10.08.2020, 10:51
Қараулар: 176
Табиғаттың сыйын қадірлейік

Табиғаттың сыйын қадірлейік

Орман – табиғаттың сыйы деп жатамыз.  Дегенмен осы сөзді әспеттеп айтқанымызбен, барымызды бағаламайтын әдетіміз бар. Жасыл желек жайқалған орманда адамдардың оны қорғау ережелерін  және өрт қауіпсіздігін сақтамайтын жайттары жиі кездеседі. Осы мақсатта Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық  мемлекеттік мекемесінің орман инспекторлары  ай сайын орман рейдтеріне шығып тұрады.

Осындай рейдтерде анықталғаны – көптеген азаматтар орманға рұқсатсыз мал жаюға, кез-келген жерден шөп шабуға болмайтынын біле бермейді.Ол үшін арнайы орман қорықшыларынан рұқсат қағаз алу керек. Әйтсе де, білмедім деп жазадан құтылып кете алмасы анық,  биыл осындай әрекеттері үшін 2 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар табиғатқа демалуға шыққан азаматтар заңды бұзғанын біле тұра, тұрмыстық қалдықтарды шашып немесе үйдің ауласынан шыққан қоқыстарын  орман қоры жеріне апарып төгеді. Және олар азаяр емес, мысалы,  биылдың өзінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 372 бабының 2 тармағымен 8 азамат жауапқа тартылды.

“Өрт – тілсіз жау” деп тегін айтылмаған. Оның шығу себептері көбінесе найзағайдан, шөп қалдықтарын, қоқыстарды қадағалаусыз өртеген шаруа қожалықтарының жауапсыздықтарынан, демалушылар мен балық, аң аулаушылар мен малшылардың жаққан оттарын сөндірмей кетулерінен болып жатады. Міне, осы ретте мемлекет тарапынан өрттің алдын алу және оны болдырмау шаралары қолға алынып, бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Орманда өрт қауіпсіздігі тәртібін бұзғандарды орман қорғау мемлекеттік мекемесі әкімшілік жауапқа тарта алады. Жыл басынан бері орманда өрт қауіпсіздік  талабын бұзған 2 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды.

Орман инспекторлары өздеріне бекітілген орман аймағында арнайы белгілер орнатты. Отын алуға барғанда азаматтар абайсызда осы белгілерді құлатып, сындырып кетеді. Осындай жағдай  биыл да тіркелді. Атап айтсақ, 3 азамат жауапқа тартылып, әрқайсысына 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Орманды қорғау, жасыл байлығымызды қадірлеп, сақтау әманда басты назарымызда. Әлбетте, бұл бүкіл жұрт болып жұмылғанда ғана жүзеге асатын іс. Сондықтан біз насихат жұмысын бәсеңдетпей, көпшілікті бардың қадірін білуге шақырамыз.

Венера ИМАНҒАЛИЕВА,

Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық ММ-нің заңгері