24.07.2020, 9:56
Қараулар: 122
Қиын күндер артта қалсын

Қиын күндер артта қалсын

Қазір еліміздегі жағдай кім-кімді де бей жай  қалдырмайтыны анық. Қауіпті  дерттің  алдын алу әрбіріміздің парызымыз десек,  сабырлылық пен тұрақтылық – әрқайсымыздың  табан тірейтін тұғырымызға айналуы керек екені хақ. Бұл бағытта санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қажетті барлық шараны қабылдауда, басты гәп осы шектеулерді бұлжытпай сақтап, жеке басымыз бен жақын-жуығымыздың амандығын қамдауда.  Салғырттыққа салына беруге болмайды, ауру ауылдағы ағайынға да ауызын салды.

Осындай қиын-қыстау кезеңде билік өкілдері де халықпен етене болып, індеттің бетін қайтару үшін, халықты сақтандыру үшін жан аямай қызмет етуде. Ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізуге күш салуда. Күні кеше барша ақжайықтықтарды дүрліктірген алапат өртте де басшылық жергілікті тұрғындармен бірлесіп, «тілсіз жауға» тосқауыл бола алды. Бұл «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» дегенді анық көрсетіп тұр.

Бүгінгі күні коронавирус індетімен алдыңғы шепте күресіп жүрген дәрігерлеріміздің жанкештілігіне тәнтіміз. Ел саулығы үшін таңды таңға ұластырып тер төккен, жанын шүберекке түйген олардың бұл ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың денсаулығын қорғаудағы олардың күш-жігерлерін үнемі ескеріп, алғыс айтып келеді. Олардың еңбегін ұлықтаған мемлекеттік марапаттар – шынайы алғыс пен ризашылықтың белгісі.

Жоғары биліктің төтенше қабылдаған барлық сақтық және емдеу шараларын ауылдағы жұртшылық барынша түсіністікпен қабылдауда. Ауылдастарымыз көпшілік орындарда маска тағуды әдетке айналдырды. Халыққа қажетті азық түлік дүкендерде жеткілікті. Дәрігерлік пункт бұрынғыдай жұмыс істейді, сырқаттанып қалған тұрғындарға алғашқы көмектерін беруде. Бұның өзі науқастар санын азайтуға бір шарапатын тигізеді деп түсінемін. Той, шілдехана деген сияқты адам көп жиналатын жиындар да тоқтатылды.

Халқымыз қандай қиын кезеңді де рухымен, жігерімен, болашаққа деген сенімімен еңсеріп келе жатыр. Сондықтан да коронавирус кеселі де бірлігіміз сыналар шақ деп айтқым келеді. Қашанда халқымыз аман болсын деген тілек бізде. Ол үшін  тәртіпке бағынып, ауызбіршіліктен айырылмай, ұжымдасып іс қылу ләзім. Осыны қаперде ұстасақ, қиын күндер артта қалары хақ.

Хамит ЖАНАЛИЕВ,

ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

БАЗАРТӨБЕ