24.07.2020, 10:07
Қараулар: 137
Бір қазаққа мыңы сүйеу

Бір қазаққа мыңы сүйеу

COVID-19 деген атау таңылған вирустың ел шекарасынан өтіп, тынысымызды тұншықтырғанына бүгін тура 141 күн мен түн болыпты. Дерттің қарқын алғаны соншалық, шағын ауылдарда да адамдар бірінен соң бірі ауырып, елдің мазасы әбден қашты. Көпті күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған кесел талай адамның өмірін де жалмап үлгерді. Күні кеше кеселдің бар екендігіне сенбеген халық енді дәріхана жағалап, етектен жармасқан аурудың емін іздеп сарсылып жүр. Жағдай күрделі, сандарды сөйлетсек, жан түршігеді. Ауырмаған мына біз бен сіз осылай қиналып отырсақ, әр науқастың өмірі үшін күресіп, қиын шақта бастарын қатерге тіккен дәрігерлеріміздің жағдайы қалай?

Үйден шықпа, ағайын…

21 шілдедегі жағдай бойынша коронавирус індетіне шалдыққан 240 науқас тіркелген. Олардың 142-сінің ауру белгілері анық байқалса, 98-інде клиникалық белгілер жоқ. Вирус жұқтырғандардың ішінде 14 әйелдің аяғы ауыр, 7-еуі жас босанған, 26 медициналық қызметкер  және 15 бала тіркелген. 147 адам ауруларынан құлан-таза айығып шықты. Бұдан бөлек  пневмониямен ауырған 69 адамның 7-еуі ауыр халде. Өкінішке қарай, 4 адам аталмыш індеттің кесірінен өмірден озды. Қазір вирустың белгілері бар тағы 32 адам Чапаев және Тайпақ ауылдарындағы провизорлық орталықтарда ем алып, ПТР тест тапсырып, нәтижесін күтуде.

«Ауру санының көбейгені соншалық, алғашында 10 төсекке арналып ашылған жұқпалы аурулар ауруханасын бүгінде 40 орынға көбейтуге мәжбүр болдық. Қазір мұнда 38 адам ем алып жатыр. Күніне кем дегенде 2-3 науқастан түсіп жатыр», – дейді аудандық орталық аурухананың эпидемиолог-дәрігері Еркебұлан Беляков.

Оның айтуынша, ауруханада коронавирустың симптомды түрімен ауырған адамдар емделуде. Ал симптомсыз түрі (кейде симптомы аз түрі) емдеуді, оның ішінде вирусқа қарсы, антибактериялық, тромбқа қарсы препараттар тағайындауды қажет етпейтіндіктен, ондай адамдар үйде емделуде. «Десе де, ауру белгілері байқалғанда, өздігінен ем қабылдамау керек. Біздің адамдар қызық, бір-бірінен ватсап арқылы кеңес алып, әлеуметтік желіде «білгірлердің» ақылымен емделіп жатады. Мұның өкініштісі сол, көп адамдар ауруын әбден асқындырып алады, өкпелері 70-80 пайыз зақымдалып, бізге түседі. Біз қолымыздан келгенінің барын жасасақ та, 4 жерлесіміздің өмірін сақтап қала алмағандығымыз да сондықтан. Көз алдыңда науқастың дем ала алмай, қиналғанын көргенде, жүрегің қан жылайды. Бірақ қолыңнан келер қайран жоқ. Өзегің өртенеді, барлығынан баз кешіп кеткің келеді-ақ, бірақ босаңсуға болмайды: еңсеңді тіктеп, әр пациенттің өмірі үшін күресті әрі қарай жалғастыруға тура келеді. Себебі, өмірдің шарты да сол – тоқтаусыз күрес», — дейді дәрігер.

Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасы, провизорлық орталыққа да медициналық қызметкерлер, атап айтсақ, реаниматолог-дәрігер, жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт, фельдшер жетіспейді. Жұртты дүрліктірген дәрі-дәрмек жетіспеушілігі аурухананы да айналып өтпепті. Аурулар бір мезетте көбейіп кеткенде, дәрі қат болып, бірақ аз уақыттың ішінде бұл мәселе шешілген. Қазір медикаменттер мен қорғаныс құралдарының толық қоры жинақталған. Аурухана басшылығы енді қыркүйек айына қажет дәрілерге тапсырыс бермек.

Жерлестердің ықыласына мың алғыс

«Елім дейтін ер болса» деген уақыт қазір. Өз күшіне енді енген қауіпті вирустың кесірінен медицина саласында да қиындықтар туындап жатыр. Оның ішінде науқастарды емдеуге арналған құрал-жабдықтың жетіспеуі де бар. Міне, осындай қиын уақытта жанашыр жандардың табылып, барымен бөлісіп, білек түре жақсылыққа жасауға кіріскені жанды жадыратады.

Мылтықсыз майданның қақ ортасында жүрген медицина қызметкерлерінің денсаулығына алаңдаған бірқатар жерлестер олардың табиғи, құнарлы, ұлттық тағам-сусындармен ауқаттанғанын қалап, қымыз бен  ет өнімдерін жеткізуде. Айталық, өткен аптада «Батыргерей» шаруа қожалығынан ауруханаға иммунитетті көтеруге ықпал ететін құнарлы қымызын жеткізсе, жуырда «Мерәлі» шаруашылығы ірі қараның етін әкеліп берді. «Әңгіме сый-құрмет көрсетуде емес, қолдау білдіретін азаматтарымыздың барлығында. Індетпен күрес басталғалы біз мұны айқын сезініп келеміз. Жерлестеріміздің шынайы ықылас-пейілдері бізге күш береді», – дейді Еркебұлан Беляков.

Қазір аудандық ауруханада 11 оттегі концентраторы бар. Олардың 1-еуін «Дәулеттен» және «Айдың нұры» қоғамдық қоры тарту еткен. Күні кеше штаттан тыс тілшіміз Сая Сағиқызы базаршоландық «Қайсар» шаруа қожалығының жетекшісі Шаймардан Сағынғалиев ауылдық дәрігерлік амбулаториясына 265 теңгенің 3 литрлік көлемде оттегі концентраторын алып бергенін хабарлады.  Бүгінгі күні елімізде өршіп тұрған Covid-19 вирусы мен пневмонияны емдеуде бұл тыныс алу аппаратының маңызы зор. Себебі мұндай диагнозбен ауырған науқастарға оттегі ауадай қажет. Осындай қысылтаяң сәтте қолдау көрсетіп жатқан жандарға барша дәрігерлердің алғысы зор.

Тайпақтықтар 2 млн теңгеге жуық қаражат жинаған

Әманда ауызбіршілігімен, бастамашылдығымен ерекшеленетін тайпақтық азаматтар індетпен күресте жұмыла түсіп, бірлесе тойтарыс беруде. Оған дәлел – ауруханаға қажет құрал-жабдық, мұқтаж жандарға керек-жарақтарын алуға жиналған қаражат көлемі 2 млн теңгеге жетіп жығылды. Одан бөлек ауылдың белсенді азаматтары осы жердегі дәрігерлерге қайырымдылық көмегін жеткізуде. Айталық, өткен аптада Еркебұлан Ажыкенов 500 000 теңгеге портативті оттегі концентраторын алып берсе, игі үрдісті ауыл түлегі Салтанат Сатыбаева жалғастырып, тап осынай құрылғының біреуін Орал қаласынан жолдады. Атырау қаласында тұратын белгілі кәсіпкерлер Нұртай Сахипов пен Рүстем Шененовтар жерлестеріне көмек ретінде медициналық құрал-жабдықтардың қажетін алып беруге ниеттеніп, жергілікті әкімдікпен хабарласыпты.

Ауруханаға су жетпейді

Жаз болса, аудан орталығында ауыз су мәселесі күйіп тұратыны жасырын емес. Бұл жағдай науқастар ем алып жатқан аурухананы да айналып өтпеді. 35-40 градус ыстықта сусыз отыру – дәрігерге де, науқасқа да оңай тиіп жатқан жоқ. Краннан сыздықтап аққан су екінші қабатқа көтерілмей қиналғанда, бірнеше жерден насостар орнатып, біраз амалдаған. Дегенмен, бұл мәселе мұнымен шешімін таба қойған жоқ. Аурухана қызметкерлерін тәулік бойы таза ауыз сумен қамту үшін бөлек құдық қазу керек. Және ол аулаңызда бұрғылай қоятын қарапайым құдық емес, қауқары бүкіл ауруханаға жететіндей болу керек. Аурухана бюджеті дәрі-дәрмек, жеке қорғаныс құралдары, өзге де қажеттен артылар емес, әрі құдық қазуға қашан қаражат бөлер екен деп күтіп отыратын уақыт жоқ. Жаһанды жайлаған індетпен күресте әр сағат, әр секунд маңызды. Вирус әбден тығырыққа тықсырғанда, елдігімізді танытып, құдық қазып, ернеуін суға толтырсақ, сауабы мың еселенері анық.

«Адамның жақсысы жомарт» деген, бір жақсылардың арамыздан табылып, медицина қызметкерлеріне көмекке келеріне сенім мол. Себебі қандай дертке болмасын тосқауыл қойып, жеңіп шығуға жетелейтін құдіретті күш бар. Ол – бірлік пен сенім. Жақсылыққа деген сенім, игі іске жұмылдыратын бірлік болса, індетті жеңер күн де алыс емес.

Әлия ШАРАПИЕВА.

Суретте: аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Еркебұлан БЕЛЯКОВ