13.07.2020, 10:07
Қараулар: 219
Онлайн өтсе демалыс

Онлайн өтсе демалыс

Биыл ауданымызда 1-10 сынып аралығында6111 оқушы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жазғы демалыстарын үйлерінде өткізуде. Сондықтан  мектеп жанындағы лагерлер өз жұмыстарын онлайн форматта ұйымдастырылуда. Дегенмен, демалыстың көркі  лагерь емес пе, ұл-қыздардың осы жазды ойдағыдай, пайдамен өткізу үшін мұғалім, тәрбиеші қауым түрлі әдіс-тәсілдерді қолға алып, барын салуда.

Бұрыннан да мектеп оқушылары жазғы демалыста тыныққанымен қатар, білімдерін  толықтырып, жыл бойына оқығанын қайталап, пысықтайтын. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, бастауыш сынып мұғалімдері, қосымша білім беру педагогтары, кітапханашылары онлайн лагерьде оқушыларға қызықты да, мазмұнды ойындар, тренингтер, тақырыптық шаралар және балалардың денсаулығын нығайту мен  салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорттық шаралар ұйымдастыруда.

Айта кетсек, аудан оқушылары 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Барлығы балалар үшін» атты республикалық акция аясында «Бақытты балалық шақ» деген ұранмен онлайн суреттер топтамасы жасақтап, әлеуметтік желіде жарияланған шығармалар көпшіліктің ықыласына бөленді. Осымен бірге  көркемсурет үйірмелеріне қатысушылар арасында «Ризамын бүгінге» атты суреттер байқауы ұйымдастырылды. «Балалар жүрегімен»  тренингінде әрбір балдырған туған ауыл, отбасы, мектебіне деген ықыласын бейнебаян арқылы жеткізсе, балалар мерекесінде ұл-қыз асфальтқа сурет салып, түрлі танымдық ойындардың қызығына батты. Мейрамға орай жерлестерінің құттықтауларын жеткізіп,  шағын онлайн-концертпен қуантқан  мектеп ұстаздарына ата-ана, балалардың ризашылықтары зор.

Онлайн шаралардан бөлек балаларды еңбекке тәрбиелеу мақсатында да көптеген жұмыс жоспарланған болатын. Солардың бірі – оқушылар “Өз аулаңды гүлдендір” акциясына белсенді қатысып,  ата-анасымен бірге ауылының ажарлануына өз үлестерін қосты. «Өлкетану» үйірмесінің  жетекшілері Базаршолан елдімекенінің тарихын тереңірек білу үшін Ғ.Махамбетов атындағы орта жалпы білім беретін мектептің «Шежіре» музейіне онлайн саяхат ұйымдастырды. «Отбасылық –ас үй» шеберлік сыныбында оқушылар тағамның түрлері, дәмі тіл үйіретін салаттардың рецепттерімен өзара бөлісті.

Қосымша білім беру педагогтары ұйымдастырған «Рәміздерім – мақтанышым» тақырыбындағы оқушылардың қолынан шыққан суреттер көрмесі жас ұрпақтың еліміздің рәміздеріне деген құрметін  айғақтады. Ал Елордамыздың туған күні қарсаңында 1-4 сынып  бастауыш балалары әлеужелідегі тұрақты оқырмандарына «Нұр-Сұлтан — болашақ қаласы» тақырыбындағы суреттерін және өздері монтаждаған бейнеролигін ұсынды.

Жаздағы жақсы демалыс — оқушыға жыл бойына жетерлік күш–қуат, сондықтан ұстаздар балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, дүниетанымының артуына, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін, денінің саулығын арттыруға мейлінше жағдай жасауда.

Әсия ТӘТЕНОВА,

аудандық білім бөлімінің бас маманы