14.08.2020, 10:26
Қараулар: 176
Көне қорым, киелі орын, GIS-карта

Көне қорым, киелі орын, GIS-карта

Өткен аптада  аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының қосымша білім беру педагогі Жәнібек Әбілпейісов республикалық тамыз кеңесі аясында өткен онлайн семинарда баяндама жасады. Туристік өлкетану бағытында біраз тәжірибе жинақтаған майталман 70-ке жуық білім мамандарына өзінің  “Батыс Қазақстан облысының интерактивті білім-өлкетану GIS- картасы. Туған өлке табиғи ескерткіштерінің интерактивті GIS — картасы” тақырыбындағы жұмысын таныстырды.

Технократтық өркениеттің даңғаза шуы сананы улап, адамның жандүниесі бос бөшкедей құлазып, айналасынан өзін рухани толтыра сусындататын дүние іздеп талпынғанда киелі жерлердің энергетикалық қуаты мен мән-маңызы назарға іліге бастағаны аян. Өз баяндамасында Ж.Әбілпейісов ауданындағы киелі орындар жөнінде баяндап,  тарихи тұлғалар жерленген қасиетті орындардың GIS картасын таныстырды.

Осыған дейін ауданда  киелі жерлердің ешқандай картасы жасалмады. Тек былтыр ғана аудандық балалар және жасөспірімдер туризм орталығының өлкетанушылары Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығының қолдауымен осындағы көне қорымдар мен киелі жерлерді түгел аралап, картаға түсіріп, JPS координаттарын алған.  Тарихи тұлғалардың есімдерін анықтау жұмысы әлі аяқталған жоқ. Қазірге араб жазулы 305 көне қорым зерттеліп, 2102 құлпытас тазартылып фотоға түсірілген. Бүгінде  осы құлпытас мәтіндері оқылу үстінде. Жәнібек Тастанбекұлының айтуынша, бұл жұмыстар келешекте кітап боп жарық көрмек. Сонымен қатар облыстағы көне қорымдар мен киелі жерлердің картасы координаттарымен белгіленген сайт ашылады деп жоспарлануда. Жүзеге асқан жағдайда әлемнің кез-келген түкпірінен сайтқа кіріп, тарихи тұлғалар жерленген қорымды зерттеуге, ата-бабасын іздеуге, белгілі ру таңбаларына қарап, кезіндегі рулардың қоныстанған жерлерін білуге мүмкіндік туады. Ол осы жұмыстың ішкі туризмді дамытып, тарихымызды тану үшін жасалып жатқан игі қадамдардың бірі болатынына ерекше тоқталды.

Әсем ЕСБЕК.

АТАМЕКЕН.