17.07.2020, 9:35
Қараулар: 199
Игі істер өркен жайған Жаңабұлақ

Игі істер өркен жайған Жаңабұлақ

Жаңабұлақ ауылы аудан орталығынан 15-шақырым қашықтықта Орал-Атырау тас жолының бойында орналасқан.  Жуырда осы ауылдың тыныс тіршілігімен танысудың реті түсті.  Ауылға табан тіресімен бірден көзіміздің түскені – елдімекенге күре жолдан тартылған жол жөнделіп жатыр екен. Жол тіршіліктің күре тамыры десек,  бұл жерде көкейтесті мәселе оң шешімін тауып жатқанының куәсі болып, бір қуандық.

Ауылдағы ағайынның бүгінгі ахуалы жайында әрі қарай ауылдық округтің әкімі Асылан Биғалиев былай баяндайды:  «Ауылымызды 1076 тұрғын, 252-отбасы мекендейді. Орналасқан жері шаруашылыққа қолайлы. Тұрғындардың дені қораларында мал ұстап, ата-баба кәсібінен қол үзбей отыры.  Ол да түсінікті, біздің округтің орналасқан жерінің шөбі шүйгін, судың қоры да мол. Көргендеріңіздей, жалпы ұзындығы 3-шақырым болатын кіреберіс жол жөнделіп, асфальт төселіп, бүгінде ел іргесіне келіп тұр.  Бұл істі осыдан бір ай уақыт бұрын «ТОБИ» ЖШС-і қолға алған болатын»

Айта кетейік, игілікті іске республикалық бюджеттен 365 миллион теңге қаражат бөлінген. Ауылдың шетіне тақалып қалған құрылыс жұмыстары енді бас көшеде жатыр екен. Мердігердің өкілдері  күрделі жөндеудің тамызда аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Бір қуаныштысы, бұл іске ауылдан 4 жұмыссыз азамат тартылыпты. «Жұмыссыз жүрген біздерді осындай іске тартқанына қуаныштымын. Бір жағынан, туған ауылыңның ажарлануына себепші болғаныңа мерейленесің, екінші жағынан жалақысы да қомақты. Айына 90 мың теңгенің көлемінде. Отбасылық табысымызды молайтуға мол мүмкіндік», – дейді құрылыс жұмыстарында жүрген ауыл тұрғыны Кенжебай Балешев.

Жаңабұлақта атқарылар істер ауқымды. Тағыда ел үшін жасалар бірқатар жұмыстардың жоспары бар. Тұрғындармен ақылдасып, соғыс құрбандарын еске алуға арналған ескерткішті қалпына келтіріп, саябақтың құрылысы қолға алынбақ. Қазірдің өзінде саябақ қоршаулары дайын тұр. Жуық арада орнатып, ішінде ауылдастардың серуендеріне жайлы жағдай жасалады.  Сонымен қатар, қатты қалдықтар төгетін орынның да сметалық құжаттары дайындалуда.

Мұндағы адамдардың ауызбіршілігі, татулығы, ортақ берекеге ұмтылысы таңдай қақтырады. Оған дәлел – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдастар, жаңабұлақтық түлектердің бастамасымен қыруар іс қолға алында. Атап айтсақ, мектеп жанындағы шағын орталыққа кәсіпкерлер жиһаз, техника тарту етіп, ауласына керемет ойын алаңын салып берді. Ал биылғы жылдың жаңалығы – бірқатар жомарт жандардың демеушілігінің арқасында ауыл маңындағы  қара судан көшелерге техникалық су тартылды. Жобаның құны – 8 млн теңге. Осы қаражат аясында ауылға дейін 7-8 шақырым құбыр тасталып, 92 үйге техникалық су кіргізілді.  Ауласына бау-бақша салып отырған ағайын бұған дән риза. Игі іске ұйытқы болған жомарт азамат – ауылдың байырғы тұрғыны, бүгінде Орал қаласында тұратын Сағидолла Қазетов.

Ауылда туып өскен азаматтардың,өздері жырақта жүрсе де, туған жерге туын тігіп, қол ұшын беріп жататыны – құптарлық іс. Сондай жандардың бірі Жамбыл Дабысқалиев. Бүгінде қалаға қоныс аударса да,  ол ауылға мойын бұрып, кәсібінің бір саласын осындай өркендетуді ойластырыпты. Кәсіпкер аз ғана уақыттың ішінде пайдасыз болып тұрған азық-түлік қоймасын кірпіш шығаратын цехқа айналдырды. Осы цехта ауылдың өрімдей 3 студенті еңбек етуде Солардың бірі Әмірхан Ерханов жұмысы туралы былай дейді: «Біз сәуір айының ортасынан бері осы жұмыспен айналысып келеміз. Қасымда өзім сияқты 2 студент ауылдасым бар. Бізге артылған міндет – қиыршық құмды аппараттың көмегімен електен өткізіп, цементке араластырып, су қосып езу. Сосын дайын болған қоспамызды тоқ көзімен жұмыс істейтін құрылғыдағы қалыпқа салып, тастың пішінін жасаймыз.  Тастың көлемі 40/ 20 см. Бір мезетте қалыптан 10 тас шығады. Шамамен күніне 160 дана өндіреміз.  Бұл өнімге сұраныс мол. Ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен беріліп жатыр»

Округте 72-шаруа қожалығы тіркелген.  Олардың 56 сы  мал шаруашылығмен айналысса, қалғаны шағын кәсібінің иелері. Қыстың қамын жазда ойлаған халық емеспіз бе,  қазіргі таңда  12 қожалық 9814 гектар шабындық жерді шауып бастады, 2454 тонна шөп дайындалған. Ал жекелеген тұрғындардан 2 адам 1911-гектар жерден 478 тонна мал азығын орып алды.

Ауылдан қалаға үдере көшу үйреншікті көрініске айналған бүгінгі күнде Жаңабұлақтан қоныс аударған бір де бір үйелменнің болмауы қуантады, әрине. Қайта мұнда ауыл тұрғындары жаңа үй салып, тұрмыстарын ажарландыруда. Аслан Биғалиұлының айтуынша,  аудан бюджетінен қаржы бөлініп, мұнда  2 коммуналдық баспана салынбақ. Ауылдың тазалығы да басты назарда. Ерте көктемде ауыл ішіндегі қыс бойы жиналған қоқыс қалдықтары арнайы полигонға  шығарылды. Ауыл азаматтарының көмегімен зират маңы қоршалыпты.

Бүгінде әлемді қатты алаңдатып отырған қатерлі індеттің таралуын болдырмау үшін ауылда сақтық шараларын қатаң сақталатыны байқалады.  Мұндағы әлеуметтік нысандар (мектеп,мәдениет үйі,әкімшілік ғимарат, дәрігерлік амбулатория) және 5 азық-түлік дүкені  уақытымен дезинфекцияланады. Ауыл дәрігерінің сырқаттанып қалуына байланысты көршілес Бударин ауылынан медицина маманын алдыртып, тұрғындар денсаулығын жіті бақылауға алған.

Жаңалықтары жан жадыратар  ауылдан көрген білгеніміз осы. Атқарылар игі істердің жемісін алдағы күндерден үлкен үмітпен күтіп отырған Жаңабұлақ ауылынан әлі талай ел үшін жасалар жақсы жұмыстардың куәсі болайық. Жарқырай бер Жаңабұлақ дейміз.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ