14.08.2020, 9:52
Қараулар: 128
Үйірмеге су жаңа велосипед

Үйірмеге су жаңа велосипед

Ақжайық аудандық  велоспорт үйірмесі 2016 жылдан бері спортқа таласы бар ұл-қыздарды жаттықтырып, велошабандоздарды  даярлап келеді. Бұндай үйірме тек  ауданымыз бен облыс орталығында ғана бар. Аз ғана уақыттың ішінде балғын спортшылар толайым жетістіктерге қол жеткізіп,  облыс, республика көлемінде өткізілген жарыстарда топ жарып жүр. «Оған, әрине, аудан басшылығының қолдауы зор сеп», – дейді үйірме жетешісі Аслан Нұрымов.

Сөзіміздің дәлелі, аудан әкімі өткен жылы аталмыш үйірмеге су жаңа велосипед тарту етсе, биыл да осы әдетінен жаңылмай, шабандоздарды қуантты.  Салмағы небары  10,5 келі спорттық велосипед – тас жолдағы жарыстарда таптырмас құрал. Оның каркасы түгелдей алюминийден жасалған, бұл металдың артықшылығы – велосипедші жылдамдықты сағатына  60-70 шақырымға  дейін  арттыра алады.

Велоүйірменің жетекшісі Аслан Нұрымовтың айтуынша,  қазіргі таңда мұнда 24 жасөспірім тәрбиеленуде. Шабандоздардың жетістіктерінен бір ғана мысал – ақпан айында Мақсат Сауранбек Шымкент қаласында өткен жарысқа қатысып, жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Карантинге қарамастан, үйірме мүшелері өз дәрістерін қашықтан өткізуде. Олар үйінде жаттығып, жаттығушыларымен телефон арқылы байланыс ұстауда.

Л.САМАТҚЫЗЫ