10.08.2020, 10:48
Қараулар: 129
Сегіз қырлы, бір сырлы

Сегіз қырлы, бір сырлы

Осындай теңеумен көбіне ер азаматтарымызды мадақтап жатсақ та, осыған лайықты нәзік жандыларымыз да аз емес. Біздің Есенсай ауылында осындай шебер, әрі шаруа әйелдер көп. Мен бүгін әңгіме еткелі отырған Сәуле Өмірзақова да қолына алған істі тыңғылықты тындыратын жанның бірі.

1954 жылы ауылымыздың Дәуренбай деп аталатын қыстағында дүниеге келген кейіпкеріміз жастайынан еңбекке араласыпты.  Шопандардан үлгі алып, қой қырқу науқаны кезінде алдыңғы қатарлардан көрінген. Жас болса да, талай мәрте мақтау қағаздарына ие болған еңбекқор жан. Бала жасынан оны ерекшелейтін шапшаңдығы мен тиянақтылығынан әлі күнге ажыраған емес. Әже атанса да, қазірдің өзінде көктем, күз айларында ауылдастардың уақ-жандық малдарын қырқып беріп, алғысқа бөленіп жүр.

Малдың еркек төлдерін пішіп беретін ептілігіне таңқалмасқа амалың жоқ. Сәуленің өзге де шеберлігі жайында да ел-жұрт құлағдар. Өйткені қолдан тігіп дайындаған көрпелері ағайынның көңілінен шығып жүр, сұранысқа ие.  Көзінің майын тамыза жасаған  еңбектерінің біздің жақта ұзатқан қыз жасауының  сәніне айналғаны  қашан?!  Берілген тапсырысты уақытында,көңілден шығатындай орындайтынына тапсырыс берушілер де риза.

Қолөнер шеберінің  шипагерлігі  бір бөлек әңгіме.  Жас нәрестелер көз тиіп, болмаса басқалай сырқаттанып жатса, ата-анасы дереу Сәулеге жеткізеді. Себебі ол баланы қалай қиып емдеудің қыр-сырын толық біледі.

Жолдасынан ерте айырылса да, шаңырағын сақтап қалғн аяулы ана  3 ұл 1-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде бір өзі ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.  Ұл-қыздары Ақсай,Орал қалаларына жұмыс бабымен қоныс аударған жанұялы жандар. Ал өзі атақоныс – Есенсай ауылында үлкен ұлының қолында тұрады, немерерінің алды аяқтанып, өз отбасын құрды.

Ауылдастарымыз  осындай қолы шебер, әрі шипалы адамды мақтан етеді. Кейінгі толқын жастарға көрсетер үлгі-өнегесі мол ауылдасымызға зор денсаулық, қолына қуат, ұрпақтарына амандық тілейміз.

Меруерт ҚАУЫМБАЕВА,

еңбек ардагері.

ЕСЕНСАЙ