24.07.2020, 10:33
Қараулар: 170
Таксистер баяғы әніне басты

Таксистер баяғы әніне басты

Төтенше жағдай кезінде Орал қаласы мен аудан орталығының арасында жолаушы тасымалымен айналысатын таксилердің қызметіне шектеу қойылғанымен, олардың мұртын балта шаппағаны рас. Бұрын 4 кісіден 1000 теңгеден жолақысын алған олар енді көлікке мінген екі кісіге бір салонның бағасын бөліп төлетті. Олардың кейбіреулерінің айласын көптен асырмақшы болып, көлікті лық толтырып алып, әр адамнан 2000 теңге талап еткені әлеуметтік желі парақтарында көтеріліп, газетте де талқыланды.

Маусымда аяқталған карантиннен соң баға қайта орнына келгенімен, карантин режимінің орнауы мұң-ақ екен, таксистер сол баяғы әніне басты. Тек қазір бұрынғыдай блок-бекеттер жоқ, тексерістің жоғын пайдаланған кейбір «пысық» такси жүргізушілері  толық салон алып, жолақы бағасын 1500 – 2000 теңгеден қойып, «қалтасын қалыңдатамын» деп әлек боп жүр. Бұл жағдай тек аудан орталығында ғана емес, өзге ауыл-елдімекендерде де көрініс табуда.

Еске сала кетейік,  карантин кезінде санитарлық талаптарға сай такси қызметіне де шектеу қойылдған. Яғни, таксистерге жеңіл көлікке 2, шаран тектес көлікке 3 адамнан артық алуларына болмайды. Ал бұл талаптарды бұзған жеке тұлғаларға заң бойынша 833400 теңгеден жоғары айыппұл  қарастырылған. Егер осындай жағдайға кезіксеңіз, фото, бейнедеректерін қоса отырып, аудандық полицияға өтініш жазыңыз.

Тағы бір ескертеріміз, жолаушы тасымалымен айналысатын адам сізге жолақысы көрсетілген чек беру керек. Бермесе, талап етіңіз. Сылтауратып, тағы бермесе, ақшаны төлемей, көліктен түсіп жүре беруіңізге болады. Заңның талаптары сондай .

Сонымен қатар шетелдік (армяндық, ресейлік, т.б.) нөмірлі көлік иелері тасымалмен айналысуға құқықтары жоқ. Егер «Чапайға, Чапайға» деп әндеткен таксистердің қатарынан осындай көлік көрсеңіз, мінбегеніңіз абзал.  Жаман айтпай, жақсы жоқ. Жолда бірдеңе бола қалса, олар жолаушыларының өміріне келтірілген қауіп үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

Өз құқықтарымызды біле жүрейік!

Әсем ЕСБЕК.