17.07.2020, 9:40
Қараулар: 201
Дала да, орман да өртке оранды

Дала да, орман да өртке оранды

42-45 градустан түспеген шілденің аптап ыстығы әдеттегідей өңірімізде өрт қаупін туындатып отыр. Осы аптада аудан бойынша 4 орман және 2 дала өрті оқиғасы тіркелді.

Төтенше жағдай бөлімінің таратқан мәліметіне сәйкес 13 шілде сағ.17.30 шамасында Чапаев ауылдық округі Жайық елді мекенінің және Бударин ауылдық округі Коловертное ауылының тұсында тоғай өртеніп жатырғандығы туралы хабарлама түскен. Дереу Бударин, Чапаев ауылдық округі әкімінің ерікті өрт сөндірушілері, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, орман шаруашылығы бөлімінен арнайы топ өртпен күреске жұмылдырылды. Секундына 15-20 метр жылдамдыққа дейін желдің салдарынан өзеннен секіріп өткен «тілсіз жау» Жайық ауылына қарсы орналасқан Көнеккеткен ауылдық округі Қамыстыкөл ауылының тұсындағы орман алабын да шарпиды. Өрт найзағайдан немесе күннің қатты ыстығынан болды деген болжам бар.

Өрт сөндірушілер, ерікті жасақтар түнімен арпалысқанымен 14 шілдеде Коловертное ауылының тұсындағы орман өрті бой бермей, ауылдағы 2 үй, 4 шаруашылық құрылысы өртенген. Табиғи апат орын алған ауылдан 42 адам эвакуацияланды, өртті сөндіруге көмекке «ҚазАвиақұтқару» МИ-884 тікұшағы келіп, 90 тонна су себілген. 16 гектар аумаққа таралған өрт сағат кешкі сағат 18.00. шамасында сөндіріліп, тұрғындар үйлеріне оралды. Қазір жағдай қалыпты.

14 шілдеде Жайық өзенінің сол жағалауындағы Кеңсуат ауылының тұсындағы орман өртке оранып, қатты жел  бергі беттегі Мерген ауылы аумағындағы орман алабына да жеткізеді.

Сонымен қатар Алғабас ауылдық округіне қарасты Железнов, Шукалин қыстақтарының маңында дала өртенді.

Өрт сөндіру шараларына 23 техника, 160 адам жұмылдырылды. Өртенген жердің алқабы мен келтірілген зардап есептелуде.

Әли ОРЫН