13.07.2020, 10:15
Қараулар: 189
Сағынышпен еске аламын сол жылдарды

Сағынышпен еске аламын сол жылдарды

Мен Атырау облысы, Индер ауданы, Аққала ауылында 1942 жылдың 1 ақпанында дүниеге келіппін. Әкем соғысқа кеткенде мен небары бес айлық сәби екенмін. Жұмыссыз қалған анамды бес баласымен бұрынғы Микоян (қазіргі Шабдаржап) ауылында тұратын інісі Сағынғали Берікқалиұлы паналатады. Содан бергі  64 жыл ғұмырым өткен өңір маған қашан да ыстық. Әкеміз соғыстан аман-есен оралып, 1954 жылға дейін колхозда шопан болды. Анам Бәтима Берікқалиқызы 1988 жылы 85 жасында Тайпақ (Қалмыков) ауылында қайтыс болды. Үш жасынан бергі өмір жолын жатқа айтып, күн арата қайталап отыратын өте әңгімешіл, зерек жан болатын, жарықтық. Менің де анама тартқан тұсым осы: төрт жасымнан бергі өмір жолым есімде сақталды. 1946 жылы кіші інім Кенжеғали Жанан деген жерде өмірге келді. Сол жерде 6 үй малшы қыстап шығатынбыз. Үлкенді-кішілі 15 шақты бала үнемі бірге ойнайтынбыз. Соғыстан кейінгі қиын кезең, нан тапшы болса да, қой-сиырдың сүті бар, әйтеуір аш емеспіз. Әлі есімде, өгіз шанаға биік етіп тиелген шөмеледен  түсемін дегенде, қолы арқаннан тайып кетіп, анам сиырдың үлкен жамбасының үстіне арқасымен құлап, бел омыртқасына зақым келді. 6-ай мешел болып жатқаны әлі күнге көз алдымда.

1949 жылы Харькин жетіжылдық мектебіне оқуға бардым. Анам өте шебер жан еді, айналасын киізден ою-өрнекпен көмкеріп, әдемі сөмке тігіп берді. Мектепке барғанда оқытушылар мен оқушылар таңдай қағып еді. Саратов қаласынан педагогикалық училище бітірген Жалғас Сембаев, соғыстан офицер болып оралған Сүлеймен Сариевтар дәріс беретін. Халық ұстаз деп оларды әсте сыйлайтын.

Бір күні сабаққа келе жатсам, бір адам жағамнан ұстап көтеріп алып, «әкеңе ұқсап басынды төмен ұстамай, мына маған ұқсап, тік жүргейсің» демей ме. Қарасам, погоны жылтыраған, ұзын бойлы, келісті келбеті бар дәу қара. Артынан сұрастырсам, анамның туыс інісі, ішкі істер бөлімінің офицері Қуаныш Аманғалиұлы екен. Мені танып, жиен деп әзілдегені екен. Бойымды тік ұстап, әдемі жүруді сол нағашымнан үйренгенмін. Отбасымыз жиі көшетін, 7-класты бітіргенше 5 мектепті (Харькин, Елтай, Ленин жолы, Калмыков, Тайпақ) ауыстырып үлгеріппін. Осылайша жетіжылдық білімді 1958 жылы Тайпақтан тәмамдадым. Мектеп директоры Рахмет Хайретденов, мұғалімдер: Ш.Тайбагаров, М.Крымов, т.б. бізді білім алуға, салмақты өмірде қарапайым еңбекқор болуға үйретті, ізденіс, табысты еңбек қана абыройға жеткізетініне бағыттады. Сондықтан мен ең бірінші ата-анам, нағашыларым, екінші ұстаздарымдай болуды армандап өстім.

Одан кейінгі өмір жолдарым «Қаратай», «Өмір керуен» кітаптарымда жазылды. 16 жасымнан еңбекке араласқанмын. Адал еңбек, адамгершілік, қарапайымдылыққа баулыған жандарды енді кездестіріп, олардың айтқан әр сөзін сын деп қабылдамай, қайта жанашыр жанның ақылы деп ұғындым. Менің бітім-болмысымның қалыптасуына трактор бригадасының бригадирі  Қабден Малтабаров, ферма басқарушысы Сағын Берікқалиұлы, автогараж меңгерушісі Меңеш Құспанов, ұжымшар директорлары Жақия Исатаев, Торғай Ниязов, Тәтібай Сұлтанғалиев, Мәди Мусин сынды азаматтардың ықпалы зор болғанын мақтанышпен айтамын. №184 (21) кәсіптік мектепте мұғалім болған жылдарда мектеп директоры Серік Иманғалиев, оқу ісінің меңгерушісі Жасталап Оразғалиевтен үйренгенім мол. Бір жыл бес ай істегеннен кейін мені Тайпақ аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру меңгерушілігіне тағайындады. Сол жерде аудан жастарымен қоян қолтық араласып, бірталай тәжірибе жинақтадым. Аудандық комсомол комитетінің хатшылары Мәдениет Есенғалиев, Ағис Базарова, Сара Әжімдалиева, өзім тәрбиелеген, кейіннен аудан облыстық партия, совет органдарында жауапты жұмыстар атқарған Әлімгерей Сейіткереев, Айдын Сүлейменовтерге ризашылығым зор. Олар тек жұмыста ғана емес, қарапайым жолдас ретінде  өмірімдегі  жақсылықтардың куәсі бола білді. Кейін аудан көлеміндегі ірі кеңшарлардың бірі «КСРО-ның 50 жылдығы» атындағы Орал ұжымшарында хатшы, №21 кәсіптік мектепте директор, аудандық еңбек және жұмыспен қамту бөлімі, Тайпақ ауылдық округі әкімдігінде атқарған қызметімде халықпен етене араласып, олардың талап-тілектерін орындауда жұмыс тәжірибемнің ықпалы болғандығын айта аламын. Сол еңбектерді бағалаған болуы керек, аудан әкімдігі мен маслихат депутаттары «Ақжайық ауданының құрметті азаматы» атағын бергенде, төбем көкке жеткендей болды. Ризашылығым шексіз.

Бұл менің жеке атқарған жұмысыма ғана емес, жалпы Ақжайық ауданы халқының, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуі жолында аянбай қызмет еткен азаматтарға берілген баға деп түсінемін.

Әленғали КЕРЕЕВ,

Ақжайық ауданының құрметті азаматы,

Орал қаласы.