14.08.2020, 9:38
Қараулар: 120
«Мұқаштың» мықтылары

«Мұқаштың» мықтылары

Ақжол ауылдық округіне қарасты Битілеу ауылынан небары 9 шақырым жерде Жайлыбай деген қыстақ бар. Жайлыбай десе, дегендей, малға  да, жанға да жайлы, шөбі шүйгін, жайылымы шұрайлы құт мекен.

Осы қыстақтың басында ата-баба кәсібін өркендетіп отырған еңбекқор Мұқашевтардың тірлігі жөнінде көпшілік хабардар. Бүгінде 75 жасқа толып отырған Тельман ақсақал 1997 жылы осында «Мұқаш» шаруа қожалығын құрған. Кеңес үкіметінің құрдымға кетіп, колхоз-совхоздардың  тарап жатқан уақыты. Еңбекақысының өтеуіне 3 бас ірі қара, 6 қой мен 2 бас бие бұйырған екен. Соны алып, үш ауылдасымен бірлесіп, шаруа азамат осы қыстаққа келіпті.

Мал бағу оңай ма?! Малдың артынан малша жүретіні тағы бар. Тоқырау кезеңнің тосқан қиындықтары мен кедергілері болғаны жалпақ жұртқа айтпаса да, мәлім. Осыған төзіп-шыдай алмаған ауылдастары бет алған жолдан бас тартып, ауылға оралды. Әйтсе де темірдей төзім мен берік табандылық, адал еңбекке деген құштарлық сеп болған шығар, Тельман аға қандай қиындықтарға да шыдас беріп, бастаған ісін соңына дейін апаруға бар күшін салды. Пайға бұйырған азын-аулақ малын көбейту үшін аянбай тер төкті. Бастысы, ауыр күндер артта қалды, қазір міне жылдар бойы атқарған еңбегінің жемісін көріп келеді. Ол кезде ердің жасы елуінен енді асқан ел ағасының еңбегінің ақталғаны – өзі негізін қалаған «Мұқаш» шаруа қожалығы өркендеп, көпке үлгілі шаруашылыққа айналды.

Мұқаштықтар  бүгінде осы қыстақтан 180 бас ірі қара, 600 ден астам Шопан ата түлігін өрдіруде. 70 бас жылқы үйірімен тағы жайылып жүр. Сол 180 бас ірі қараның 80-і аналық сиыр болса, 60-тан астамы бұзау, қалғанын бордақылауға қойыпты. Ақсақал үшін бәрі күні кеше ғана басталған сияқты еді. Уақыт шіркін, көзді ашып -жұмғанша зымырап өте шықты. Ол уақытта қазіргідей емес, шөп шабатын техника, тракторлар жоқтың қасы. Барының өзі күнде сынып, әбден әбігерге салатын. Ауылдан далаға айдап алып келген малдарына қысқы азық дайындау үшін қол орақпен шөп шапқанын бүгін немерелеріне айтса, аңыз-ертегідей көріп, сілтідей тынып, тыңдайды. Шапқан шөпті ат арбамен жалғыз тасып, ала таңнан қас қарайғанша, шабындықтан қыстаққа жеткен күндер де есте. Соған қарамастан шаруашылығын көтеріп, дала төсін малға толтырған еңбеккердің қайратына еріксіз бас иесің.

Тельман ақсақалдың әкесі түйе бағып, төскейді түлеткен екен. Өмірдің берген сынағы ғой,  ол әкеден де, шешеден де 9 жасында айырылып, тұлдыр жетім атанды. Ағайынның қолында өсіп жетіліп, еңбекке де ерте араласады. Сол кездер кеңшардың енді аяққа тұрып жатқан шағы. Шаруасын шатқаяқтатпай, ел тірлігінің ширап кетуінде ағаның үлесі зор. Ол Ілбішін кеңшарында партком, агроном қызметтерін атқарып, абыроймен зейнетке шығады. Атқарған еңбегі ескерусіз қалған жоқ, талай мәрте аудандық, облыстық марапаттарға ие болды.

Еңбегі елеулі қарияның ұрпағы да алғыр, әрі нарықтың талаптарына әбден төселіп, заманауи игіліктерді шаруашылықтың пайдасына кеңінен жаратып отыр. Солардың ішінде малсақ, шаруаға ебі мол Алауына қария бүгінде қожалықтың таяғын сеніп ұстатқан. Алаудың мамандығы заңгер. 4 жыл қатарынан облыстық мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мамандығы бойынша жұмыс жасаған тәжірибесі де бар. Дегенмен ауылдың киесі тыныш жатқызсын ба, қаланың жайлы тірлігінен ауылдағы күйбең күндерді артық санаған ол елге оралып, әке бастаған берекелі жұмысты жалғастыруға  бел буады. Оған да, міне, 15 жылдың жүзі болыпты. Талмай еңбек еткен жанға малдың бітетіні заңды. Шаруасы ширақ жігіт қазір шабындықтың бел ортасында. Бұрынғыдай қолмен шөп шауып, атарбамен тасу ұмытылған. Су жаңа 4 трактормен жасыл ораққа кірісті. Даладағы шөптің өсімі аздық еткенімен, көмекке ауылдастарын шақырып, қыстың қамын қамдауда.

«Малды бағу, ала жаздай оның жем шөбін дайындау оңай шаруа емес. Қыр қазағы болған соң, көз ашқалы мал көріп, «ана қоңыр қозы менікі, ала бұзау сенікі» деп өстік. Мен тапқан табысымның басым бөлігін өз шаруашылығымды дамытуға жұмсаймын. Соның ішінде дала еңбеккерінің қызметін жеңілдетуге арналған мүмкіндіктерге назар аударған дұрыс. Себебі бүгін түскен кіріс ертеңгі күні мал басын, өнім көлемін арттыруға жұмсалады. Қазір бәсеке заманы, сондықтан санға емес, сапаға мән беретін уақыт келді», – дейді Алау

Әңгіме барысында «Электр бақташы» дегенді құлағымыз шалып қалып, мән жайды өзінен сұрағанымызда, ол таңғажайып құрылғының мал шаруашылығы саласына ыңғайлы дүние екенін айтты.  Бұл құрылғының жұмыс істеуінің мәні мынада – күн сәулесінен қуат алатын панель арқылы қоршау сымдарына әлсіз тоқ жіберіледі. Мал сымға жақындаса, оны ток үркітеді, яғни қоршаудан аттап баспайтынына кепілдік бере алатын қондырғы. Шаруа осы бақташыны қолға түсіруді көптен ойластырған екен.  Соның сәті былтыр  көктемде келіп, құрылғыны арнайы Алматыдан алдыртыпты. Жеткізу құны, қоршау сымдарына жалғау, құрылғының өз бағасы бар – барлығы бір милион төрт жүз мың теңге қаражатты қажет етті. «Өзімізге белгіленген жерден ұзындығы 8 шақырым, ені 4 шақырым болатын жайылымды қоршадық. Қазір басқа жақтан келіп, ірі  қараның жайылым тапауы тоқтатылды және өз малдарымыз да өз «төрінде».  Сол қоршаудың ішінде суармалы көлтабан бар, содан су ішіп, жайылып жата береді.  Жайылымдағы шөптің қоры азайып жатса, қоршау сымдарын жылжытуға  да ыңғайлы. Былтырдан бергі тәжірибеме сүйене айтарым, малға  еш зияны жоқ, қайта біздің жұмысымызды біраз оңтайландырды»,- осылай деп ағынан жарылған Алау енді бұл пайдалы құрылғыны қойдың жайылымына да қондыруды ойластырып жүр екен.

Алаудың алаулаған армандары жетерлік. Солардың біріне тоқталсақ, шаруа  малдың жайылым жерлері шектелмесе дейді. Өз жерімізде, кең байтақ даламызда жерді сатып, пайда табатындар аз емес. Иесі жоқ, болғанның өзінде пайдаланылмай жатқан кей жерлерді неліктен талпынғанның игілігіне бермейтіндігін түсінбей келеді. Шаруашылық бастағысы келетін жастар көп. Бірақ олардың бағын байлайтыны – осы жердің жоқтығы. Болса да, бар шаруа аукционға келіп тірелгенде, жерді мыңғырған малы бар, техникасы сіресіп тұрған шаруашылықтар ұтып алады. Сонда шаруасын ілгерілеткісі келетін жастарға қалай жағдай жасалмақ деп, біраз өкпесін де төгіп салды.

Әке жолын жалғаушы ұлдың алға қойған мақсаттары да бар екен. Мысалы, қазіргі кезде қымыз өнімі сұранысқа ие. Адам денсаулығына пайдалы тұстары көп шипалы сусынды халыққа ұсыну ойында. Бие байлап, қымыз ашытып, дайындау да көп еңбекті қажет ететіні белгілі. Оған осы шаруаның қыр-сырын білетін арнайы мамандар жұмысқа тартылуы керек. Алдағы уақытта жігерлі жігіттің ойлағаны жүзеге асып, сары бал қымызын жерлестеріне ұсынып, шаруасының дөңгелеуіне сеп болатынына сенеміз.

«Әке көрген оқ жонар»  деген, жасы қырыққа таяп қалса да, Алау әлі күнге тәжірибесі мол, көргені көп әкесімен ақылдасып отырады. Күні кеше ғана өткен Құрбан айт мерекесінде 20 қойды құрбандыққа шалып, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандары бар жанұяларға таратып беруі де әкенің кеңесімен болған іс екенін айта кетейік.

Алаудың бүгінгі көмекшісі – 15 жасар үлкен ұлы. Ол да әке ақылынан тәлім алып,  Жайлыбайдың басындағы қым-қуыт тірлікке етене араласып  жүр. Мектептегі баласының жазғы демалысы, сабақтан тыс уақыты осында өтеді. Олай болса, атадан балаға мирас болған  істің берекемен жалғасатынына еш күмән қалмайды. Бастысы, еңбектің бәрін жеңетінін «Мұқаштың» мықтылары осылай дәлелдеуде!

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ.