17.07.2020, 10:09
Қараулар: 187
Өлкеміздің тарихын зерделейтін өспірім бар

Өлкеміздің тарихын зерделейтін өспірім бар

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса, игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.»,-деп ұстаздар қауымына да зор жауапкершілік жүктеді. Жас ұрпақтың бойында туған өлкенің тарихына, еліміздің өткені мен бүгініне құрметті сіңіретін әрине, әр мектепте жұмыс істейтін мұражайлар десек, осы міндеттің межесінен Краснояр орта мектебінің “Атамекен”өлкетану  музейі  көрінді десек, артық айтқанымыз емес.

Мектеп қабырғасындағы шағын ғана мұражайдан ауылдың, мектептің шежіресіне, осы білім ордасынан түлеген жерлестердің жетістіктеріне әбден қанығуға болады. Оқушылардың  «қашан, қалай, кім, не?» деген сан түрлі сұрақтарына жауап осы жерден табылады. Мұражайдың жанынан ашылған өлкетану үйірмесінің мүшесі атануға ықылас білдірген ұл-қыздардың қатарының қалыңдағаны да жан жадыратады. Тарихқа құштар олар  ауылдағы  аурухана, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме, Тайпақ колледжі, Тайпақ мектеп-гимназиясы мен өз мектебі, бұрынғы «Краснояр» кеңшары мен жергілікті полиция тарихын жинақтауға көмектесіп, табылған құнды жәдігерлер мен құжаттарды осы мұражайға тапсырды. Сонымен қатар мұражай жетекшісі Болат Дошаев жетекшілігімен жас өлкетанушылар ауылдағы басқа мекеме, ұйымдардың шежіре парақтарын ақтармақ.

Қыс айларында олар «Құстарға қамқорлық» және «Балықтарға аэрация» акциясы аяснда  Бағырлай өзені мен Кругловская нүктесіндегі шағын қара судағы балықтардың қауіпсіздігі үшін су астына оттегі жіберу жұмыстарымен де айналысады.

Жазғы демалыстарда оқушылармен түрлі тарихи орындарға жорықтар, танымдық саяхаттар ұйымдастырылатын, биыл індет кедергі келтірсе де, өлке тарихы түрлі әлеуметтік желіде насихатталып, ұлықталуда.

Бүгінгі күн ертеңге ұласқанының өзі тарих. Ал оны зерттеу, көпке жария ету осы жас өлкетанушылар мен ізденушілер  үлесінде.

Әсия ШЫРАЙ.

ТАЙПАҚ.