17.07.2020, 9:29
Қараулар: 183
Бай болғыңыз келе ме: тиын шашпай, үнем ет

Бай болғыңыз келе ме: тиын шашпай, үнем ет

Күнделікті өмірдегі әр қадамың ақшаға тәуелді мына заманда қаржылық тәуелсіздік деген ұғымның көп арасында кеңінен таралғаны заңдылық секілді. Оған жетуді армандамайтын адам кемде-кем. Тіпті сіз шіріген бай деп санайтын адамыңыз да сол көк бақыр тиынға өзін басыбайлы тәуелдімін деп санайтыны хақ. Байлықтың кілтін табуға жанұшырған әпенділер аз уақытта көл-көсір ақшаның астында қаласың деп уәде бергеннің жетегінде кетіп жатқаны да рас. Сонымен күллі жұрт аңсаған байлықтың кілті неде, саралап көрелік…

Трендке айналған тренинг

Дүниедегі ең оңай нәрсе – біреуге ақыл айту екені бесенеден белгілі. Бұрын ізінен ерген елге ақсақал ақылын айтып, жөн көрсетіп отырса, бүгінде осы қызметті тренингтегі тренерлер мойнына алған. Олардың ішінде қаражат табудың көздерін көрсететін, қалталы болудың жолдарын айтатын білгіштер де бар. Күнделікті жалақысы тамағына жетсе, киеріне жетпеген бейбақ осындайлардың жарнамасына сеніп, қолындағы азын-аулақ қаражатын солардың қалтасына өздері салып беретіні де – бүгінгі күннің көрінісі.

Мұндай тренингтердің бағасы да әртүрлі. Алдыңда көсемси сөз сөйлеп, «болашағыңа жол ашатын» адамның беделіне қарай 5000 теңгеден жоғарылай береді. Тек сізбен ғана жеке дәріс өткізеді деп дәмеленбей-ақ қойыңыз. Жүздеген адамды бір залға топырлатып, бар ілімін 1-2 сағаттың ішінде санаңа сіңіріп шығарады.

Бәрінің де бағасы бар нарық заманында тасып бара жатқан ақылына пұл сұраса, несі айып?! Тренингті өткізіп отырған адам қаржыгер емес, тек осы саланың бірнеше кітабын оқып алып, көпіріп ақыл айтушы ғана болып шықса ше? Қаржы тренингтерін жүргізетін шешендердің «бизнесі жоқ бизнесмен» екені, түсінікті. Кәсібі жоқ болғанымен, тренингтердің ең төменгі 5000 теңгелік бағасымен есептесек, 5 күндік курсқа 20 адам жиналса, олардың 100 000 теңгені қалтасына басары анық.

Бүгінде карантинге байланысты жүзбе-жүз өткізілетін осындай тренингтерге тыйым салғанымен, бұл көсемдер тығырықтан шығар жол тауып, оқыту курстарын онлайн ұйымдастырып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Мақаланы жазар алдында әлеуметтік желіні бір сүзіп, қаржылық сауаттылыққа баулитын курстарды бір саралап шықтым. Солардың ішінде алғашқы үш күні тегін бір курсқа жазылдым. «Қаржы сауыттылық» (орфография сақталған) деп аталатын 2 апталық курста тренер сізге оңай және еркін ақша жинақтау құралын ұсынып, отбасылық бюджетті басқару үлгілерімен таныстырады және қаржылық сауаттылық және өзін-өзі дамыту бойынша әдебиеттер тізімін береді екен. Комментарийлерге қарасаңыз, бүкіл Қазақстанның тұрғындары осы тренингтің қашан басталғанын күтіп жүрген сықылды. Бір посттың астында тренердің кемеңгерлігін мадақтаған 200-ге жуық жазба оқырманды еріксіз осы ойға әкеп саяды. Сонымен аптаның дүйсенбісінде таңғы сағат 6-да (ұстаздың айтуынша, таңғы сағаттар бар білім мен ілімді санаға сіңіруге ең бір қолайлы уақыт екен) мен алғашқы сабаққа қатыстым.

INSTAGRAM әлеуметтік желісінде тікелей эфирде өткен таңғы дәріске менімен бірге қателеспесем, 60 адам қатысты. Басталысымен тренинг өткізушіміз қазақтың менталитетіне келмейтін, бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шетелдіктердің әдістерін тықпаламайсың ба?! Орыс пен қазақ тілін араластырып, арасында мен мүлдем түсінбейтін терминдермен әрлеп те қояды арасында. Сізге өтірік, маған шын, салмақсыз әңгіме, болмашы дүние көп. Бәріміз білетін ақиқатты (білсек те, соны істеуге көбіміздің желкеміздің қыры жібермейді емес пе) қайта өңдеп, қисындатып, әспеттеп әлек.  Жұртты алдау ғана деп бағамдадым өзім. Сондықтан да асыл уақытымды өзге дәрістеріне сарп етпей, таңғы сабақпен шектелдім.

Жұрттың осындайлардың бәрін әулие деп ойлайтынын да тренингтің бір сабағынан ғана байқауға болады. Оларда бет түзеп, еңсе тіктеймін деген өздерінен де көп кемшіліктің  болуы мүмкін екенін көбісі аңғара бермейді. Міне солай.

Жаңа өмірді қарыздан бастасақ, байлық қайдан келсін

Өмірімде бір қатысқан тренингте айтылған дұрыс нәрсе – ақшаны шашу оңай, жинау қиын. Тоқсаныншы жылдардың қиындықтары ұмытылып, аузымыз енді майлана бастағанда, жоғарыда айтылған аксиоманы ұмыта бастағандаймыз. Шіркін-ай, сол күндерді бастап өткерсек те, қасықтан жиғанымызды  шөміштеп төгіп келеміз. Қаржы әлеміндегі басты қағиданың бірі – бар ақшаңды орын-орнымен шығындап, артылғанын жинау керек екенін білгенімізбен, оған құлақ асқатынымыз шамалы. Қайта «қазақтың қанына сіңген» деп, дәстүрімізді жаңғыртып, той, мерейтой, отбасылық қуаныштарды көппен бөлісіп, тойлап жатырмыз. «Көппен» дегеніміз, кемінде 150-200 адам.

Әрине, әр қазақ үшін той – қуаныш, мақтаныш, жетістік, жақын-жуықтың басын ақ дастарқанда қосып, ақжарма тілектерді естіп марқаю, үлкендердің батасын алу. Өзінің ел қатарлы еңбек етіп, өмірдің бір сатысын абыроймен өткердім деп жұртының алдында берген есебіндей. Дегенмен осы тұста халықтың арасында бәсекелестік белең алып барады. Індеттің салдарынан баласын үйлендірмей, қызын ұзатпай, тіпті немересін сүндетке отырғызбай, жақсы күндерді күтіп жүргендеріміз бар шығар арамызда. Сондағы жанымызды жегідей жейтіні – «Бас аман болсын, бір той жасауға шамам жетеді», «басқалар ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ақ түйенің қарнын ақтарып жатқанда, бейшара халде емеспін, өмірде бір болатын той!» деген жалған намыс. Ал сол тойды жұрттан кем қылмай, тіпті сән-салтанатын асырып өткізуге өмір бойғы жинаған қаражатты қиюдан тайсалмаймыз. Жиған-терген ақшамыз болса ештеме емес, шама-шарқымызға қарамай банктен несие алуға жүгіреміз. Осылайша көсілетін көрпемізді күмпитіп, бір күндің қызықты тойлаймын деп, үш жылға белшемізден қарызға батамыз.

Чапаев ауылының тұрғыны Бәтима Әсетова қай қуанышты да тойсыз-ақ отбасыңның мүшелерімен атап өтуге болатынын айтады: «Жылдың басында елуге толдым. Жартығасырлық ғұмыр – атап өтуге тұрарлықтай. Туған-туыс хабарласып, той үлкен көлемде тойлауымды өтінді. Бірақ мен той жасамайтынымды айттым. Сөйтіп, жұрт сияқты дүркіретіп, той жасағаным жоқ. Есесіне еш шығынданбадым, отбасыма, бала-келіндеріме салмақ түспеді, оларды  әуреге салмадым. Онысыма туғандарым да, көрші-көлем, құда-жекжат, әріптестерім, замандастарым да ренжіген жоқ және біреуі болсын неге жасамадың деп сұрамады да. Елуі түгіл, отызын  аста-төк той жасап өткізгендердің талайын көрдік. Көппен бәсекеге түсіп, бар ауқатын көрсеткісі келіп, бір тойға барын шашқанымен, «тойың тамаша өтті, осындай той өткізген мәрттігін-ай, кеңдігін-ай» деп бір қонақ та тамсанбады. Яғни, сен той жасайсың ба, жоқ па, онда ешкімнің шаруасы жоқ».

Үнемдеген үзілмейді

«Шығасы шықпай, кіресі кірмейді» деген нақыл сөз бар халқымызда. Бұл сөзді әркім өзінше ұғынатыны шүбәсіз. Айталық, бірі қолымдағыны жоймасам, келер жері кең болмайды деп түйсінсе, енді бірі кірісіне қарай шығынын есептейді. Расында, біз жіктеген екінші топтың ұстанымы – тиынсыз тұлпар да тұяғын көтермейтін бүгінгі заманға лайық қағида.

Бүгінде үнемдей білудің өзі өнер. Осыдан үш жыл бұрын жарық көрген Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында заманауи тілде «прагматизм» деп аталатын осы үнемге аса көңіл бөлді. Ол прагматизмге  өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, мақтаншақтық пен даңғазалыққа жол бермеу деп анықтама берді. Расында да, болашағыңды жоспарлай алу –  бар тапқаныңды үнемдеп, пайдаңа жарату деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік екенін ұғынатын уақыт баяғыда жетті.

Үнемнің пайдасы туралы пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) да өз хадисінде «Үнемдеген кісіні Алла байытады» деп, қолында барын үнемдей білген адам ешкімге қол жайып мұқтаж болмайтынына, өз отбасын толық қамтамасыз ете алатынына сендірсе, сахабасы Омар Ибн Хаттаб өз ұлына: «Әй, ұлым! Тамақты қарының тойғанша жеме, киімің тозбайынша, тастама, Алла берген ризықты тек тамағы мен киіміне жұмсаған қауымнан болма»,– деп, барша мұсылманға үлгі боларлық өшпес өсиет айтқан екен.

Айтқандай-ақ,  артық шығынға жол бермей, барымызды үнемдеп жұмсасақ, тірлігіміздің бақуаттанары анық. Үнемнен келер ырыстың мол екенін Шәкәрімнің «Шаруа мен ысырап» өлеңіндегі мына бір жолдар айғақтап тұрғандай:

Қайтер еді, жігіттер,

Тым қымбатты кимесек.

Мақтан үшін борышты

Үсті-үстіне үймесек.

Керім-кербез кей жігіт

Жек көреді-ау бүй десек.

Боламыз ба жазалы,

Шаруаны сүй десек.

Кел, арзандау киелік,

Кербездікті түр қылмай.

Ойланар кез болды ғой,

Орынсызды құр қылмай!

Әлия ШАРАПИЕВА