13.07.2020, 9:43
Қараулар: 183
Береке басы бақшада

Береке басы бақшада

Бүгінде аудан аумағында  бақша шаруашылығының көкжиегі кеңейіп келеді. Бұрын бұл істі басым бөлігі шаруа қожалықтары қолға алса, қазірде күнделікті дәруменге бай көкөністер мен бақша өнімдерін базардан алғаннан гөрі, ауласында өсіруге ниеттенгендердің қатары қалыңдап келеді.  Негізінен, арық жүйесі бар ауылдарда тұрғындар өз ауласына ексе, биыл Бударин, Жамбыл, Көнеккеткен, Мерген, Сарытоғай, Тайпақ, Чапаев ауылдық округтерінде  көлемі 15,1 гектар құрайтын  ұжымдық бау-бақша ұйымдастыруға жағдай жасалды. Суы мол өңірлерде бау-бақшаны жайқалту қиынға соқпайтыны аян, дегенмен не тоған-көлі, не арығы жоқ көнеккеткендіктер мен сарытоғайлықтардың ұжымдық бақшаға ден қоюы – ауласын қылтанағы жоқ тақырға айналдырған кейбір жандарға сабақ болар шаруа.

Ұжымдық бақшалардың басында мамыр айының соңында басталған тірлік енді қыза бастады. Қиярдан алғашқы өнімдерін алған бақша иелері қызанақ пен тәтті бұрыш, карбыз бен қауыннан да дәм татар күн алыс еместігін айтады. Айта кетелік, аудан бойынша 65 отбасы осындай қосалқы бақшада картоп, көкөніс, бақша өнімдерін өсіруде.

Чапаев ауылдық округінің жанында 30 шақты үйелмен ұжымдық бақшаны бірлесіп, салған.  Чапаевтық бағбандардың көпжылдық тәжірибесінен түйгені – кеткен шығын толығымен ақталады. Олар бақшадан түскен өнімді қысқа қамдаса, артығын базарға апарып, сатады. Бұл да болса, отбасылық бюджетке ерекше көмек, әрі үлгі етерлік тірлік.

Әсем ЕСБЕК