13.07.2020, 10:10
Қараулар: 165
Абай хәкім үлгі еткен әділдік

Абай хәкім үлгі еткен әділдік

Біз данышпан Абайымызды ұлы ақын дейміз, философ, хакім  дейміз.  Ал халқымыздың біртуар перзентінің заманды, қоғамды, адамды түземек мақсатында заңгерлік ғылымына аса терең үңіліп, ізденіп қана қоймай, қазақтың бұрынғы билік жүйесіне көп өзгерістер енгізіп, өз алдына заң жазып, оны іс жүзінде орындап, қара қылды қақ жарған әділ би ретінде танылғанын екінің бірі біле бермейді-ау.

Абайдың он үш жасында билікке араласып, дауды шешуге қатысқаны, кейін аймағына «Төбе би» атанғаны, кемеліне келген шақта халқымыздың көне жарғы, заңдарын оқып, өзі де заман талабына сай олардың жобасын жазғаны бар емес пе? Ендеше, Абайды да билердің санатына қосып, қазақтың заң- жоралғыларын, әдетін жазуда өзіндік орыны бар адам ретінде бағалауымыз қажет. Ел ішінде « Абайдан сөз артылған ба?»деген нақыл бар. Ал ұлы жазушы Мұхтар Әуезов  болса: « Абай-мұхит, ал мұхитты сарқуға бола ма?» деген екен.

Ендеше, Абай шығармаларынан өмірдің кез келген тыныс- тіршілігі мен соқпағынан іздеген дүниемізді, қажет ұлағатты таба аламыз. Солардың бірі- Абай жазып кеткен заң және билік тақырыбы.

Тарихи деректерге сүйенсек, ұлы ақын жазған «Қарамола» немесе «Шар» атауын иеленген «Ереже» 1885 жылы мамыр айында Абайдың ұсынысымен Семей өңіріндегі Қарамола дейтін жерде бес дуан елінің билері мен құрметті азаматтары шақырылған съезінде тасқа басылған күйінде кеңінен таратылып, үлестіріліп берілген және осы съезде қабылданып бекітілген.

Қазақтың құқық тарихында тұңғыш рет тасқа басылып шыққан бұл ереже ХІХ ғасырдың аяқ кезінде қазақ даласындағы айтулы оқиғаның бірі болғаны анық. Абайдың түйіндеуінше , заң – әділдікке жеткізетін, бейбітшілік пен тыныштықты сақтайтын тәртіптер мен нормалар жиынтығы. «Ережеде» осы қағидалар берік ұсталынған. Ол 73 баптан тұрады.

Семей губерниясына қарасты бес ояздың би-болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде 1885 ж. мамыр айында өткен төтенше съезіне биыл 135 жыл толды. Бүгін мен қазақ тарихында ойып орнын алатын Қарамолада жазылған ереже жайлы әңгіме қозғамақпын.

Қазақ тарихында Шербешнай съезі, Шар съезі, Қарамола съезі сияқты бірнеше атауға ие тарихи оқиға бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өз бағасын алуы қажет. Себебі  назардан тыс қалған Абайдың қайраткерлік қызметіндегі ерекше сала – осы «Қарамола ережесі». Бұл «Ереженің» 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында араб әрпімен басылып шығарылған мұқият түптелген шағын кітапша түріндегі бір данасын белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне табыс еткен екен. Құжатпен бірге белгілі қаламгер Сапар Байжановқа төмендегідей хат жолдапты: «Сапар, 1885 жылы Қарамолада бес дуанның съезінде қабылданған ережені беріп жібердім.

  1. Ескіше білетін біреуге түгел жаңа алфавитпен көшіртіп аларсың да, бастырып шығарарсың (көшірмесін мұқият қарау керек болар)
  2. Ереже әуелі орысша басылған, Қазан университетінің архивінен сол түпнұсқасын да алдырғаның дұрыс болар.
  3. Бұл өте мағыналы нәрсе ғой, екі тілде де басылып шыққаны үлкен еңбек болар еді. (Басқа көршілес бауырларымызда бұндай заң қабылданбаған ғой).

Абай арызын алдым. Рахмет. Ғабит Мүсірепов. 21.11.85.

Р.С. Көшіргенде татарша текстің өзін қазақшалаған дұрыс болатын шығар. Ғ.М.»

Өткен ғасырдың аяғында Қазан қаласында араб әрпімен басылып шыққан қазақ тіліндегі тұңғыш праволық құжат Қазақстан Орталық архивінің қызметкерлері Б.Байғалиев пен Ж.Ахмадиевтің күшімен қазіргі қазақ әрпі мен әдеби тіліне икемдей көшіріліп, 1992 жылғы Абай журналының №3 санында алғаш рет жарияланды.

Оқиғаның желісін баяндай кетсем… 1885 ж. Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан елдің ол күндегі әдеті бойынша бас қосқан Шербешнай съезі болады. Осыған Абай да келеді. Семей облысына қарасты бес уездің съезіне Абай би емес, Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде шақырылған. Бұған аталған съезді қабылдаған Ереженің соңына жазылған тізімдегі аты-жөні дәлел.

Орайы келгенде айта кетуіміз керек, ғалым Бейсенбай Байғалиев «Абай өмірбаяны архив деректерінде» атты кітабында: «Құрметті қазақ» — ел ұғымындағы ауылдың сыйлы ақсақалы, кез келген беделді адамы емес, жергілікті әкімшілік тарапынан ұсынылып, дала губернаторы бекітетін атақ-дәреже. Бұл дәреже өкімет алдында ерекше еңбегімен көзге түскен қазақтарға ғана берілген», — дейді.

Бұл уақытта Тобықты ішінде Абайға жау болып шыққан кісілер өздеріне іштей ниеттес, тілектес кісілерді басқа елдерден де тауып алған деседі. Бұрын Абайдың шет елдегі достары көп болса, сол достарына өшіккендердің барлығы да енді Абайдың Тобықты ішіндегі жауларымен тіл табысып, солардың қарасын көбейтіп, табын молайтса керек.

«Шербешнайға жиылған топтың ішінде Абайға қастық ниет ойлайтын осындай адамдар Қарамолаға келетін жандаралдан оны жазалайтын қаттылық күткені анық. Абай айдалар деп те үміт еткендер де болды. Сонымен жандарал келіп Тобықтының адамдарын жағалай жүріп, әрқайсысымен танысып келе жатып, Абайға келгенде; « Ел бүлдіргіш Құнанбаев сенбісің?» дейді. Абай «мен» депті. «Сіз неге ондай болдыңыз?» дегенде; «Мен алысамын, Дүниеде жанды-жансыз мақұлықтың барлығы да алыс-тартыспен тіршілік етпей ме?Мен ғана емес, тіпті, өзіңіз де алысасыз, Ваше превосходительство» дейді. «Сені ел неге көп жамандайды?» дегенде; «Тірлікте жауыздық көп пе? Жақсылық көп пе? Менің білуімше, жауыздық пен жауыздар көбірек. Ел көп, мен жалғызбын, көп әрқашан тентек, бұзық, бұзық көппен алысқан жалғыз жаманатты болмай тұрмайды. Қай қауымды алсаңыз да, жақсысынан жаманы көп емес пе? Бірақ, көп екен деп жаманның сөзін мақұлдау керек пе?» депті. (М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы,3-ші кітап, Алматы «Жеті жарғы», 1997, 279 бет)

Осы сөздерден кейін «Абайды не қылар екен» деп анталасып, асығып күтіп тұрған елдің барлығының көзінше жандарал Абайды өзіне тіккен үйге ертіп жүріп, ұзақ әңгімелесіп отырып қалады. Аздан соң, шәй ішіп шыққанда елге «сиезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын әперіңдер, сиезді жақсы өткізу үшін Абай сияқті кісіні төбе би сайлаңыздар» дейді. Сөйтіп, Семей губернасиясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезде Абай төбе би болып сайланады. ( М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы,3-ші кітап, Алматы «Жеті жарғы», 1997, 288бет)

Бұл оқиға білімділігі, даналығының арқасында Абаймен алысқан кісілердің онымен тең түсе алмай, ұлық алдына келгенде, жеңіліп шығатынын дәлелдейді.  Съезді Семейдің генерал-губернаторы, генерал Цеклинский басқарыпты. Бұл жәрмеңкеде өткен съезде Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы арнайы заң ережесін қабылдауды ұйғарады.

Цеклинский Абаймен жолыққанда, Абай жалпы қазақ даласын орыс заңдарымен ғана басқаруға болмайтынын, халықтың өзінің ерекшеліктері, атадан балаға ғасырлар бойы мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпы, заңдары барлығын, көп мәселелерді қазақ ішінде осы заңдар негізінде шешуге болатындығын айтады.

Бұл кезде Абайдың басына қара бұлт үйіріліп, кейбір атқамінерлер Абайды осы жиында құртамыз деп келген еді. Керісінше, Абайдың патша ұлықтарымен жолыққаннан кейін әлгі адамдар Абайды «Төбе би» етіп сайлайды. Абай Шар бойында бірнеше адамды ғана көмекке алып, небары үш күннің ішінде 100-ден артық баптан тұратын заңды жасайды.

Абай қазақтың бұрынғы заңдарын жетік білетіндігін, сонымен қоса орыс заңдарын да терең меңгергенін көрсетіп, екеуін де үйлестіре отырып, өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі қазақ қоғамына лайықты заңнаманы құрастырды. Осылайша үш күн, үш түн ішінде Қарамола съезіне  арнайы заң ережесі жасалып, билер талқысынан өтеді. Абай жазған қазақтың жаңа заң ережесі (73 статья) қабылданады.

Абаймен бірге Қарамолада болған Мүсірәлінің айтуынша, Абай тізген ережедегі баптардың саны жүзден асса керек. Шамасы келгенше көпшілік үшін әділет іздеген Абай  қылмыс пен әйел мәселесіне арнап екі жаңа ереже шығарыпты.

Абай сонымен қатар ел билеудің әбден ескірген әділеттік, құқықтық жүйесіне сай заң нормаларын заман талабына сай жаңартады. Бұл қазақ қауымына сіңіп кеткен  керітартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын өзгеше құжат еді. Абай қазақ қоғамында әділеттілік пен тұрақтылықтың белгісіндей болған, ежелден келе жатқан билер институтының адамгершілік, һәм құқықтық мұрасын барынша игерді.

Сонау ХІІІ ғасырда билердің атасы атанған Мөнке бидің тәжірибесін, «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Тәуке хан тұсындағы ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтекелер дайындаған «Жеті жарғыдан» рухани сусындады. Мұның бәрі Абайды би ретінде ерте танылуына ықпал етті.

Любовь Ахатова,

Тайпақ орта жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі.

Қарауылтөбе.

(Жалғасы бар)