24.07.2020, 10:23
Қараулар: 130
Несиемен кәсібіңді өркендет

Несиемен кәсібіңді өркендет

Ауылда кәсіпкерлік қанат жайып, жылдан-жылға қарқын алып келеді. Қазіргі уақытта мемлекет ауыл жұртының мал шаруашылығымен және басқа да кәсіп түрлерімен айналысып, жағдайларын жасаулары үшін жеңілдетілген несие беру арқылы мүмкіндіктер қарастырып отыр. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланғанның нәтижесінде қорасы малға толып, кәсібі өрге басып отырған ауылдықтар аз емес. Ал осы несиені қалай және қайдан алуға болады? Шарттары қандай? Бұл жөнінде газет тілшісіне сұхбатта аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Бақтыгүл Ержанова жауап берді.

– Бақтыгүл Ғилманқызы, алдымен несиелендіруге бағытталған бағдарламалар туралы толығырақ айтсаңыз.

2017 жылдан бері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты бойынша ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие берілуде.  Бұл бағыт бойынша жұмыстарды ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жүзеге асыруда. Қор  ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Нақты айтар болсақ, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауылдағы бизнесті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобалары. Несие жалпы 6 пайызбен, ал, көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4 пайызбен беріледі.

Несие алуды өтініш білдірген адам алдымен жасақтаған бизнес-жоспарының көлемінде 8000 АЕК-ке дейінгі көлемде қаржы ала алады. Ол мал шаруашылығы саласына 7 жылға, кәсіпкерліктің өзге салаларына 5 жылға беріледі. Сонымен қатар, әр салаға байланысты 1 жылдан 2 жылға дейінгі аралықта жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Бұл кәсіпкерлерді қолдаудағы таптырмас мүмкіндік.

Осы орайда тағы бір айта кететін жеңілдік бар. Егер шаруа асыл тұқымды ірі қара мал сатып алатын болса, кепілдікке 25% жеке меншік мүлігін қояды, қалған 75%-ке сатып алған малды кепілге қоюға болады. Бұл шаруаларға өте тиімді. Біріншіден, кепілдік мәселесі шешіледі, екіншіден, сапалы асыл тұқымды мал басын көбейтеді.

– Өз кәсібін ашқысы келетін ауыл тұрғыны несиеге қалай қол жеткізе алады? Ол үшін не істеу керек?

«Еңбек» бағдарламасы аясында шағын несие алып, кәсіп ашқысы келетін азаматтар әрине жұмыссыз болуы керек. Яғни, біздің орталыққа тіркеліп, ол жерден «Бастау» жобасы бойынша бизнес негіздерін үйрететін оқу курсынан өтуі тиіс. Содан кейін ол жерден алған сертификаты мен бизнес-жоспарын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының мамандарына көрсетіп, ары қарай несие алуға өтінім қалдырады. Егер кәсіпкер ретінде заңды түрде тіркелген, кәсібін 3 жылдан астам уақыт жүргізіп отырған кәсіпкер бизнесін кеңейткісі келсе, бірден өтінім қалдыруына болады.

Несие алушыларға қойылатын талаптар да жоқ емес. Жоғарыда айтқанымдай, кәсібін енді бастайтын азаматтың кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс. Несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек. Осындай талапқа сай болса, он шақты күнде несиеге қол жеткізе алады.

Ауылда кәсіп ашқысы келетіндердің басым бөлігі қай саланы жөн көреді? (мал, құс, қызмет көрсету)

Жалпы, «Еңбек» бағдарламасының аясында кәсіптің барлық түріне несие беріледі. Дегенмен, ауылдықтардың мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлетінін аңғаруға болады. Айталық, өткен жылы 102 адамға 421 млн теңге несие берілсе, оның 91-і мал шаруашылығы саласына бөлінген. Биыл да осы тенденция байқалады. Жоспар бойынша 98 адамға 325 млн теңге қарастырылды, әзірге 21 кәсіпкер 93 млн теңгенің несиесін иеленді.  Одан бөлек, кәсіптің кез келген түрімен айналысатын азаматтар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мысалы, техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан,  тігін цехын, ағаш шеберханасын, сұлулық салонын, құрылыс материалын, автокөлік бөлшектерін сататын дүкен ашқан және тағы басқа да бизнес түрлерін қолға алып, табысты жұмыс істеп жатқан жерлестеріміз өте көп.

– Несие берілмей қалатын жағдайлар бола ма?

Жоғарыда ескертіп өткенімдей, талаптарға сай келмеген жағдайда ғана несие берілмеуі мүмкін. Мысалы, 90 күннен астам уақыт несие төлеу мерзімі өтіп кеткен адам Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие ала алмайды. Салығын төлемегендерге де несие берілмейді. Несие тарихы жақсы болып, кепілдікке қоятын заты жетіп тұрса, ешқандай қиындық болмайды.

– Кепілдік демекші, ауылды жерлерде көпшілікке кепілдік мәселесі кедергі болады. Мұның шешімі бар ма?

Иә, бұл мәселенің шешімі бар. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өткен жылдың қыркүйек айынан бері кепілдендіру қызметін атқарып келеді. Егер сіз «Еңбек» бағдарламасына қатысып, шағын несие рәсімдегіңіз келсе, бірақ кепілдікке қоятын мүлігіңіз жетпесе, несиені кепілдендіру қызметін пайдалана аласыз. Мысалы, кез-келген ауылдағы азамат несие серіктестерінен немесе микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдейтін болса, бірақ кепілге қоятын мүлкі жетпесе, Қор ұсынатын кепілдендіру құралын пайдалануға болады.

Стартап-жобалар мен істі жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін несие сомасының 85 %-на дейін, жұмысы жүріп жатқан кәсіпкерлер мен зәкірлік кооперацияға қатысушылар үшін несие сомасының 50 %-на  дейін, көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелері үшін несие сомасының  95%-на дейін кепілдендіріледі. Толық ақпаратты біздің орталықтан 8-7113-692024 немесе аталмыш қордың 8-7112-241568,8-7112-241536,8-7112-241565,8-7112-241778 телефон нөмірі арқылы алуға болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Әсия ШЫРАЙ.