14.08.2020, 9:57
Қараулар: 140
Алло, «Жедел жәрдем»!

Алло, «Жедел жәрдем»!

Сырқаттанып, яки жарақаттанып қалсақ, алдымен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетініміз белгілі. Десе де, дер кезінде көмек көрсетіп, ем-дом жасауға дайын жандардың  бастарынан түрлі жағдайларды өткізетінін бірі білсе, бірі біле бермейді.  Расымен, адам жанына араша түсіп, кез-келген уақытта шақырту бойынша ауыл кезіп, ауырған жанның тамырын басып, алғашқы көмегін көрсететін бұл қызметте темірдей төзім мен шыдам  ауадай қажет.

Уақыт өлшемімен санаспай, аптап ыстық, ызғар суыққа қарамастан қызмет атқару, шұғыл түрде  шешім қабылдап, кәсіби көмек көрсету осы бөлімдегі фельдшерлердің басты міндеті десек, медицина мамандары өз ісіне әбден берілген, құтқару ісінде де науқастың өмірін сақтап қалу үшін талай тәуекелге барып жүр. Біздің аудандық жедел-жәрдем бекеті де қызметіне адал, артылған сенімді жауапкершілікпен атқара білетін мамандар жұмыс істейді. Олар үшін әр минут, әр секунд қымбат. 12 мың халқы бар Чапаев ауылының тұрғындарына тек 1 ғана жедел-жәрдем көлігі қызмет көрсететінін ескерсек, әр шақыртуыңызға алып-ұшып, асыға жеткен фельдшерді түсінуге болады.

Абыроймен қатар қиындығы да бірге жүретін мамандықты Асылбек Айтжанов еш ойланбастан таңдапты. 2008 жылы Орал қаласындағы медициналық колледжді тәмамдасымен туған ауданға оралып, шағын ауылда қызметін бастайды. Біз де Асылбекпен бірге шақыртуларға шығып, бір күннің ішінде «Жедел жәрдемнің» жұмысына әбден қанықтық.

Науқастың немесе зардап шегушінің тұрғылықты орнына дейін жету – «103» пультіндегі диспетчердің шақыртуды қабылдаған сәтінен бастап 15-20, кейде «Жедел жәрдемнің» көмегіне мұқтаж жандар көбейгенде, 60 минут аралығында уақыт алады. Осындайда Асылбектің жұмысы қарбаластанып, әр науқасты күттірмеу үшін, барын салып тырысады. Тіпті күніне 40-тан астам адам қызу белгілеріне шағымданып, хабарласқан пандемияның өршуі кезінде де ешкім назардан тыс қалмай, дер уақытында көмегін алды. «Кей адамдарға таңқаламын, қызуы көтеріліп, жөтелі қысқан кезде бірден дәрігердің көмегіне жүгінбей, өз бетімен ем алып, ауруын одан сайын ушықтырғандар көп болды. Әлемді шарлаған коронавирустық инфекциясымен күресте біздің кейіпкеріміз Асылбек тайсалмай, вирус жұқтырған науқастарға уақытпен санаспаcтан өз басына төнген қауіпке қарамай, алдыңғы шепке тұрды. Әсіресе пневмония дертіне шалдығып, ауа жетпей қысылып жататындар – жасы үлкен адамдар. Ондайда шұғыл түрде науқасты ауруханаға жеткізіп,  дәрігердің қолына табыстап қана жұмысымызды аяқтайтынбыз. Сондықтан өз бетінше үйлерінде ем қабылдау – ауруды емдеу емес, керісінше өзінің денсаулығына зиян келтіру деп есептеген жөн. Қазір ауырып, ем іздегеннен гөрі, ауырмайтын жол іздеген маңызды. Вирустан қалай қорғану керектігі барлық ақпарат көздерінде егжей-тегжейлі түсіндірілуде. Ал адамдар қауіпсіздікті қамтамасыз ететін талаптарды сақтауға құлықсыз, қарапайым маска тағудың өзін қиынсынады. Мұндай жағдайда біздің жұмыс ауырлай береді. Өз басым күн сайын қауіпке бас тігіп, жұмысын адал атқарып жүрген әріптестеріме бас иемін. Құдайға шүкір, елімізде 1,5 айға созылған карантиндік шектеулердің нәтижесі – қазір «Жедел жәрдемге» қоңырау соғатындар саны азайып келе жатыр», — дейді Асылбек.

Осындай шақыртуларға жедел-жәрдем бригадасы сақадай сай. Қорғаныш киімдерін тез арада киіп алып,  инфекция жұқтырғандарды көлікке отырғызып, жұқпалы аурулар стационарына жеткізеді. Артынша көліктің ішін дизенфекциялап, қорғаныш киімдерін қайтадан киіп, келесі шақыртуға асығып кетеді. Костюм астында, терге тұншығып, адам өмірі үшін арпалысқа түскен бұл жандардың да еңбектері аурумен тікелей күрескен дәрігерлердің жанкешті еңбегімен парапар.

Жалпы аудандық жедел-жәрдем бекетінде 5 фельдшер қызмет атқарады. 12 сағат күндізгі, 12 сағат түнгі ауысымда жұмыс жасайтын бекеттің қызметкерлері үшін әрбір адамның өмірі мен денсаулығы маңызды. Жедел-жәрдем бекетіне күніне 25-27 шақырту түседі екен. Барлығына бірдей үлгеруге тырысқанымен, кейде дер уақытында жетуге үлгермей жататын кездері де болады: Бір шақырту бойынша ауылдың шалғай шағын ауданына жедел жету керек болса, екіншісі мүлдем басқа көшеде. Осындайда «Қашан жетіп болады?» деп зығырданымыз қайнап, жедел-жәрдем қызметіне шағымданып жататынымыз да рас. Үсті-үстінен шақырту түскенде, науқастың ауру дәрежесіне қарай шешім қабылдауға да тура келеді екен. Сондықтан әр науқас аса бір ауыр халде болмаса, жедел-жәрдем келгенін күткені абзал. Мәселен, қан қысымы көтерілген, эпилепсиямен ауыратын, жүкті әйелдердің жағдайы, жол апаты сынды шұғыл түрде болатын шақыртуларға мүмкіндігінше тез арада барып, көмек көрсетіледі. Содан соң ғана жеңіл түрдегі ауырып қалғандарға жедел-жәрдем бригадасы  келіп, кеселдің симптомдарына байланысты тиісті ем-домдарын жазып береді. Қажет болып жатса, ауруханаға да зулатып жеткізеді.

Фельдшер жұмысының қиындығы тағы бар.  Ауру әбден қысқан соң ба, кей кездері хабарласқан науқастар мекенжайын анық айтпай,  «Тез кел, жағдайы ауыр» деп тұтқаны қоя салады. Ол кім? Қай жақтан хабарласып тұр? Осындай кездері қоңырау шалған адамның телефон нөмірін тексеріп, кері хабарласып, тұрғылықты мекен-жайы анықтайды. Тіпті  жалған ақпарат беріп, дұрыс мекен-жайды көрсетпейтіндер  де кездесіп жатады екен. Ондайда телефон нөмірін тауып, жалған қоңыраудың иесіне полиция бөліміне арыз жазамыз. «Тіпті науқастың үйіне келіп, қабаған итке қабылып, жарықтың болмауынан кәрізге аяғым түсіп кеткен кездер де болды»,- дейді жас маман.

Бір ғана кейіпкеріміз Асылбектің мысалынан көріп отырғанымыздай, «Жедел жәрдемнің» жасағында қызмет ету, бәріміз ойлағандай, оңай жұмыс емес. Үлкен жауапкершілікті, жүрек жылуын талап етеді. Сондықтан шақыртуыңызға «Жедел жәрдем» көлігі тез арада келе қоймаса түсіністікпен қараңыз. Олар осы уақытта өзге жерлесіңіздің саулығын сақтап қалу үшін жолға шығып, өмір үшін күресуде.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА