17.07.2020, 9:57
Қараулар: 163
Абай хәкім үлгі еткен әділдік

Абай хәкім үлгі еткен әділдік

(Жалғасы. Басы газетіміздің өткен санында)

М.Әуезов өзінің 1940 жылғы Абай жинағының екінші томына жазған сөзбасына: «1885жылы Қарамоладағы төтенше съезде 96 баптан тұратын заң жобасы ұсынылған, онысы көпшілікке ұнаған»,-дейді. Асылы, бұл 1886жылы қазанда жарық көрген «Ереже» болса керек.

«Ереженің» екінші саласы – мал, жер дауы мен кісі өліміне қатысты істерге арналған. Сол кезде бұл тек әдет-ғұрыптық қана емес, әлеуметтік мәселе болатын. Мал дауы тұсында байқалған бір нәрсе бар болса, ұры мал бар болса, құнын өзі төлейді, жоқ болса айналасы төлейтін болған. Ал би-болыстар азулы байды емес, момын шаруаны жеп, тісін батырған. Жер, мал дауы жөнінде «Ереженің» төрт түрлі басты заңы бар:

  1. Он жыл өткен мал дауы салауат болады.
  2. Қолы жетпей жүргендердің дауы салауат болмайды, кешірілмейді.
  3. Жер дауы ескірмейді.
  4. «Он екі жылда құны салауат» дейді «Ереже».

Осындағы 2 менен 3 баптар жерінен айырылған момын шаруалар үшін аса тиімді еді. Абайдың жер дауындағы жаңа төрешілдігін «Абай жолы» романында М.Әуезов тарихи тұрғыда шынайы суреттеген.

«Ереженің» көздеген басты мақсаты – ел ішіндегі дау-шарды азайту, сайламалы билерге бірыңғай жоба сызып беріп, олардың ісін жеңілдету, ұлықтың жауапкершілігін арттырып, билер ісіне бақылау  жүргізу. Ажоғарыда айтып кеткенімдей, бұқара халыққа пайдасы да орасан болатын. Айталық, осы ереженің 54-бабында былай делінген: «Біреудің жерін жеген дауларды билер «сол жер пәленшенікі» деген елбасылардың куәлігіне қарап тексереді. Тексерген уақытта жерді билер өздері көреді, яки сенімді кісіні куәлігі бойынша жеген жерінің сомасына қарай билік айтады. Шығынын қайтарып,  үстіне һәм айып салады».

Бұл баптың осы кезеңде ел арасында қалыптасқан әдет-ғұрып нормасына көшірме десе де болады. Билер сол норманы өңдеп, ресми реңк беріп, тиісті заң дәрежесіне көтерген. 1896 жылғы «Ереженің» тағы бір ерекшелігі- қыз атастырған жерінен әкесінен еріксіз өзі қашып кетсе, әкесіне жасау беру міндеттеледі. Ал ұзатқан қыз қайтыс болса, ері қыздың әкесіне жасауын қайтаруға тиіс. Сөйтіп «Ереженің» сыртқы формасы әдет-ғұрыпқа негізделді десек те, оның ішкі мазмұнында әйелдің еркіндігіне жол ашатын бірқатар өзгерістер бар екенін аңғаруға болады. Қалай дегенде де, Абайдың бұрын-соңғы дала ережелерінің қай-қайсысын да жетік білгені, Ресейдің де заңдарымен таныс болғаны аңғарылады.

«Қарамола  ережесінің» Ресей заңдарын негізге ала отырып, ұлттық үрдіс тұрғысынан сауатты жазылуына заңгер қауымның өзі де қазір де айрықша сүйсініп, таңданыспен бас шайқайды.

Бұл құжатта Абай қылмысқа, құқықбұзушылыққа қатысты қордаланған мәселелерді өз тарапынан шешуге атсалысып, қазақтың қылмыстық әдеттегі құқық жүйесіне, жалпы, революцияға дейін қазақ қоғамының саяси құқылық ой-пікіріне түбегейлі өзгеріс енгізеді. Мәселен, «Ереженің» 61-бабында мынадай норма бекітілген. «Ұрлық үшін кесілген мал алынып беріледі. Ұрының өзінен және оған серік болған жолдасынан, ат беріп аттандырған, еріп барған, ұрлық малды жасырған, оны біле тұрып  хабарламағандардың малы жоқтығына қарамай, айып салынады».

Абайдың осындай реформаторлық идеялары өз заманының шеңберімен шектелмей, біздің дәуірімізбен де үндесіп, сот практикасында қолданылып жүр. Сондықтан ғұламаның бұл еңбегін заң жүйесін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі деп тануымыз керек. Абай қазақ қоғамында әбден орныққан қылмысты қоғамға қауіпті қимыл-әрекет деп біледі. 61-бапта осы мәселе туралы «Үш рет ұрлығы мойынына қойылып, одан тыйылмағандарды жұрт өкім шығарып, арасынан аластаған жөн» деген шарт бар.

«Ережеде» лауазым дәрежесіне сай жер-жерде ел тізгінін ұстап, әкімшілік билік жүргізуші пристав, старшын, би, молдалардың құзыры мен құқы нақты айтылады. Би-болыстан бастап серіктес, туыстас әрбір адамның әділет жолы, қоғам алдындағы жауапкершілігі, парызы жайлы тұжырымдар да бірнеше бапта анық көрсетілген. Біз Абайды тек ұлы ақын және ойшыл ретінде емес, сонымен қатар құқықтанушы ретінде танимыз. Өйткені Абай өз заманында халқының жақсы өмір сүруі үшін, құқықтарын қорғай білу үшін, әсіресе әйел теңсіздігін басты назарға алып, қоғамның құқықтық жүйесіне оң өзгерістер енгізген болатын.

Абай заңының өз кезі үшін елеулі мәні болды.

Күрсінісі көп, күңіренуі одан да басым  қоғамда ақиқат пен шындықты шырақ етіп, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым….» деп көкірегі қарс айырылған Абай бабамыздың аңсаған ақ арманы бүгінгі Тәуелсіз елімізде орындалды. Әділеттің ақ жолынан айнымай, халқымыздың  дәстүрлі құқық саласын жетілдірудегі атқарған сан-салалы өнегелі істері, бастамалары да бүгінгі күннен баян тапты.

Мысалы, Абайдың «Қарамола» ережелерінің» кейбір  баптары Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптарына  сәйкес келеді. Бүгінгі күнмен сәйкес келетін «Ереже» баптары бұл бір емес, әрине, сайлау кезінде қызметшілерге жала-жапқандар би төрелігіне сәйкес 28 күнге абақтыға жабылып, айыпталушының шығыны қайтарылғандығы туралы айтылған. Бұл баптың талаптары да Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық кодексінің  «жала жабу» және «сайлану» құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру қарастырылған. Дүре таяғы көбінесе ұрлықтан үлес алған немесе алуға тиісті ауқатты адамдарға да соғылады деп атап көрсетілген. Осы баптың талаптары бүгінгі заңнаманың мазмұнымен астасып жатқандай.  Өйткені әділ соттың алдында бай да, кедей де – жалпы азаматтардың бәрі бірдей, ешкімге артықшылық бермейді.

Любовь АХАТОВА,

Тайпақ орта жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі.

Қарауылтөбе.