13.07.2020, 9:48
Қараулар: 92
Жайыққа тақтайдай жол төселді

Жайыққа тақтайдай жол төселді

Жайық ауылында елдің  көптен бергі тілегі орындалды. Ауыл мен аудан орталығының арасын байланыстыратын 3,2 шақырымдық жол жөнделіп, ауыл тұрғындарының қуанышын аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бөлісуге арнайы барды.  Осы жолдың ашылу құрметіне және Астана күніне орай барлық санитарлық талап-шектеулерді сақтай отырып, велошеру ұйымдастырылды. Чапаев ауылынан тақтайдай тегіс жолмен Жайық ауылына әп сәтте жетіп барған спортшыларды ауылдың кіреберісінде тұрғындар асқан ілтипатпен қарсы алды.

Аудан әкімі Қалияр Айтмұханбетов жайықтықтарды қуаныштарымен құттықтап, елдегі атқарылған өзге де игі істерді баяндады.

Қыста қарға, көктемде балшыққа бататын жолдың азабынан құтылған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. «Бұл жолдың жөнделуін ауыл тұрғындары болып көптен тілеген едік. Жарты ғасырдай мүлде жөндеу көрмеген жол адам мен көліктерді біраз әбігерге салатын Жаңбыр жауғаннан кейін батпағы мидай езілген жолда көліктер батып, ауылдан шыға алмай қиналған кезіміз артта қалды. Жолдың жөнделуіне ықпал еткен аудан басшылығы, жөндеу жұмыстарын жүргізген компанияға алғысымыз шексіз. Өзім отыз жыл бойы екі ауылдың арасында жолаушы тасымалдайтын автобустың жүргізушісі болып еңбек еттім. Қазір керемет, жаңа жолмен ауылдан аудан орталығына дейін 10-ақ минуттың ішінде жетуге болады», — дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Жұмабай Жармұханбетов.

Еске сала кетейік, мамырда басталған жол құрылысы жұмыстары 4 айға жоспарланса, мердігер компания «ТОБИ» ЖШС тыңғылықты қызметінің арқасында жөндеу жұмыстарын 2 ай мерзімге ерте тәмамдады.  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 2 238 000 теңге қаражат бөлінген, тап осындай жұмыстар Ілбішін, Жаңабұлақ ауылдарында қолға алынған. Бүгінгі таңда Чапаев, Тайпақ ауылдарының ішкі жолдарын жөндеуге жобалық- сметалық құжаттар дайындалуда.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ.

Суретті түсірген Нұрәлі ӘЛІМ