10.08.2020, 9:45
Қараулар: 135
Интернетпен оқиды талай қазақ баласы – 2

Интернетпен оқиды талай қазақ баласы – 2

Еліміз аймақтарында індет біраз бәсеңсігенімен, алдағы оқу жылының І тоқсаны тағы да қашықтан оқумен басталмақ. Балалардың арасында кеселдің таралуының алдын алу үшін бұл жүйенің тиімді екені айдан анық. Дегенмен, қашықтан оқытуда шалғай ауыл-елді мекендерде интернеттің болмауы пмен компьютерлік техниканың жеткіліксіздігі қолбайлау екенін өткен оқу жылының 4-тоқсаны толық дәлелдеді. Енді алдағы оқу жылында ауданда білім беру форматын қалай үйлестіруде, қандай мәселе бар. Бүгінгі мақаламызда осы мәселені қаузап, тараптардың пікіріне жүгінбекпіз.

Бірі – сыныпта, бірі — қашықтан

Жаңа оқу жылына дайындық қауырт. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың мәлімдемесіне сүйенсек, І тоқсанда мектеп оқушылары қашықтан білім алмақ. Дегенмен шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерде оқыту дәстүрлі түрде қала береді. «Ауданымызда 45 мектеп жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдайды. Бірден айтып кетейін, олардың қайсысы қашықтан, қайсысы дәстүрлі түрде оқитыны әлі нақтыланған жоқ. Десек те, 12 мектепте оқу үрдісі қашықтан ұйымдастырылады деп жоспарлап отырмыз. Себебі бұл мектептерде бала саны толық. Ал қалған шағын жинақты 33 мектепте оқушылар дәстүрлі түрде білім алуы әбден мүмкін. Бірақ бәрі де санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты. Егер осы ауылдарда індет ушығып, тұрғындар арасында вирус көп таралып кетсе, оқушылардың үйден білім алуын ойластыратын боламыз. Сондықтан мұғалімдер түгелдей дерлік қашықтан оқытуға дайын отыр. Оқу жылы қарсаңында 1125 мұғалім қашықтан оқыту үрдісі бойынша арнайы курстарда біліктіліктерін арттырды», – дейді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Уәлихан Малдыбаев.

Биыл  қашықтан білім алатын мектептерде 172 бала 1-сыныпқа келеді деп болжануда. Егер ата-аналары жазбаша келісім берсе, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектептен білім алуына жағдай жасалады екен. Сонымен қатар балабақшадан 1 сыныпқа келетін балалар үшін 1 апталық мектепалды даярлық курстары ұйымдастырылады. Десе де, ата-аналардың көбі бұл қадамға шешімді қабылдауға бетін басып отырған сыңайлы. Күздің қоңырсалқын айларында індет өршіп кетсе, қанша алшақтық сақта деп үйден құлағына құйып жіберсең де, бір-бірін көрсе, алысып-жұлысып кететін балаларға қалай тоқтау саларсың. Ересектердің өзін маска киюге үйрете алмай отырғанда, балдырғанның мұғалімнің көзін ала бере бетіндегісін жұлып аларына еш шүбә жоқ. Осы орайда кезекші сыныпқа балаларын беруге қарсы болып отырған ата-аналардың уәжі де ақылға қонады.

Ал дәстүрлі оқыту формасында қалатын мектептерде жағдай қалай болмақ? Уәлихан Өтешқалиұлының айтынша, бұларда оқу кезінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы шарт. Оқудың бұл түрін қолға алу үшін біршама қаражат шығарылуы тиіс. Талап бойынша әр бала жеке қорғаныс құралдарымен қамтылуын қарастыру қажет болса, мектепте дене қызуын қашықтан өлшейтін термометр, антисептик, уақтылы зарарсыздандыруға қажет заттардың барлығы болуы тиіс. Аудандық білім бөлімі сыныпта оқытатын мектептер бойынша қажет матералдардың тізімін жасақтап, облыстық білім бөліміне жолдаған. Жаңа оқу жылына дейін жеткізілсе деп үміттеніп отыр.

Бұл тұста да үлкен бір мәселенің шетін байқадық. Бұрын мектептегі медициналық қызметкерлер аудандық білім бөліміне қарасты болса,  2017 жылда олардың барлығын аудандық ауруханаға штаттық қызметке аударды. Соңынан негізгі мектептердегі медбикелер қайтадан білім бөліміне жұмысқа қабылданғанымен, орта мектептерде жағдай сол күйінде қалып қойыпты. Сондықтан шығар, медбикелер бұрынғыдай кабинеттерінде үнемі отырмайды, тек шақырған кезде ғана келіп, қызметіне кіріседі екен. Бастауыш мектептерде медициналық қызметкер деген атымен жоқ. Індет жайлаған осы күндерде білім ордасындағы шәкірттердің денсаулығын күнделікті құнттап отырудың маңызы айтпаса да, түсінікті.

Интернет әлсіз, компьютер жетіспейді

Осыған дейін газетіміздің бетінде жарық көрген «Интернетпен оқиды талай қазақ баласы», «Жүйкені жұқартқан төртінші тоқсан» тақырыбындағы мақалаларымызда ауыл-елді мекендердегі интернеттің жоқтығын, компьютер, не смартфонның жоқтығынан зардап шеккен оқушылар мен «сенің табаныңа кірген шөңге менің басыма неге кірмейді» деп баласына алаңдаған ата-ананың бастан кешкен күйін жазған болатынбыз. Ал осы жылдың басы қашықтықтан оқытылатыны айтыла бастағаннан бері көптеген ата-аналардан тағы маза кете бастады. Әсіресе телефонмен байланысы дұрыс ұстамайтын ауыл тұрғындары  ұл-қыздарының білім алу сапасына алаңдаулы. Мысалы, Базартөбе ауылдық окурігіне қарасты Қадырқұл ауылының тұрғыны Амангелді Құлиясов төртінші тоқсандағы онлайн оқудың қиындығын былай баяндап берді. «Менің алты балам бар, соның төртеуі мектеп жасында. Аяқ астынан елімізге енген жұқпалы індетке байланысты олар қашықтан оқытуға көшті.  Әрине сақтық үшін ұл-қызымыздың үйде отырғанын қалаймыз. Дегенмен білім сапасы туралы айтар болсақ, үйде отырып оқыған  олар мардымды білім ала алған жоқ. Телефонда байланыс болмағасын, ұстаздарынан келген хабарлама, тапсырмаларды уақытында аша алмай, бағдарламадан қалып қойғанын көріп, қатты қиналған  күндеріміз көп болды. Сонымен қатар олардың әрқайсысының қолына бір  телефон ұстату мен үшін оңай болмады. Қолға тиген екі ақ байланыс құралымен кезектесіп оқыған кездер өтіп еді. Жаңа оқу жылы басталады деген сайын, 1-сыныпқа барғалы отырған қызым үшін аса уайымдағаным рас. Шағын жинақты мектептерде оқыту дәстүрлі түрде жалғасуы мүмкін деген соң, әзірге қорқынышым сейілді. «Ауру айтып келмейді» деген, індет ауылымыздан шығып, балалардың арасында да тарап кете ме деп те алаңдаймын. Әрине ел-жұрт аман болып, баршамызды әбігерге салған індеттің тез жойылуын тілеп жүрген жандармыз» Осылай деп өз ойын айтқан ауылдағы ағайынның сөзі барша ауылдастарымыздың пікірімен үндес деп ұққан жөн шығар.

Тамыздың басында отандық БАҚ өкілдері халықтан «Үкімет 500 мың оқушыға компьютерді пайдалануға береді» деп, шүйінші сұрағаны көпке аян. Бірақ олардың барлығы сұрағанның қолында, жылағанның аузында кете бермейтіні мәлім. Сондықтан аудандық білім бөлімінде арнайы тізім жасақталды. бұл тізімге атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы, қамқорлық пен қорғаншылықтағы, даму мүмкіндігі шектеулі балалар еніпті. Аталмыш тізімдегі ұл мен қыздың санынан сіз түгілі, біразды көрген біз де жағамызды ұстадық – тұп-тура 1881 оқушы. Олардың ішінде 148 баланың компьютері болса, 90-ының интернет желісіне қосылуға мүмкіндігі бар.

«Бізге әлеуметтік қолдауға зәру отбасының балаларын компьютерлік техникамен қамту жөнінде нұсқаулық келді. Мектептердегі компьютер мен ноутбуктер барлық баланы түгел қамтуға жетпейді. Ыстық тамақтан үнемделген қаржыдан 25 миллионға 114 ноутбук сатып алынды. Олардың барлығы да мұқтаж отбасыларға таратылып беріледі, бірақ қашықтан оқыту аяқталған бойда, мектептерге қайтарылуы тиіс. Дегенмен қолдағы техника да аздық етеді. Тиісті өтінішті облыстық білім бөліміге жолдадық», – дейді У.Малдыбаев.

Жоғарыда айтқанымыздай, 12 мектеп қашықтан білім беруді жалғастырады. Олар, Абай атындағы мектеп-гимназия, М.Әуезов атындағы, Алғабас, Алмалы, Базартөбе, Бітік, Бударин, Талап, Қаршы, Байсиықов, Тайпақ орта мектептері. Аудан орталығы мен Тайпақ ауылында ғана кең жолақты ғаламтор желісі бар екенін ескерсек, өзге ауылдардың жағдайы қиын болайын деп тұр. Уәлихан Өтешқалиұлы мұндай ауылдарда білім беру үрдісі баламалы түрде ұйымдастырылатынын айтады.

Бала үшін ата-ана сабақ оқи ма?

Өткен оқу жылының 4-тоқсанындағы тәжірибе оқушылардың басым бөлігінің өз бетімен білім алуға даяр емес екендігін көрсетті. Әлеуметтік желіде сабағын үлгермеген балаға дүрсе қойған ата-ана, мұғалімді сағынып, еңіреген балдырғанның бейнеролигі хитке айналғаны – бүгінгі шындықтың көрінісі. Расында да, өзі жұмыспен, күнделікті тірлікпен басы айналған ата-ана баласына сабақты түсіндіргеннен гөрі, жеңіл жолды таңдап, үй тапсырмасын өзі орындап тастағанының талай куәсі болдық. Кейбіріміздің тіпті осы сипаттаудан өзін танып отырғаны да анық. Білім мамандары бұл әрекетіміздің дұрыс еместігін, балаға көмектесудің орнына кесел келтіріп жатқанымызды айтып шырылдауда. Партада отырған оқушыға мұғалім сабағын жасап бермейді ғой, тек кезекті сабақты түсіндіріп, оқушының берген білімді игеруін қадағалайды. Үйден білім алғанда да осылай болу керек дейді мамандар. Сондықтан 4-тоқсанда қашықтан оқудың әлегін көрген ата-аналарға әр мектептің психолог мамандары түрлі нұсқаулықтарды слайд түрінде мэссенджерлер арқылы таратуда. Гәп осыларды пайдаға жаратуда екені айтпаса да, түсінікті.

Қалай болғанда да, қашықтан оқыту  балаларымыздың денсаулығын сақтаудың бірден-бір амалы екендігінде дау жоқ. Сол себепті жауапкершілік жүгі бұрынғыдан бірнеше есе ауырлай түскен мұғалімдердің өз шеберлігін көрсететін уақыт бұл. Ата-анаға да індеттің беті қайтқанша, ұстазды алмастыра алмаса да, балаларының оқуына бек назар аударатын кез. Бастысы, перзенттеріміз аман болсын!

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ