10.08.2020, 9:53
Қараулар: 145
Құрылыстың сапасы маңызды

Құрылыстың сапасы маңызды

Апта сәрсенбісінде облыс әкімінің орынбасары Тимур Шәкімов ауданымызда жұмыс сапарымен болып, бірқатар ауылдық округтерде және аудан орталығындағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовпен бірге Алғабас ауылдық округіне ат басын бұрған ол осында күрделі жөндеуден өтіп жатырған мектепке келді. Аталмыш нысанның жөндеуі мемлекеттік «Бизнестің-жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Мердігері «Батысстройинвест» ЖШС жұмыстарын мамыр айында бастап кеткен болатын. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс сапасындағы кемшіліктерді сынға алды.  Мысалы, тамыз айы басталғанымен, терезелері уақтылы ауыстырылмай, едендері де жаңартылмаған. Мердігер өкілі мұның себебін көршілес Ресей мемлекетінен пойыз арқылы тасымалданатын құрылыс материалдарының кешеуілдеуімен түсіндіреді.  Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Тимур Әдиетұлы жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталып, көрсетілген мерзімге тапсыруын міндеттеді.

Айта кетейік, Алғабасқа Орал-Атырау тасжолынан тартылатын жолдың  17-шақырымының жөндеу жұмыстары енді бір айдан соң басталмақ. Ауқымды істің мердігері де анықталған – оралдық «Жайыққұрылыс» ЖШС.

Бұдан соң Т.Әдиетұлының сапары Бударин ауылдық округіне қарасты Коловертное ауылында жалғасып, медициналық пункттің жұмысымен танысты. Ғимараттың сыртқы жөндеу жұмыстары аяқталып қалған, ішінде қызу жұмыс. Учаске басшысы есіктері орнатылып біткен бойда халық игілігіне пайдалануға беретінін айтып, уәде берді.

Жаңабұлақ ауылдық округінде кіре беріс жолға асфальт төселуде. «Тоби» ЖШС атқарған юқл жұмыстармен танысқан облыс әкімінің орынбасары жұмыс қарқыны мен сапасына оң бағасын берді.

Құрылыс сапасы жайында әңгіме түстен кейін Чапаев ауылында да болды. Айталық, осында  Абай атындағы мектеп гимназиясы мен оның ғимаратын, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын «Алтим» ЖШС-нің жұмысшы-қызметкерлері жүргізуде. Бірінші нысан басындағы құрылысшылар жүздесуде ғимараттағы жұмыстар мерзімінен кештеу атқарылып жатқанын баяндады. Десе де, межеленген жұмысты уақытында аяқтауға барын салуда.

Чапаевтаеғы тағы бір қуаныш – көлемі 47х27 шаршыметр болатын спорт алаңы (мердігері «Қалдығайты» ЖШС) пайдалануға берілетін күн алыс емес. Бұған жергілікті бюджеттен 30,6 млн. теңге бөлінді.

Жұмыс сапары бұдан соң Жамбыл ауылдық округінде жалғасты. Осында облыс басшысының орынбасары ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп жатырған құрылысшылармен жүздесті.  Жоба шарттарына сай құрылыс жұмыстарының мердігері «Ингострой» ЖШС осы тамыз айының соңына жөндеуді аяқтауға уәде етті.  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатырған ауыз су тарту жұмыстарында бақылап көрді. Жұмысшы-қызметкерлермен жүздесуде бұл істерде де қарқынды төмендетпеу туралы әңгімеленді.

Әсет САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ