24.07.2020, 10:19
Қараулар: 158
Есің кетсе, ешкі жи

Есің кетсе, ешкі жи

Халқымыз ешкі өсірумен ертеден шұғылданып келе жатыр десек те, осы істің қыры мен сырын жақсы меңгерген адамдар қатары қазір азайып келеді. Мал шаруашылығын айтқанда, көбінесе ірі қараға қарай бүйрегіміз бұрып тұратыны да бар.  Дегенмен қоғамға қажетті қай іс болмасын, өз уақыты келгенде қайта жаңғырады. Өйткені, кезінде сол саланың өніміне деген сұраныстың артуы оның өркендеуіне серпін береді, нарықтың заңы осындай.  Ешкі өсіру ісіне де осындай көзқараспен қарауға тиіспіз. Өйткені, ешкі өсіруден сан түрлі пайда табуға болатындығын, бұл істің тиімділігі жоғары екендігін іскер адамдар қазірдің өзінде жақсы аңғара бастады. «Серкесіз отар сорлы» деген, ешкіден келер пайданың көл-көсір екенін енді ұғына бастағандаймыз.

Ешкі күтімді көп қажет ете бермейтін, өзге түлік түрлеріне қарағанда тезірек көбейетін, табиғи жағдайға төзімді мал. Азықты да көп талғай бермейді.

Ешкінің басты қасиеттерінің бірі оның сүтінде. Жас балалар үшін ол кейбір жағдайда ана сүтін де айырбастай алады. Себебі, ешкі сүті жеңіл қорытылады. Қоректік қасиеті де жақсы. Адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Оның құрамында кальций, фосфор секілді адам ағзасына қажетті минералды заттар молынан кездеседі. Бұл заттар бала сүйегінің бекуіне жақсы әсер етеді. Ешкі сүтін суық тиіп ауырғанда да қолданады. Сондай-ақ ол бауырдың қабынуынан, асқазан жарасынан, демікпе ауыруынан сақтайды. Ешкі сүтінің құрамында В, В2, С және А витаминдері өте мол.

Ешкі 14-15 жылға дейін өмір сүреді. Әр күн сайын одан 4-7 литр сүт саууға болады. Бір ешкіден жылына кемінде 300, әйтпесе 800 грамға дейін түбіт алынады. Әдетте, түбіттің молынан болуы ешкінің күтімі мен азықтандырылуына көп байланысты.

«Түбітті түте алмаған жүн етеді» деп атам қазақ айтқанындай, егер сіз ешкі бағу жайымен дұрыс таныс болмасаңыз, бұл істен көп пайда көре алмайтындығыңызды алдын-ала айта кетейік. Бірақ, бұдан тағы қорқуға болмайды. Өйткені, ешкі өсіру сондай бір қиын шаруа емес. Ең бастысы, іске деген ынтаңыз болуы керек.

Ешкіні күту. Ешкі көп бап талғамайтын жануар екендігін жоғарыда айттық. Оны күтімге алуға кез келген орын-жай, яғни қора жарай береді. Тек ол құрғақ та, жарық болуы керек. Ешкінің бір әлсіз жері, оған жел тиюі мүмкін. Сондықтан қораның іші желкем болмағандығын ескерген жөн. Егер қораның ішкі температурасы жазда 5 градустан ыстық, қыста 10 градустан суық болмаса, осы жағдайдың өзі оған жарап жатыр.

Ескерте кететін бір мәселе, егер қора тым ылғалды болса, ол ешкі сүтіне әсер етеді. Сүттің майлылығы төмендейді.

Ешкі – мазасыздау мал. Сондықтан қорада оны азықтандыру үшін арнаулы шөп салғыштың болуын және оның ернеуі еденнен 60-70 сантиметрдей биік болуын ескерген жөн. Әйтпесе, шөпті аяғымен таптап, босқа рәсуә қылуы мүмкін. Сондай-ақ, суаратын ыдыстың да қабырғаға бекітулі болуын ескеріңіз. Егер мүмкіндігіңіз болып жатса, суды күніне екі рет ауыстырып отырыңыз. Өйткені, ешкі таза және өзі де тазалықты сүйетін мал. Сондай-ақ, ешкіні қорада салқын еденге жатқызбай астына сабан немесе құрғақ жапырақтар, ол болмаса ағаш үгінділерін төсегеніңіз жөн. Осының барлығы ешкі күтіміне, ең бастысы, оның жақсы да сапалы өнім беріп, сіздің табысыңыздың артуына оңды ықпал етеді.

Ешкіні қалай азықтандыру керек? Ешкіні қолда ұстасаңыз, оның ең негізгі азығы шабындықтың шалғын шөбі екенін естен шығармаңыз. Салмағы 45 келі тартатын ешкі күніне 2 келіге дейін шөп жейді. Қысты күндері құрамажеммен немесе кебекпен қосымша азықтандырып отырған дұрыс. Оларды әдетте, қатқыл азық түрлеріне қосып, ылғалдандырып береді.

Ешкі бір уақыт тұз жалап, бор жегенді ұнатады. Азықтандырудың қысты күнгі мөлшерлі рационы – 2 келі шөп, 2 келідей түрлі қосындылар мен қалдықтар, 0,2 келі концентраттар.

Ешкіні қыстағы қол күтімінен жазғы еркін жайылымға бірте-бірте шығару керек. Ешкінің жазғы күнгі азығы – даланың, ой мен қырдың жасыл шалғын шөбі. Оны жайылымға әдетте, даланың таңғы шығы кепкен уақытта шығарады. Жаз кезінде күніне екі рет суарып отырған жөн.

Негізінде ешкіні дұрыс азықтандыра білудің маңызы зор. Бұл оның тез жетілуіне және өнімділігіне тікелей әсер етеді. Әсіресе, лақ кезінде дұрыс азықтандырылмаған ешкі әлжуаз өсіп, денесі дұрыс жетілмейді де, осыдан барып дұрыс өнім бере алмайтын болады.

Ешкіні өз төлі есебінен көбейту. Ешкі тез өсіп жетілетін өсімтал түлік. Көбінесе, егіздеп лақтайды. Шағылыстан кейінгі құрсақтану кезеңі 150 күнді қамтиды. Туған лақтардың өзі 6-7 айында жыныстық тұрғыдан жақсы жетіледі. Дегенмен ешкі негізінен 1,5 жылға дейін өсетіндіктен, оларды 16-18 айға дейін шағылысқа қоспаған жөн. Өйткені, ерте лақтап, дұрыс жетіле алмай қалады.

Өнімді өткізу тәсілдері.Ешкіден алынған өнімдерді (сүт, түбіт, қылшық) шағын бизнес ұйымдарымен келісімшарт жасасу арқылы немесе жарнама беру арқылы сатуға болады.

Ешкі өсіруге жұмсалатын шығын:

Лақ сатып алу – 10 бас х 7 000 теңге = 70 000 теңге.

Шөп сатып алуға – 12 000 теңге.

Кебек пен құрама жем сатып алуға – 4 000 теңге.

Барлық шығын: 86 000 теңге.

Кіретін кіріс пен пайда:

Бір ешкінің мөлшерлі бағасы – 15 000 теңге. 4 ешкі сатсаңыз 60 000 теңге кіріс аласыз. Қалған ешкіні өсіру үшін қалдырасыз.

Жарты жылдың ішінде бір ешкіден кем дегенде 150 грамм түбіт алуға болады. Сонда 10 ешкіден 1 500 грамм түбіт аласыз. 1 грамм түбіт 300 теңге тұрады. Сонда сіз 10 ешкінің түбітінен 450 000 теңге кіріс қарата аласыз. Түбіттің басты қасиеті – жылу сақтағышы. Сондай-ақ, ол ылғалды көп сіңіреді. Түбіттің табиғи түсі көбінесе ақ, қара, қоңыр болып келеді. Ақ түсті түбітті кез-келген түске бояуға болатындықтан, жоғары бағаланады.

1 литр ешкі сүті шамамен 250 теңге тұрады делік. Демек күніне 1 ешкіден 4 литр сүт алсаңыз, ол 1000 теңге тұрады. Сонда 1 ешкінің сүтінен ғана айына 30 000 теңге, ал жарты жылда 180 000 теңге кіріс алуыңызға болады. Егер 10 ешкі сауып сатсаңыз, сонда қаншама пайдаға кенелесіз. Демек, көзін тапқан адамға Шекшек ата түлігінің қадірін түсініп, көбейтіп, оның өнімдерін саудалау – өте тиімді бизнес көзі.

Дайындаған Әсел ШЫРАЙ.