14.08.2020, 9:48
Қараулар: 149
ПРАЙМЕРИЗ: мақсат, әлеует, көшбасшы

ПРАЙМЕРИЗ: мақсат, әлеует, көшбасшы

Өткен аптаның жұмасында аудан орталығында алғаш рет жалпыреспубликалық партияішілік масштабта өткізілетін  Nur Otan праймеризін ұйымдастыру бойынша партия мүшелерінің қатысуымен  жиын өтті. Басқосуға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев,  филиалдың ұйымдастыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Кенжалы Төремұратов, облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев қатысты.

Алдымен сөз алған аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева аталмыш саяси шараның мән-маңызына тоқталып, оның көп мүмкіндіктерге жол ашатынына баса назар аударды. Қазіргі таңда ауданда  2187 партия мүшесі бар, олар 22 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген. Праймеризді Ақжол, Бударин, Жаңабұлақ, Тайпақ, Чапаев ауылдарындағы ұйымдарда онлайн түрде, қалған 13 бастауыш партия ұйымында дәстүрлі түрде өткізу жоспарланған. Осыған орай, аудан бойынша партиялық кадрлық резерв тізімі жасақталып, оған өтініш берген 28 адам енгізілді. Ережеге сай олардың 32,1% әйелдер, 28,6 % 35 жасқа дейінгі жастар және 1 көпбалалы ана.

Праймеризге дайындық жұмыстары аудан бойынша  қарқынды іске асырылуда. Атап айтар болсақ,  партияішілік іріктеудің іс-шаралар жоспары жасақталып, 13 адамнан  тұратын праймериз өткізу жөніндегі аумақтық ұйымдастыру комитеттері және аумақтық, учаскелік есеп комиссияларының құрамы анықталды. Ақжол, Жамбыл, Бударин, Құрайлысай, Тайпақ, Чапаев ауылдарында үміткерлердің жария пікірсайыстарын өткізетін орындар да даярланды. 22 бастауыш партия ұйымы 18 дауыс беру орындарына біріктіріліп, олардың бесеуіне қатысты 1241 партия мүшесі онлайн, қалғандарында 946 партия мүшесі оффлайн дауыс береді.

Сонымен қатар партия қатарында жоқ, бірақ праймеризге қатысуға ниет білдірген үміткерлер партияға қабылданды. Партиялық кадрлық  резервке іріктеу, үгіт-насихат жұмыстары, дауыс беру нәтижелері  бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланады.

«Аталмыш тәжірибенің төменгі буын, яғни бастауыш партия ұйымдарынан басталуы көп мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Сөз жоқ, кез-келген партия өз қатарында мол тәжірибе жинақтаған, сауатты, мәдениетті, ойлау, жұмыс істеу қабілеті орасан,  көшбасшылық қасиетімен ерекшеленетін азаматтардың молырақ болғанын қалайды. Мұндай адамдармен қатарын толықтырған партияның жұмысы да жемісті болары анық, бұқарамен кері байланысынан да айтарлықтай нәтиже күтуге болады. Осы тұрғыдан келгенде Nur Otan партиясының елдің игілігіне атқарған қызметі шаш етектен. Індет еліміздің іргесіне енді енгенде партия мүшелері Елбасының бастамасымен «Birgemiz» қорын құрып, тұрғындарға әлеуметтік жағынан қомақты қолдау көрсетті. Осындай  жетістіктерге жетуіміз праймериз үлгісінде жұмыс істеудің алғашқы нышандарының көрінісі, дұрыс нәтиже деп білу керек», – деді М.Мұқаев. Ол ағымдағы жылдың 17 тамызынан 3 қазанына дейін өтетін праймериздің механизмдері мен  партияішілік кадрлық іріктеуді ұйымдастырудың ережелері туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар праймериз өткізу кезеңіндегі үгіт-насихат жұмысына баса назар аударды.

«Ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда қай үміткер де бұл саланың кез-келген майданындағы тайталасқа дайын болу керек. Партия атқарған жұмысты жоққа шығарып, өз ұстанымын алға тартқысы келетін қарсыластардың бар екені жасырын емес. Олардың әрекет ететін алаңы – әлеуметтік желі. Сондықтан бұл саланы да жетік меңгерумен қатар өз ұстанымын айқын дәлелдеп, өз маңайына адамдарды топтастыра алатын да қабілет қажет», – деді Мұрат Рахметұлы.

Осыдан соң К.Төремұратов өңірлік және аумақтық ұйымдастыру комитеттерінің өкілеттіліктері, міндеттері, есеп комиссиясына жүктелетін қызметпен таныстырды. Ал праймериздің шешуші кезеңі – пікірталас өткізу тәртібі жөнінде Н.Жолдасқалиев баяндады.

Шарада аудан басшысы жаңа форматтағы партияішілік іріктеуге қатысатын үміткердің өз өңіріндегі мәселелерді көтеріп, халықтың назарына ұсынса, партия ішіндегі бәсекенің қызатынын атап өтті. Nur Otan партиясы еліміздегі ең әлеуетті, саны жағынан басым, ресурстық базасы тұрғысынан да ауқымды ұйым. Партияның артында барша қазақстандық тұр. Осы праймериздің нәтижесінде азаматтық көзқарасы айқын, жемқорлыққа бой ұрмайтын, ісіне бекем жандардан үлкен саяси күш жинақталады. Сондықтан праймеризде болашақ саясаткерлеріміз жергілікті мекеннің хал-ахуалын, әлеуметтік мүмкіндіктерін жақсартумен қатар әр адамның жеке жауапкершілігіне салмақ артып, туған жерді көркейтуде әр адамның үлесі болуы керектігін ортаға салса игі», — деп қорытындылады ол жиынды.

Әлия ШАРАПИЕВА

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ