24.07.2020, 9:31
Қараулар: 134
Әлі де бейқамбыз…

Әлі де бейқамбыз…

Елімізді қауіпті індеттің құрсауына алғалы 5 айға жуықтады. Осы кезеңде пандемияның таралуын болдырмау мақсатында елдің бас біріктіріп, қауіптен тез құтылудың мақсатында бірқатар шаралар қолға алынғанының куәсіміз. Дегенмен тұрғындар арасында көпшілік орындарда санитарлық талаптарды сақтамай, әлі де бейқам жүргендері жеткілікті. Аудандық жедел әрекет ету штабы жанындағы ардагерлер, жастар өкілдері, жергілікті әкімдік, құқық қорғау қызметкерлерінен құрылған мониторингтік  топ аудан орталығындағы халық көп баратын азық-түлік дүкендерінді санитарлық-профилактикалық  нормалардың сақталуына бақылау жасап, рейд жүргізуде.

Кезекті рейдті топ мүшелері «Айдана» дүкенінен бастады Бас сұққаннан ақ көрінген олқылық – зарарсыздандыратын антисептик көрінбей тасада тұр, яғни дүкенге кірген адамның көзіне бірден түспейді. Сатушыға антисептикті есіктен кіре беріске қоюы қажеттігі ескертіліп, дүкенге маскасыз кірген сатып алушыға қорғаныс құралдарының маңызы жөнінде айтылды.

Осыдан соң «Орал – Атырау» тасжолының бойында орналасқан «Мирас» кафесінде болған мониторингтік топ мүшелері нысан иесінің тарапынан кеткен біраз кемшіліктерді анықтады. Мұнда кафе қызметкерлері тұтынушыларға маскасыз қызмет көрсеткен. Антисептик деген атымен жоқ. Ірі сауда орталығынын бірі «Ақжайық» сауда үйін кейбір сатушылар маска тағып, жұмыс істегенімен, қолдарына қолғап кимепті.  Ал «Машенька» дүкеніндще антисептик жоқ, сатушы қорғаныс құралдарынсыз қызмет көрсетілгені тіркелді.

Қазіргі жағдайда жұқпалы дерттің таралуын болдырмау барлық талаптарды бұлжытпай орындауға байланысты. Сондықтан халыққа қызмет көрсететін нысандарда қатаң тәртіптің сақталуы маңызды. Қазір ескерту болғанымен, келесіде осы олқылықтар үшін айыппұл салынуы да  ғажап емес. Ал айыппұлдың мөлшері қомақты. 5 шілдеден басталған карантин талаптарын бұзған жеке тұлға 30 АЕК (83340 теңге), заңды тұлғаларға 230 АЕК-тен (638940 теңге) жоғары айыппұл төлейді.

Топ жетекшісі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың маманы Айдар Елдесов дүкендерде шектеулерді бұзу жағдайлары жиі кездесетін айтады. «Мониторинг барысында «Ақжайық» сауда үйінің ІІ қабатында орналасқан киім дүкенінің жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Барлық жайтты видео, фото деректермен тіркеп, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен  қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді. Дүкен иелері заң жүзінде жауапқа тартылады. Сонымен қатар аптасына екі рет аудан орталығындағы дәріханаларға да рейд жүргіземіз. Бұл нысандардың алдына қызу түсіретін дәрілер және антибиотиктардың бар-жоғын көрсететін тізім ілінді. Қазіргі таңда кейбір дәрілердің жетіспейтіндігі рас. Дәрілер белгіленген бағамен сатылуда»,-дейді ол.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ