10.08.2020, 10:08
Қараулар: 137
«Қиын орақ» ағайынды әбігерге салды

«Қиын орақ» ағайынды әбігерге салды

Шөп науқанының қызып тұрған шағы. Қыстың қамын жазда ойлаған шаруалардың жайы биыл мәз емес. Шыққан көктің сұйықтығы, тіпті кей ауылдарда шалғы салатын шабындықтың болмауы ағайынды алаңдатуда. Сонда да шаруалар қылтанақ шөпті далада қалдырмай, қорасына қысқы мал азығын жинап алуға барын салуда. Мысалы, іргедегі Көнекеткен ауылдық округінде мал шаруашылығымен айналысатын 29 қожалық болса, соның екеуі Жымпиты ауданы аумағынан қысқы мал азығын дайындауға кіріскен. Қалған қожалықтар жылдағы шабындық жерлеріне орақ салған. Ал ауылдағы жеке тұлғалардың 79 пайызы қысқа дайынбыз деп отыр. Жалпы, Көнекеткенде 7200 гектар жер шабылса, соның 1720 гектары жекелеген тұрғындардың еншісінде.

«Жасыл ораққа» Бударин ауылының  шаруалары да білек сыбана кірісті. Шөптің аз болғандықтан, әзірге  қожалық иелері 3100 тонна шөпті тайлапты.  Шабындық басында шаруашылықтардың 34 тракторы, жеке тұлғалардың 3 техникасы шөп шауып жүр.

Мерген ауылдық округінен келген мәліметке қарағанда,  күні бүгінге 71977 тонна шөп дайын. Ауылға Тасқала ауданы жағынан тасымалданатын шөптің бір орамасы 7500 теңгеден саудалануда.

Қурайлысай ауылында осы кезге дейін 1740 тонна мал азығы дайындалса, оның 840 тоннасы жеке ауыл тұрғындарына тиесілі. Қазір шабындық басында  24  шаруа қожалығының жігіттері пішен дайындауда. Ауыл 14 жігіті де «қиын орақтың» машақатымен жүр.

Биылғы жылдың аптап ыстығы мен жауынның жоқтығы, сонымен қатар орман және дала өрттерінің орын алуы  шаруаларды біраз әбігерге салды. Әрине, шаруа қауым мұндайдың талайын бастан өткірген. Ақсуаттық ағайын да бір-бірімен жалғасып, әр айыр шөпті жинап алуға ұмтылуда. Осы кезге дейін мал шаруашылығымен айналысатын 22 қожалықтың 11-і 8200 гектар жерден  64660 тонна шөп орса,  бұнда ауыл тұрғындарының бесеуінің 30 пайыз үлесі бар.

Сартоғай ауылында бір  шаруа қожалығы Атырау облысының аумағына жігіттерді жолдады. Мақсат – шөп селдір шыққан биыл түсімі молдау шабындықтарды жалдап, Сарытоғайға пішен әкелудің жайы.

Өткен сенбіде Чапаевқа Көнеккеткеннің «Бірлестік» шаруа қожалығы саттыққа пішен әкелді. Әр «басы» 8000 теңгеден. «Пішені керім», — дейді алушылар. Биылғыдай жағдайда осыдан арзаны болмасы анық. Қайткенде де жұрт алдағы алты ай қысқа көп уайымсыз кіргені маңызды.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ