17.07.2020, 10:00
Қараулар: 213
Бөлмені кондиционерсіз-ақ салқындатуға болады

Бөлмені кондиционерсіз-ақ салқындатуға болады

Жаз мезгілі салтанат құрғалы үйімізде де, кеңсемізде де, тіпті көліктерде де кондиционерлер қосулы. Қалтаңда теңгең болса, газбен дейсің бе, ауамен үрлейтін түрі дейсің бе, қалыпты температурада өзіңді қолайлы сезіну үшін таптырмайтын құрылғының небірін дүкендерден табуға болады. Бірақ оны пайдалану денсаулыққа зиянды екені айтылған сайын адамдар көбіне қарапайым әдістерге жүгінуде. Солардың бір-екеуіне тоқталып өтсек.

Терезелерді көлеңкелеңіз

Терезеге ілген пердеңіз жұқа, түсі ашық болса, онда күннің ыстығы тез өтіп, үй әп сәтте ысып шыға келеді. Сондықтан перденің астынан жарықты аз түсіретін қалың мата ұстасаңыз, артықтық етпейді. Сондай-ақ жарық шағылыстырғыш пленкасын терезенің әйнегіне жапсырсаңыз, күннен келетін ыстық сейіліп, жарықты өз күйінде сақтап қалады.

Үйді желдетіп алатын уақытты дұрыс таңдау керек. Қапырық ауа мен шаң кірмес үшін күндіз үйдің терезелерін жабық ұстаған жөн. Тек таңғы сағат 4 пен 7-нің аралығында және кешкі уақытта ғана желдетілген үй ұзақ уақыт салқын боп қалады. Ал таңғы төртте тұрып терезе ашуға ерінетіндерге айтар кеңесіміз – терезені түнімен ашық қалдырыңыз.

Түкті кілем қысқа лайық

Аптап ыстықтан шаршап үйге кіргенде, еш төсемсіз, салқын еденді жалаң аяқ басқаннан артық рахат жоқ десем, менімен келісетін жандар көптеп табылатыны анық. Ал енді еден бетіне біріне-бірі жалғанып түкті кілем, палас жатса, қалай болар еді. Шаң мен кірдің тап осы  жаз айларында төсеніштерге көбірек жиналатынын біліп пе едіңіз. Сондықтан едендегі кілем, төсеніштерді күн салқындағанша, жинай тұрсаңыз, ешкім ренжи қоймас.

Ылғалды ауа жанға жайлы

Егер үйіңізде ауа тазалайтын, дымқылдататын құралдар болмаса,  мұңаймаңыз. Оның орнына  кәдімгі су бүркетін пульверизаторды пайдалана аласыз. Тек суға бір-екі тамшы хош иісті май тамызып жіберсеңіз, жеткілікті.

Сондай-ақ еден мен сөре, терезе алдын күнделікті дымқыл шүберекпен сүртіп отыру керек. Таңертең ертерек салқын сумен сүртіп алсаңыз,  үйдегілеріңіздің сізге алғыс айтатыны анық.

Сонымен бірге үйдегі ылғалды азайтып, температурасын жоғарылататын тұрмыстық электр техникасына  назар аударыңыз. Тоққа қосылған құрылғы жылу бөледі. Сондықтан мұндай құралдардың санын мейлінше азайтқаныңыз дұрыс.

Желдеткіштен — кондиционерге

Егер үйіңізде қарапайым желдеткіш болса, кондиционер іздеп, әуре болмай-ақ қоюыңызға болады. Ол үшін ішіне су толтырылған бірнеше пластикалық бөтелкені алып, мұздатқышқа салып, мұз боп қатқанша аз ғана уақыт күте тұруға тура келеді. Мұз қатқан бөтелкелерді желдеткіштің алдына жел тиетіндей етіп қоямыз. Бөтелкедегі мұз ерігенше салқын ауа есіп тұрады. Салқын ауаны ұзақ сақтаймын десеңіз, еріген сайын жаңасына алмастырып отырыңыз.

Сондай-ақ мұзды салқындатқышты жай тәрелкеге салынған мұз кесектері арқылы да жасауға болады. Шұңғыл ыдысқа тоңазтқыштан алынған мұз кесектерін салып, бірнеше жерге қойсаңыз болғаны. Мұз ерігенше, салқын ауа есіп тұрады.

Мысырлықтар ыстықтан қалай қорғанған?

Ежелгі Мысырда аптап ыстықтан шаршаған жан  матаны салқын суға салып, сығып, дымқыл  күйінде есікке іліп қояды екен. Сонау перғауындардың өзі пайдаланған бұл әдіс көпқабатты үйдің тұрғындарына таптырмас амал. Егер пәтердің сыртқы есігіне осылай  ілсеңіз, мата кепкенше, салқын есіп тұрады.

Бет материалдарын дайындаған Әсем ЕСБЕК