13.07.2020, 9:52
Қараулар: 183
Игі істер еріктілердің еншісінде

Игі істер еріктілердің еншісінде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, айналасындағыларға жәрдем беріп, өз еріктерімен қоғамға пайдасын тигізетін жандардың мәртебесін көтерді. Әдетте еріктілер десе, ойымызға жігері жалын жастар оралады. Бұл заңды да. Себебі түрлі шаралардың басы-қасында жүріп, әр істің мән-маңызын арттыруға да септесетін өрімдей қыз-жігіттер. Еріктілерге арналған жылдың бел ортасына жеттік. Ауданда жыл аясында атқарылған қам-қарекеттермен, еріктілер қозғалыс қолдау бойынша қолға алынған істермен таныспақ ниетте аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының міндетін  уақытша атқарушы Ақұштап Нұрлыбекқызынан сұхбаттастық.

– Жыл аясында еріктілер қозғалысына ерекше мән берілуде. Оқырманға түсінікті болсын, ЕРІКТІ дегеніміз кім, ЕРІКТІЛЕР қозғалысы деген не?

Еріктілер — қандай да бір шара мен  жұмыстарды, оларды ұйымдастырып, жүзеге асыруға ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, өз еркімен септігін тигізетін  қарапайым, істеген жақсылығы мен атқарған жұмысы үшін ақыны қажет етпейтін  жандар. Бүкіл әлем бойынша қоғамға мен қажетпін, маған қоғам қажет деп әрекетіне ақша сұрамай қарекет қылатындардың қатары жыл  сайын қалыңдап келеді. Бір ерікті түрлі қоғамдарға мүше болып, сол ұйымның жұмысын жандандыруға барын салса, енді бірі айналасындағылармен өз білім-біліктілігімен бөлісіп, олардың ой-өрісінің жетілуіне осылайша ықпал етуде. Еріктіліктің сала бойынша түрлеріне тоқталсақ, әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және т.б. болып бөлінеді.

Яғни ерікті болу- өз белсенділігі мен беделін көтерумен ғана шектелмей,  адамдарға көмек қолын созып, түрлі  мәселелерді бірге шешуге бағытталған жұмыс. Сондықтан жастар өздерінің бос уақытын еріктілікке жұмсауды пайдалы іс деп біледі.

Ауданымызда еріктілер қозғалысын жандандырып, түрлі шараларға қолдау көрсетіп жүрген жастар аз емес. Олармен жылға атқаратын жұмыстарымыздың бағытын саралап, міндеттерді айқындау мақсатында ақпан айында слет өткізілді. Мұнда барлық ауылдық округтен 411 ерікті бас қосып, әрқайсысы өздерінің жоспарларымен бөлісті.  Әрі облыс бойынша еріктілердің басын біріктірген сайт ашылып, түрлі салада өз көмектерін көрсететін адамдар сонда тіркелді, әрі бұл платформада  қажет істе қолдау көрсете алатын еріктіге тікелей хабарласудың мүмкіндігі бар.

– Әлем елдерін үрейлендіріп, ажал құштырып жатқан індет байтақ елімізді де құрсауға алды. Індетті тек бірігіп жеңу ғана мүмкін. Осы тұста еріктілерден де жеке бастарын қауіпке тігіп, көпке көмек көрсетуге тура келгеніне куә болып жүрміз. Осы бағытта толығырақ айтып кетсеңіз.

Жалпы аудан бойынша  35 топқа біріккен 500-ге тарта ерікті бар. Осындай қиын-қыстау кезеңде олар  мұқтаж жандарға көмектерін аяған емес. Тізбектеп айтар болсақ, Чапаев ауылының 1994 жылғы жастары  3 отбасыға тегін азық-түлікпен жеткізсе, Алмалы ауылдық округінің тұрғыны, студент Әсел Майнешева 3 отбасыға өз қаражаты есебінен тамақ-сумен көмегін тигізді.  Көнеккеткенде 4 студент  ауыл тұрғындарына қолдау көрсетіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Осындай мысалдарды әр ауылдан келтіруге болады. Жалпы алғанда, аудан бойынша жанашыр жандардың көмегімен 246 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Еріктілік, қайырымдылықтың халқымыздың қанына сіңген қасиет екенін жастар осылай дәлелдеуде.

Еріктілерден құралған жасақ елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күннен бастап, полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдық тәртіпті қадағалады. Олар  учаскелік полиция инспекторларымен бірге карантинге байланысты енгізілген шектеулер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қолы шебер тігінші қыздарымыз 700-ден астам бетперде тігіп, оны ауылдастарына тегін таратты. Осы ретте айта кетейін,  кейбір ауыл тұрғындарының ескертулерге құлақ аспай, қарсылық танытып жататынын әбден қынжылтады. Осындай жағдайлар тіптен көп. Халық көп шоғырланатын жерлерде бетпердесіз жүруге болмайтынын, банк, поштада кезекте тұрғанда арақашықтықты сақтау керектігін жай ғана ескерткен қыз-жігіттерге үп-үлкен кісілеріміздің дүрсе қоятыны әбестік  емес пе?! Осыған қарамастан, жастар тұрғындарды сабырға шақырып, осының барлығы уақытша екенін, сондықтан санитарлық талаптарды сақтап, карантин режимін бұзбау керектігін ұғындырудан танған емес.

Алмалы ,Тайпақ және Шабдаржап ауылының волонтерлік топтары еліміздің қауіпсіздігі мен адам саулығы үшін күндіз-түні тапжылмай еңбек еткен полицейлерге, дәрігерлерге ыстық тамақ апарып, игі істің жалғасын табуына себепші болды. Ал Шабдаржап пен Тайпақ өңірінің жас еріктілері бейсауат жүріске тосқауыл қою мақсатында ауылдың кіреберіс жолдарына блокбекеттер қойды. Сонымен қатар әр ауылдың еріктілер тобы әлеуметтік әлсіз топтарға, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты зейнеткерлерге, жағдайы төмен  отбасыларға қайырымды жандардан түскен  азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті тауарлар, өзге де қажетті құралдарды жеткізуге үлестерін қосты.

– Еріктілердің жұмысын бірізділендіру мақсатында елімізде тұтас бір тұжырымдаманың қабылданғаны аян. Осы құжатта көрсетілген мақсат-міндеттердің орындалуы жөнінде ақпаратпен бөлісіп кетсеңіз.

Жыл бедерінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа салалары бойынша 7 жалпыұлттық жоба іске асырылуда. Осы жобалар аясында медицина, экология, әлеуметтік, медиалық, жануарларды қорғау, төтенше жағдай, өнер саласы, донорлық, спорттық, онлайн, этно-волонтерлік сияқты жұмыс түрлерімен айналысқан еріктілердің ісі құпталады.

Аудан бойынша еріктілердің күш-жігерін бір арнаға тоғыстыратын мазмұнды шаралар жүзеге асырылды. Мысалы, лейкемия мен қан тапшылығына зәру  балаларға қолдау білдіруге, әрі жәрдемдесуге бағытталған «Сенің күнің, Донор!» акциясында 40  ерікті қан тапсырды. Сонымен қатар «Саулық» және «Білім» жобалары бойынша жергілікті дәрігер мен  ұстаздар жерлестеріне өз септігін тигізеді. Әлі де талай шаралар жоспарланған еді, алайда еліміздегі болып жатқан ахуалға сай, көбін онлайн түрде өткізуге мәжбүр болдық.  Солардың бірқатарына тоқталып өтсем. Кәсіп ашуға ниетті жастарымызға  арналған кеңесті тікелей эфирде жүргізіп, арнайы маман иелерімен байланысқа шығып, талқыладық. Жастар арасында үш кезеңнен тұратын «1001 мақал, 101 жұмбақ» атты онлайн викторинасы өтті. Сайысты 108 адам тікелей эфирде тамашалап, 10 адам қатысты. Осындай түрлі конкурстар мен жарыстар ұйымдастырылып, оны әлеуметтік желі арқылы өткізіп отырмыз. Жыл басынан бері аудандағы еріктілер тобы 125 шараны ұйымдастырып, оған 3935 адам қамтылды.

Алдағы уақытта еріктілермен бірлесе, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің туған жеріне саяхат жасауды жоспарлап отырмыз. Шектеу шаралары алынса,  Шалқар көлінде белсенді еріктілердің демалысын  ұйымдастыруды да ойластырдық. Ал жылдың қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттап, «Волонтерлер балы» кеші өткізіледі.

– Мемлекет тарапынан тек еріктілерді ғана емес, жалпы жастарды да қолдауға бағытталған бағдарламалар жетерлік. «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» сынды бағдарламалар бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Елдің қуаты мен қозғаушы күші жастардың ауылға тұрақтауына жағдай жасау және жас мамандарды қолдауды мақсат ететін «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  әртүрлі сала мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары жыл сайын жалғасын табуда. 2020 жылдың басынан бері 50 маманға 13  млн. 382 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 52 жас маман  жолданса, қоғамдық жұмысқа 36 жас бағытталып, 15-і  тұрақты жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар биыл студенттік құрылыс жасақтарының жұмысы жанданып, олар ауданда жүзеге асырылған құрылыс жұмыстарына тартылуда. Енді студенттер жаз бойы елдің игілігі үшін еңбек етеді,  әрі тәп- тәуір табыс та табады. Айталық, бір студентке мердігер ай сайын 85 мың теңге жалақы төлейді, әрі өзі тұратын елдімекеннен шетқары қызметке тартылса, оның жататын тұрағы мен тамағын да қамтамасыз етуі тиіс. Мысалы, Алғабас ауылындағы  мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 5 студент тартылған.  Олар сылау, тазалау жұмыстарына көмектеседі. Ал Жамбыл ауылдық мәдениет үйінде Чапаев пен Ақжол ауылдық округтерінен 4 студент  жұмыс істеп жүр.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Ләззат САМАТҚЫЗЫ.