14.08.2020, 9:42
Қараулар: 135
Оқушыларға ноутбук таратыла бастады

Оқушыларға ноутбук таратыла бастады

Пандемия көптеген салаға өзгеріс енгізіп, өз билігін құруда. Соның ішінде білім беру саласына артылған салмақ зор. Өткен оқу жылының ІV тоқсанын да оқушылар мен ұстаздар толықтай қашықтан жұмыстанса, биыл І тоқсанда шағын жинақты мектептерде білім беру процесі дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Барлық санитарлық талаптардың сақталатыны айтпаса да, түсінікті. Ал оқушы саны толық 12 білім ордасында оқу процесі қашықтан ұйымдастырылады. Қызметтегі ата-аналардың балалары үшін кезекші сыныптар ашу жайы қарастырылуда.

Ендігі мәселе – қашықтан білім алатын оқушылардың компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілуі. Ауданда әлеуметтік қорғалмаған 1018 отбасында 1890 ұл-қыз бар, 12 мектепте осы санаттағы балалардың 834-і  қашықтан білім алады деп жоспарлануда. Олардың білім алуына жағдай жасау үшін мектеп теңгеріміндегі ноутбуктер таратылмақ. Дегенмен, бұлардың өзі жеткіліксіз. Сондықтан аудандық білім бөлімі оқушыларды тамақтандыру және іссапар шығындарынан үнемделген қаражатқа 114 ноутбук сатып алды. Апта сейсенбісінен бастап, бұл құрылғылар қашықтан оқытылатын мектептердің шәкіттеріне табысталуда. Ол үшін оқушының ата-анасы мен аудандық білім бөлімінің арасында қабылдау және тапсыру актілері жасалды. Айта кетелік, білім бөлімі үнемделген қаржыға тағы 140 ноутбук сатып алмақ.

«Біздің алдымызда өте маңызды міндет тұр. Қашықтықтан оқыту тиімді болуы үшін төзім, тәртіп және жауапкершілік қажет. Біз мұғалімдерден мейлінше тиімді жұмыс істеуді талап етіп отырмыз. Қандай кедергілер болмасын, балалар толыққанды білім алуы тиіс. Барлық мәселелерді жедел түрде шешуге барымызды саламыз», — деді аудандық  білім бөлімі басшысының орынбасары Уәлихан Малдыбаев.

Әсия ШЫРАЙ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ