14.08.2020, 10:02
Қараулар: 144
#STOPCOVID19

#STOPCOVID19

2020 жылдың 26 шілдесінде вакцинаны жасаушы отандық 5 ғалым тірі вируспен жұмыс істеу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ерікті түрде оны өздерінің ағзасында сынап көрді. 3 тәулік аралығында олардың денсаулық жағдайы қалыпты болды, дене қызуы көтеріліп, аллергиялық реакция туындаған жоқ. Клиника алды сынама мерзімі 20 тамызда аяқталады. Оның нәтижесі туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлауы тиіс.

Аталмыш ведомство рұқсат берсе, осы жылдың қыркүйек айынан бастап вакцина Алматы қаласының клиникасында COVID-19-ға қарсы антидене қалыптаспаған 44 еріктіге егілмек.

Осы жылдың қазан айының ортасында клиникалық сынаманың ІІ фазасы іске қосылмақ. ДДСҰ талаптарына сәйкес келетін 200 ерікті сынамадан өтеді. Бұл кезең желтоқсан айында аяқталады.

ДДСҰ кандидаттық вакцинаның клиникалық сынамаларының нәтижесін растаса, Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының жанынан салынып жатқан иммунобиологиялық препараттарды өндіру зауытының базасында өз вакцинасын өндіретін болады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 60 млн доза өндіруге қауқарлы. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ, — делінген Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК таратқан хабарламада.

***

Қазақстанда оқушылар мен мұғалімдерге арналған «Білім» арнайы тарифі іске қосылады. Тариф бойынша айына абоненттік төлем құны – 990 теңге. Ел азаматтары оны тамыз айының екінші жартысынан бастап пайдалана алады.

Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат және инфрақұрылым департаментінің директоры Гүлнәр Бөкееваның айтуынша, тиімді тарифті еліміздің барлық ұялы байланыс операторы енгізеді.

«Мұғалім» немесе «оқушының» қосылу шарттарын білім және ғылым министрлігі анықтайды. Бұл мәселе әлі пысықталып жатыр. Мұғалімдер мен оқушылардың тізімі берілуі мүмкін», — дейді Гүлнәр Бөкеева.

Тариф арқылы білім және ғылым министрлігі мақұлдаған отандық білім беру ресурстарын тегін қолдануға болады. Қазіргі уақытта министрлік 380 ресурсты қолдап отыр. Сонымен қатар байланыс операторлары абоненттерге қосымша гигабайт ұсынады деп хабарлайды   kaz.caravan.kz

***

Қазақстанда кімдерге коронавирусқа қарсы тегін вакцина салынады? Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.

Оның сөзінше, Қазақстан GAVI, CEPI, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық корпорациялар және вакцина өндірушілері бірлесе әзірлеген «COVAX Facility» бағдарламасына енген.  Бағдарлама құрамындағы елдерге халқының 20 пайызына тегін вакцинация жасауға мүмкіндік беріледі.

«Қазақстанда созылмалы сырқаттармен ауыратындарға, жүрек-қан тамырлары сырқатына шалдыққан 65 жастан асқан азаматтарға, қант диабеті мен өкпенің созылмалы дертіне шалдыққандар және медицина қызметкерлеріне жалпы жиынтығы 2 182 000 адамға вакцинация тегін жасалады», — деп жазады Бағдат Қожақметов.

Сондай-ақ ол, Денсаулық сақтау министрлігі тегін вакцинацияға ілінетін азаматтар санын арттыру жолдарын қарастырып жатқанын айтты.

***

Қазақстанда коронавирус дұқтырудың өсімі тоқтады деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі

Министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың айтуынша, ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарған. Атқарушы билік жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өзіне жүктелген міндетті толық көлемде орындап жатыр. осылайша, еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек те болады, – дейді ол.

***

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов ауруханалардағы жағдай бойынша айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантиннің 5 аптасында ауруханалардағы орындар 60 пайызға босады. Оның ішінде жансақтау сақтау бөліміндегі орындар 58 пайызға дейін босап отыр. Жедел жәрдемге хабарласу айтарлықтай азайды, КВИ бойынша 68 пайызға төмендеді. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жазылып шыққан науқастардың саны 73 пайызға өсті», — деді ресми өкіл Орталық коммуникациялар қызметінде.