14.08.2020, 10:11
Қараулар: 151
Алаштың темірқазығы

Алаштың темірқазығы

Абай – сәуле, Абай – нұр. Ұлы ақын қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа деңгейге көтерілуі жолында орасан еңбек етті. Талант тұлғасы – тұла бойына тұнықтық біткен, тамыры тереңге жайылған, нұры мен әрі мәңгілік кетпейтін ұлы тұлға. Поэзия алыбының мұрасы терең ойға толы шығармалармен бай. Абай ақын қазақтың рухани мирасын бойына сіңіріп, сол байлықтың керектісін ақындық өнеріне арқау ете білді. Ол өз халқының асыл қазынасына жаңа реңк, жаңа бағыт беріп, дамыған ағымға қосты.

Хакім Абайдың айналасына шоғырланған талантты шәкірттері қазақ әдебиетін жаңа белеске көтеріп, әлемдік әдебиет ағымдарының қазақ әдебиетіне дендеп сіңуіне зор септігін тигізді. Абай адамдар мен халықтар арасындағы татулықты дәріптеуімен де құнды. Тек татулық бар жерде ғана әділет болмақшы. Тек әділет бар жерде ғана адал және білікті, ынталы және іскер жан өз мүддесіне жетеді, сондықтан Абай барша қандастарына еңбекқорлықты, ізденісті, әділдікті басшылыққа алуды насихат етеді.

Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, Абайдың әрбір сөзі мірдің оғындай нысанаға дөп тиіп, ақиқатты айғақтайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырлары ашылып, жаңа бояумен қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға жетелейді. Ол өткен заманның тынысы болса да, бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды. Өйткені Абай лебі, Абай үні, Абайдың тынысы – бүгінде теңдік алып, дербес ел атанған, басқа елдермен терезесі тең болған, кең байтақ Қазақстанның, қазақ халқының тынысы.

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», — деп ақынның өзі айтып кеткендей, Абай бүгін жарқын бейнесімен, жалынды жырымен, нақыл сөздерімен де бізбен жасасып келеді. Қазақтың бас ақыны, ұлтының заңғар перзенті, Алаштың темірқазығы Абай ақынның мұрасы қазақтай қайсар ел барда мәңгі жасайтыны анық. Республика көлемінде бекітілген Абайдың күні елдік пен ерліктің, замана көшінің басындағы дара ақынды құрметтеу, дәріптеу болса керек. Өйткені Абай – дана, Абай – дара қазақта.

Толқын ҚАРАТАЕВА

КӨНЕККЕТКЕН.