13.07.2020, 10:13
Қараулар: 203
Ұяңды бұзба, ағайын!

Ұяңды бұзба, ағайын!

«Жайық таңы» газетінің өткен санында «Ене дана, келін дара болса, шаңырақ шайқалмайды» деген мақаланы оқып, неше түрлі ойға қалып, қолыма қалам алуыма тура келді. Осы мақаладағы тақырыптың астарының өзінде көп мағына жатқан сияқты. Я, ене дана, келін дара болса, шаңырақ неге шайқалсын?!

Әрбір жаңадан құрған отбасы – жас мемлекетіміздің уығы. Олай болса, сол шаңырақтың иелері ата-ене, бала-келіндердің бір-біріне жарасымды сыйластығын әулетінің береке-бірлігі деп білуі заңды. Осы мақаланы оқып отырғанда, 2017 жылдан осы жылдың 5 айына дейін 180-ге жуық отбасы ажырасқаны туралы статистикалық дерек жағаны ұстатады. Сонда деймін, осы ажырасқан отбасының баласының тірі жетім, әйелінің күйеуі барда жесір атауын кімнен көреміз. Ей, келінжан, қарағым, айырылысуға арыз берерде, аз да болса ойланбадың ба?!  Шөкімдей ақылың болса, «үй ішіндегі азын-аулақ кикілжің үшін балам жетім қалады-ау, ертең ер жетіп, әкесін сұрап, мені кінәлап жүрмей ме» деген ой мазалау керек еді ғой.

Ал  есіктен баласын көтеріп кетіп бара жатқан келін мен нәрестенің көз жасы әжесін қалай тебірентпейді?! Жүрегінің жартысы жұлынып бара жатқан жоқ па, ақыл қайда, өмірден көргенің, білгенің қайда, қалай дәтің шыдап отыр, ене атанған әйел?! Осы турасында қазақта «Білгенің қайсы, білмегенді кешірмесең» деген мақал бар. Бар білгенін жаңа түскен келінге үйретуге шамданып, күнде сөгіп, шымбайын тиетін балағаттарды үйіп төгетін енесымақтарға қатысты айтылған-ау, шамасы.

Кезінде «сүйдім, күйдімге» салып, өліп өшіп, сүйіктісін қолына түсірген жігітке айтарым: «Үйленердің алдында не ойладың?». Отау құрып, тойды өткізген күннен бастап, сен шаңырағыңның отағасы атандың, яғни жан жарың мен дүниеге келер сәби үшін жауаптысың. Сол жауапкершілікті көтере алмасаң, еркек атыңнан садағам кеткір. Біреудің  мәпелеп отырған қызын келін етіп әкеліп, «шешеме жақпады» деп жібере бересің бе? Баяғыда Бөлтірік шешеннен біреу сұраған екен «адамның жауы не» деп, сонда шешен «Адамның жауы тіл, – деп жауап беріпті, – сөзден ауыр зат жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл». Бүгінгі ене мен келін осы қағиданы ұстаса, мынадай жағдай болмас та еді деп ойлаймын. Бәріміз де анамыз: ұлымызды ұяға, қызымызды қияға жіберіп, немере-жиен өсіріп отырмыз.

Отбасының осындай келеңсіз жағдайы әр ананы толғандырары хақ. Жасы болса, 90-ға таяды, өмірде көрген-білгеніміз баршылық. Кетіп бара жатқан сәбилердің көз-жасын ойлағанда, жаның ауырады. Тұрмысқа шығып бара жатқан қызға әке-шешесі «бар да, ұнамаса қайтып кел», «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» дегеннен көрі «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», «қайтып келген қыз жаман, ол үй саған мәңгілік үшін» деген сөздерді айтуы керек.

Сөзімнің соңында келіндеріме айтарым: «Қарағым, өзіңе жар табылса да, балаға әке табу екі талай. Балаларың сен тапқан еркекті  әке, ал азаматың өзгеден туған баланы өзімдікі деп қабылдамай жатса, азабын өзің көресің. Ондай жағдай өмірде көздеседі. Ажырасуға қадам басарда, көп ойланып, көп толғанып барып, шешім жасау керек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, адам қателеспейді емес, қателеседі, сол қатесін түзеуге қадам жасаса, бала жетім, ана  жесір болмас еді. Ойланайық ағайын!

Раушан  СЛЕМҒАЛИЕВА

тыл, еңбек ардагері,

Чапаев.