17.07.2020, 9:45
Қараулар: 145
#STOPCOVID19

#STOPCOVID19

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шараларының салдарынан күнкөрісінен айырылған азаматтарға 42 500 теңгені бір айға, яғни шілде айына төлеу жөнінде шешім қабылданды. Төлемді алуға жалдамалы жұмысшы үшін жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өтінім бере алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі төтенше жағдай кезеңіндегідей азаматтардың жекелеген санаттарына азық-түлік өнімдері бойынша ақшалай көмек беруді жалғастырмақ.

Әлеуметтік төлем төтенше жағдай кезіндегі қағидатпен тағайындалады. Яғни, төлем карантин кезінде табысынан айрылған азаматтарға беріледі: жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор); орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері; жеке кәсіпкерлер; карантин енгізілген елдімекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері; азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар және бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер. Ескерте кетейік, бұл жолы 42500 теңге алу үшін азаматтарға бірыңғай жиынтық төлем жасаудың қажеті жоқ

***

2020-2021 оқу жылының І тоқсанында мектеп оқушылары қашықтан оқытылады. Шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерде оқыту дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар Үкімет басшысы Асқар Мамин ата-аналарының жазбаша өтініш білдірген жағдайда, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, бастауышта кезекші сыныптардың қызметін үйлестіру бойынша тапсырма берді.

Колледж және университет студенттері де биылғы оқу жылын онлайн форматта бастамақ.

***

Қатаң карантиндік шаралардың екінші аптасы да аяқталуға жақын. Әйтсе де, бұл шаралар вирустың таралуына тосқауыл бола алмады. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпидемиологиялық ахуалды одан ары тұрақтандыру үшін шектеу шараларын тағы екі аптаға, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.

***

Коронавирус пандемиясы кезінде медициналық ұйымдардың, сонымен қатар дәріханалардың жұмысын қадағалау үшін елімізде Қоғамдық бақылау тобы құрылған болатын. Енді олардың ел өңірлеріндегі үйлестірушілері анықталды. Топтың үйлестірушілерінің қызметі үш басым бағытқа ие. Атап айтсақ, олар медициналық мекемелердегі дәрігерлердің жұмыс жағдайына және емделушілердің емдік шараларына мониторинг жүргізеді. Гуманитарлық көмекті үйлестіруді бақылау да топ мүшелерінің құзіретінде. Сондай-ақ олар әлеуметтік және медициналық көмек көрсету бойынша азаматтардың құқығын сақтауда, сондай-ақ, пандемия жағдайындағы карантиндік шаралардың орындалуын қадағалайды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Қоғамдық бақылау тобының үйлестірушісі болып Түркина Айгүл Серікқызы тағайындалды.

Әсия ШЫРАЙ