17.07.2020, 10:07
Қараулар: 198
Бітімгер арқылы келісімге келді

Бітімгер арқылы келісімге келді

Дана билеріміздің  дара  дәстүрін жаңғырту арқылы елдің татулығын нығайту , соттардың жүктемесін азайту мақсатында жүзеге асып жатқан айтулы істердің бірі медиация екенін бүгінгі күннің өзі дәлелдеп отыр. Медиациялық шаралар сот жүктемесін азайту мақсатында қолға алынды дегенімен, бірінші кезекте, барлық шара адам мүддесін қорғау үшін қолға алынуда. Қазіргі таңда медиаторлардың арқасында бір-бірімен сөйлесіп, түсінісіп, кейін істі татуласумен бітіріп жатқан мысалдар жеткілікті.

Жуырда №2 аудандық сотына талап қоюшы жауапкерден 400 000 теңге материалдық шығын және 200 000 теңге моральдық зиян өндіру туралы талап арызбен жүгінді. Жауапкер талап-арызбен келіспей, оған қарсы уәждерін келтіріп бақты. Осындай тартыстар орын алған соң, бұл дау ұзаққа созылып, жуық арада шешілмейтіндей көрінгені рас.

Сондықтан сот істі қарау барысында тараптарды бітімге келтіру үшін кәсіби емес медиатор, Базаршолан ауылының тұрғыны Орынша Ермұханованы шақырып, оларға татуласу үшін мерзім берді. Нәтижесінде, сот отырысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтініш білдірді. Оның шарттарына сәйкес  талап қоюшы талабынан бас тартып, жауапкер осы шартпен келісіп, тараптар өзара келісімге келіп, азаматтық істі қысқартуды сұрады.

«Дау мұраты – бітім» деген,  арасындағы араздықтан құтылып, татуласқан тараптардың да, сот қызметкерлерінің де өмірде көрген-түйгені көп, ауылдастарына сыйлы, беделді медиаторға ризашылығы зор. Осылайша медиатор бір ауылда тұратын талап қоюшы мен жауапкердің арасында біраздан бері созылып келе жатқан дау басылып, тараптар өзара сыйластығын сақтап қалды.

Аягөз МАСЕНОВА,

Ақжайық ауданы №2 аудандық сотының бас маманы