10.08.2020, 9:48
Қараулар: 55
Облыста «Үздік ауыл әкімі» атанды

Облыста «Үздік ауыл әкімі» атанды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ауыл әкімдерінің беделін көтеру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін кеңінен насихаттау, үздік кәсіби білімі мен дағдылары бар ауыл әкімдерін анықтау және ынталандыру мақсатында республикалық конкурс өткізілуде.

25 мамырда жарияланған байқауға облысымыздың 15 әкімі құжаттарын тапсырып, олардың 13-і  іріктеуге жіберілді. Конкурс талаптары бойынша мемлекеттік қызметшілердің этикасын сақтауы мәселелері бойынша әдеп жөніндегі уәкілдің сауалнамасы, жергілікті әкім жұмысының тиімділігіне халықтың қанағаттануын өлшеу үшін елді мекен тұрғындарының арасында онлайн саулнама жүргізіліп, қатысушылар жобалық жұмыстарын қорғап, эссе жазды. Аудан орталығы Чапаев ауылдық округінің әкімі Нұртаза Нәбиденов байқаудың осы шарттарынан мүдірмей өтіп,  өңірлік деңгейдің жеңімпазы атанып, республикалық кезеңге жолдама алды.

2016 жылдан бері округ әкімі лауазымын атқарған ол көптеген игі істерге ұйытқы болды.  Айталық,  Чапаев ауылында 24 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үй салынып, жетім балалар, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген зейнеткерлер, мүгедектер, аз қамтылған, көп балалы, мүгедек бала асыраушы отбасыларына берілді.  Сонымен қатар, ауыл ішінде иесіз бос жүрген малдарды қамау алаңы ашылып, жол белгілерін жаңартылды. Ауылымыздың күн санап ажарланғаны  – абаттандыру жұмыстарына пәрмен берген округ басшысының  еңбегі.  Жұмыспен қамтуды үйлестіру мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл басынан 4 отбасы ауыл шаруашылығы малдарын алу үшін несие алып,  23 отбасы қайтарымсыз грантқа ие болды. Жыл басынан 367 жұмыссыз түрлі қоғамдық жұмысқа тартылған. Еселі еңбекке жұмылдыра білудің нәтижесі бұл.

Өз тілшіміз