17.07.2020, 10:03
Қараулар: 217
ҮЙ ЖИНАУДЫҢ ӨЗІ ӨНЕР

ҮЙ ЖИНАУДЫҢ ӨЗІ ӨНЕР

Қымбатты оқырман! Сіздердің сұрауларыңыз бойынша газетімізде әйел-ана, қыз-келіншектерге арналған жаңа парақ ашуды жөн көрдік. Дәмді тағам рецептілері, баланы тәрбиелеу үрдістері, шаруаны реттеуде таптырмайтын кеңестер… Бұл парақта қазіргі заманның нәзік иықтыларға қажет осындай көптеген ақпарат жарияланбақ. Егер әйелдер әлемінің қыр-сырына қаныққыңыз келсе, бұл жөнінде сауалдарыңыз болса, біздің электронды поштамызға немесе әлеуметтік желідегі zhayktany аккаунтары арқылы жолдауыңызға болады. газетіміздің алдағы сандарында сізді толғандырған сауал туралы толық ақпарат жинап, жариялауға барымызды саламыз.

Үйді тазалаудың маманы, жапониялық Мари Кондо жайында естуіңіз бар ма? Ол үй тұрмысында тәртіп орнату жөнінде төрт кітап жазған. Жо-жоқ, сіз қате оқыған жоқсыз, ол үйдің тазалығын өнерге балап, оны түрлі салаларға бөліпті. Оқырмандар тарапынан сұранысқа ие болғаны соншалық, оның қаламынан кітаптар 2 миллионнан астам таралыммен әлемнің көптеген елдеріне таралған. Біз де үй тазалау білгірінің бірқатар амал-айласымен бөлісейік.

Үйде қажетті заттарды ғана сақтау керектігін көптеген мамандар бұрыннан да айтып келеді. Қолданбайтын және кимейтін бұйымдардың барлығынан құтылу керек. Кондоның пайымдауынша, үйде тек күнделікті өміріңізге пайдалы және сізді қуантатын заттар болуы керек. Егер қандай да бір зат сізді қуантпаса, ойланбастан лақтыра салыңыз. Артық заттардан құтылған соң, демалыстың екі күнін бұрынғыдай үй тазалауға арнап, әуре болмайсыз. Себебі үйде зат қаншалықты аз болса, үй жинау да соншалықты аз уақыт алады.

Адамдардың көпшілігі үйді бөлме-бөлмеге бөліп жинайды. Мысалы, алдымен жуынатын бөлмені ретке келтірсе, артынан жатын бөлмені жинайды. Шынын айтыңызшы, солай емес пе?! Ал Мари бұл әдісті мүлде құптамайды. Ол үйді заттардың  нақты бір топтарымен (кітап сөресі, жұмыс үстелі, киім шкафы) жинауға кеңес береді.. Бұл жүйе жұмыс істейтін әйелдер үшін аса ыңғайлы. Мысалы, күніне 20 минут уақытыңызды үй жинауға (шаң сүрту, үстелді жинау, кілем тазалау) бөлсеңіз, сонда демалыс күндері уақытты үй жинауға емес, шынымен демалуға жұмсай аласыз.

Шкафтың көлемі неғұрлым ұлғайған сайын, онда біз кимейтін киімдер көбейіп, шашыла береді. Ал егер, керісінше шкафта орын шектеулі болса, киімдерді ықшамдап жинауға мәжбүр боласыз. Сонымен қатар  ілгішке ілу қажет емес киімдердің барлығын  сөреге орап жинаған ыңғайлы екенін айтады кітаптың авторы. Осылай жинап көріңізші,  шкафыңызда орын үнемделіп, киімді сөреден алу жеңілденеді. Сонымен бірге киіміңізге де қыртысы аздау түседі.

Ілгішке ілген киімдердің де орналастыру тәртібін сақтаған дұрыс. Мысалы, бір типтес киімдер (көйлек, жейде, шалбар) бір-бірінің қасына ілінгені жөн. Сонда қажет киімдеріңізді ілгіштерді ақтарып жатпай, лезде тауып алуыңызға болады. Тағы бір ескерерлігі, киімдердің қою түстерінен бастап ашық түстеріне дейін реттеп жинаған өзіңізге ыңғайлы.

Кондоның кеңестерінің ішінде үй жинауда тәжірибелік қана емес, сонымен қатар рухани да пайда әкелетін тұстары бар. көбінесе КонМари әдісі өзіңіз тұратын  орынға назар аударуды талап етеді. Сондықтан баспанаңызға алғыс айтып жүрген жөн. Керемет зәулім үй, шағын ғана пәтерде тұратыныңыз маңызды емес, күніне бір-екі минөт бөліп, мақтап жіберсеңіз де артықтық етпейді.

Әр нәрсенің өз орны бар екенін білеміз. Міне, осы қағиданы ұстануға Мари де кеңес береді. Ол әрбір заттың өз үйі болуы керектігін айтудан танған емес. Ол үшін қысқы қолғап, жазғы қалпақ, ине-жіп, т.б. әзірге пайдаланбай отырған заттарыңызды арнайы сөреге салып, сақтасаңыз, жоғалып кетпеуіне кепілдік мол.

Конмари әдісіндегі оқырмандары арасында көп талқыланатын кеңестердің бірі – қуанышқа бөлейтін заттар туралы идея. Кондо біздің өміріміздегі заттар бізге қуаныш сезімін сыйлау керектігіне сенімді. Бұл біз үшін күлкілі болып көрінуі әбден мүмкін, бірақ мұның астарында терең мән жатқаны да рас. Егер айналамыздағы заттар сізді бақытты етпесе, оның қандай қажеті бар?!