз көркейіп, дами берсін, — деді өз сөзінде Қ. Шадиярұлы. Ол құрылысты уақтылы әрі сапалы жүргізген мердігерлер «ПМК-117» ЖШС және «Сәт-Сервис»  ЖШС өкілдеріне алғысхат табыстады.

Аудан басшысының айтуынша, бүгінде 31 ауылда ауыз су мәселесі шешілген, яғни тұрғындардың 89,4 пайызы таза ауыз сумен қамтылып отыр. Мысалы, былтыр Шабдаржап, Томпақ, Жайық елді мекендері жұрты осы жақсылыққа кенелді. Биыл Битілеу және Жамбылға таза ауыз су апару жұмыстары жасалмақ. Сонда аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 93,1 пайызға жетеді деп жоспарлануда.

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ