13.07.2020, 10:02
Қараулар: 295
Бала биттегенше, ата-ана ай қарап жүр ме?

Бала биттегенше, ата-ана ай қарап жүр ме?

Аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мәжілісін өткізді.

Кезекті бұл мәжілісте мына жағдай талқыланды: 2020 жылдың 29 маусым күні аудандық орталық ауруханадан білім бөліміне Чапаев ауылының тұрғыны 2016 ж.т. А.есімді бүлдіршін қыздың денсаулығына қатысты хат түскен. Хатта дерматологтың қабылдауына келген қыз баланың желкесіндегі жараның құрттап, басы түгел биттегені жазылып, дабыл қағылыпты. Ең сорақысы сол, басын тескен құртты анасы емес, жеңгесі көріп, дереу дәрігерге алып барыпты. Жеңгесінің  айтуынша, қыздың анасы балалардың тазалығына мүлдем қарамайды екен.

Хат аудандық білім бөліміне түскен бойда-ақ білім бөлімі, аудандық аурухана, аудандық полиция бөлімінің өкілдерінен комиссия құрылып, қыз баланың тұрғылықты мекенжайы бойынша үйдің тұрмыстық жағдайы тексерілді.  Әкесі Е, 1977 ж.т., анасы С, 1977 ж.т., жұмыссыз, үй шаруасында.  Некеге 2008 жылы тұрған. А-дан бөлек мектептің 2-сыныбында оқитын Н. есімді қызы бар. Үйлері мектептен қашық болған соң, оқу кезінде аға-жеңгелерінің үйінде тұрады екен, қазір жазғы демалыста ата-анасымен бірге. Анасынан қызының қандай ем алып жүргенін сұрағанда, оның бала күтімімен айналыспайтындығы байқалды. Ол барлық ем-домды абысынының жасайтынын айтып, отағасы екеуі көбіне үйде болмайтындықтан қыздары қараусыз қалғанын айтып ақталуда. Тексеріспен барған медбике анасына қыз гигиенасы туралы бірнеше кеңестер берді.

Жағдайды таразылай келе, комиссия балалардың педиатрдың бақылауына алуға ұйғарды, білім бөліміне балалардың жай-күйін бақылап тұруды тапсырды.

Әсел САҒЫН