10.08.2020, 9:57
Қараулар: 94
#STOPCOVID19

#STOPCOVID19

COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцина сынақтан сәтті  өтуде. Пандемияға байланысты ілім-білімі озық елдермен қатар Қазақстан да жедел түрде COVID-19-ға қарсы вакцинаны жасай бастады. Айта кетейік, елімізде денсаулыққа аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакцина жасақтаудан қомақты тәжірибе жинақталған.

Ғылыми зерттеулердің нәтижесінде қысқа уақыттың ішінде, яғни 9 мамырға дейін Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ғалымдары алғашқы вакцинаны шығарды. 15 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны өз сайтында клиникаға дейінгі сынақтарға арналған кандидаттық вакцина ретінде тіркеді.

Тіркелген күннен бастап вакцинаның зертханалық жануарларға сынақтары басталды.  Қазіргі таңда зерттеу нәтижелері ДДСҰ регламенттеген барлық шамалар бойынша және ҚР Мемлекеттік фармакопеясының талаптарына сәйкес келетінін көрсетті.

Клиникаға дейінгі сынақтар аяқталған бойда вакцинаның клиникалық сынақтары басталады. Сонымен қатар БҚПҒЗИ ғалымдары түрлі платформаларда тағы үш вакцинаны даярлауда.

***

Ұзартылған екі аптаға 42 500 теңгенің жартысы төленеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бар. Екі аптаға карантин созылды. Төлем беріледі. Бірақ 42 500 теңгенің жартысы 21 250 теңге төленеді».

Ол сонымен қатар 17 тамыздан бастап санитарлық талаптарға сай келетін нысандардың жұмысқа кірісетінін айтты. Алдағы екі апта осы ашылу шарасына дайындық жүргізіледі.

***

Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарды маска тағуға міндеттейтін бұйрық жарияланған күннен, яғни  30 шілдеден бастап күшіне енгенін айтты.

«Біз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бірқатар шет мемлекеттерде азаматтардың жабық жерде де, далада да маска тағуға міндеттелгенін білдік. Мысалы, қазір АҚШ-тың 43 штатында, Польша, Австралия, Словакия, Вьетнамда тұрғындардың маска тағуы міндетті», – деді министр.

Оның айтуынша, қоғамдық орындарда азаматтар немен айналысып отырса да, маскасын шешпеуі тиіс. Сондай-ақ, масканы жас та, кәрі де тағуы міндетті. Ал, жазғы кафелерде тамақтанатын жандар тиісті ара қашықтықты сақтауы қажет. Маска тақпаған жандарға айыппұл салынады.

«Біз коронавирус инфекциясын бәріміз біріге отырып жеңе аламыз. Әрбір қазақстандықтан үйден басқа жерде міндетті түрде маска тағып жүруін, көшеде жүргенде өзара ара қашықтық сақтауын сұраймын», – деді Алексей Цой.

***

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қоғамдық орындарда маска тағуды міндеттейтін бұйрыққа өзгеріс енгізді. Енді далада 5 жасқа дейінгі балалар және спортпен айналысып жүргендерге маска тақпауға рұқсат етіледі. Алайда топтық жаттығулар жасағанда 5 адамнан артық жиналуға болмайды. Азаматтар өздерінің жеке көлігімен қатынаған кезде, жер үйдің ауласында серуендегенде, маска тағудың еш қажеттілігі жоқ. Көпқабатты тұрғын үйдің маңында бетпердесіз жүруге болмайды.