14.08.2020, 10:06
Қараулар: 146
Абай десем…

Абай десем…

Қазақстан күнпарағында тағы бір атаулы күн пайда болды.

Алты Алаштан сүйінші сұрарлықтай айтулы күн! Ел Президентінің Жарлығымен 10-шы тамыз – Абай күні болып жарияланды.

Абай! Қазақ Руханиятын Абайсыз көзге елестету мүмкін емес. Осыдан ширек ғасыр бұрын:

«…Шапқандай жауға көгілдір белде,

Сардарсыз сарбаз ішінде.

Жыр тамбай шаршап, көзімді ілгенде,

Абайды көрем түсімде…

 

Сыбырлайды Абай бір нәзік үнмен,

«Айтасыңдар, – деп, – әнді ескі».

Абайдан соң да жыр жазып жүрген,

Ақындар неткен жанкешті?-

деп жырлаппыз. Шынында да, Абай өзінің соңындағы қалам-найзалы қалың жазарманға айтатын ештеңе қалдырмағандай. Қолға қалам алғандардың қорқасоқтап, Абайды «айналсоқтай» беретіні содан, әрине, «сөз өнерін дертке теңейтін» тектілері ғана. Жазба әдебиетіміздің бастауында тұрған ұлы ойшылдың сол заманмен салыстырғанда, ғаламат білімдарлығына таңғаласың. Шығыс шайырларын шағып оқығаны өз алдына, орыс, тіпті, Еуропаның рухани әлемімен тығыз таныстығы анық байқалады. Биыл мерейтойлары бір жылда тойланғалы отырған «шығыстың жеті жұлдызының» бірі Әбу Насыр Әл-Фарабимен ой үндестігін, Фараби мұраларымен терең таныстығын шығармаларын салыстыру арқылы бағамдауға болар еді. Бұл үндестік жайында Жолтай Әлмешұлының «Әбу Насыр және Абай» атты еңбегінен оқып, кеңірек танысуға болады.

Абайда не жоқ? Өзінің азғантай ғұмыры мен шағын шығармашылығына шалқар ой сыйғызып кеткен саңлақ әлемде санаулы-ақ. Президентіміздің халыққа арнаған Жолдауын Абайды алға салып ұсынуы тегін емес! Абай шығармашылығы  бағдаршам іспеттес, әлі күнге болашаққа бағыт сілтеп тұрғандай. Ол елдіктің, ұлт болып ұйысудың жолдарын өзінің туған халқын аямай сынау арқылы көрсетіп, санасына сіңіріп кетті. Оның қара сөздері – Қазақтың моральдық кодексі. Абайдың «өнердің бәрі Орыста» -деген сөзінен бүгінгі шолақақыл біреулер ілік іздегісі келеді. Ол «орысқа беріл, қолтығына кір»-деп тұрған жоқ, «өнерін үйрен» — деп тұр. Ал өнерде  ұлт жоқ!

Абай Еуропа іліміне орыс руханияты арқылы бойлай алды. Тіпті әлі күнге солай! Өз басым шет тілінен тікелей (немісшеден) аударатын жалғыз жазушыны білем. Ол Рамазан Тоқтаров марқұм еді. Абайдың атап тұрып айтып кеткен «бес дұшпанымен» (өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ) әлі күресіп келе жатқанымыз жасырын емес.  Бүгінгінің мысалымен кеңірек талдауды көлем көтермейді. Менің басты мақсатым ол  емес, елді сәтімен жарияланған «Абай күнімен» құттықтау болатын. Сондықтан, «Абайы бар Елдің  Құдайы бар» деген қанатты сөзбен баянымызды байырқаттық. Алты құрлықты алаңдатып қойған, атың өшкір, іргемізді жайлаған індеттен еліміз ерте құтылып, ырғақты, ыңғайлы өміріне оралғай!

Сағынтай БИСЕНҒАЛИЕВ,

Қазақстан Ақын-жыршылар одағының мүшесі.

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ