14.08.2020, 10:16
Қараулар: 145
Арсыздар Абайды біле ме екен?!

Арсыздар Абайды біле ме екен?!

Абай Құнанбаев ғұлама, ойшыл ақын, ағартушы ретінде әдебиет тарихында өшпес із қалдырды. Сондықтан алты Алашқа қадірі сіңген дара ақынға күн арнаған халқымнан айналдым.

Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлтымыздың бітім-болмысы, тіршілік дүние танымы, мінезі, тілі, рухы көрініс тапқан. Ал бұл қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Ұлы ойшыл Абайдың  «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз. Талап еңбек терең – ой, қанағат, рақым ойлап қой, бес асыл іс көнсеңіз» деген сөздерінің өзі бүгінгі күннің құндылықтарымен астасып жатқандай.

Адалдықтың түп төркіні – ақынның өлеңдерінде ғана емес, сонымен қатар қара сөздерінде де.  Ал сол қасиеттен бүгінде жұрдай болып бара жатқан жоқпыз ба?! Қай газетті ашсаң да, қай арнаны қоссаң да, еліміздегі ахуалды пайдаланып, халықтың ақшасын жымқырған арсыздардың ісі туралы естіп, оқып жатамыз. Сондайда осылар Абайды біле ме, оның өлеңін оқыды ма деген ойға еріксіз келесің.

Елімізде Абай күнінің бекітілгені қазіргі жастардың абайтануға бет бұрып, бірнеше ғасыр бұрын жалпыадами құндылықтарды насихаттап, болашаққа бағдар салған ғұламаның тағлымынан сусындауға бастары анық. Себебі қазір некен-саяқ қана ұл-қыз кітап оқиды, көбісі көркем шығармаға, рухани байлыққа ынтық емес. Тек білімді ғана мыңды жыңар заманда қазақтың шұрайлы тілінен нәр алған Абай ақынның шығармаларын балаларымыз жатып-жастана оқыса, қандай тамаша!  Сонда ғана жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, әлеуметтік желі арқылы тарайтын қитұрқы әдет-қылықтан бойын аулақ ұстайтыны анық.

Мерует ҚАУЫМБАЕВА,

зейнеткер

 ЕСЕНСАЙ