10.08.2020, 10:01
Қараулар: 143
Тілсіз жау 4 адамның өмірін жалмады

Тілсіз жау 4 адамның өмірін жалмады

Жаз мезгілінде өзен, көл жағасында жақсы дем алып, уақытты мазмұнды өткізуге болатыны мәлім. Алайда, өкінішке қарай, көп жағдайда суда қайғылы оқиғалар орын алып жатады.

Ағымдағы жылдың өзінде аудан  аумағында 4 адам суда қаза болды, олардың екеуі жасөспірім.

Бірінде Бударин ауылдық округінің қыстағында қыз бала жазатайым аяғы тайып, суға құласа, Тайпақ ауылының өспірімі Жайық өзенінің келесі бетіне дейін жүзіп өтемін деп, суға кетеді. Ал Битілеу мен Жаңабұлақ ауылдарында қайғылы оқиғаның орын алуына азаматтардың мас күйінде суға түсуі себеп болған.

Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында  «Судағы қауіпсіздік» айлығы басталды. Өткен аптада Ақжайық ауданы аумағында орналасқан су қоймаларында суға шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адамдардың қазасын болдырмау мақсатында су қоймаларының жағалауларына №6 Құтқару бөлімі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полиция бөлімі, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлерімен бірлесе рейдтік іс-шаралар өткізілді. Тексеріс барысында жағалауда демалушыларға судағы сақтық шаралары мен қауіпсіздік ережелерін дыбыс зорайтқыш қондырғылары арқылы түсіндіріліп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларға ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 364-бабы бойынша 14 адамға  әкімшілік хаттамалар толтырылып, жадынамалар таратылды.

Рауан КАШКИНБАЕВ,

аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны