21.08.2020, 9:46
Қараулар: 138
IV тоқсанның «азабы» қайталанбаса…

IV тоқсанның «азабы» қайталанбаса…

«Жайық таңы» газетінің 2020 жылғы 7 тамыздағы №31 санындағы «Интернетпен оқиды талай қазақ баласы» мақалаcын оқып шыққан соң, мен де өз ойымды ортаға салғанды жөн көрдім.

Расында да, қауіпті індет жұртты біраз әбігерге салды. Топ болып жиналмау, жиын-тойға бармау, шаруалармен көшеге шыға қалсаң, барлық санитарлық ережелерді ұмытпай, ара қашықтықты сақтап жүру секілді ережелерді ел-жұрт мейлінше сақтады. Міне, соның арқасында бүгінгі таңда жағдай тұрақталып, аурудың беті қайтқандай. Дегенмен босаңсуға болмайтыны да ескертіліп жатыр. Тек «сақтанғанды ғана сақтайтынын» естен шығармауды айт.

Сақтықтың еш артығы жоқ, әйткенмен, балаларымызды қашықтан оқыту ата-анаға біраз салмақ салды.  Әсіресе біз секілді шалғай ауылда тұратын жандарға  онлайн оқытудың келтірген әбігерін айтып жеткізу қиын. Ұялы телефондағы  Whatsapp желісімен келетін ұстаздардың тапсырмаларын ашып, көрудің өзіне біршама уақыт кетеді. Өйткені бізде байланыс нашар.

Тек біз ғана емес, Қурайлысай округіне қарасты Сайқұдық ауылында тұратын барлық ағайынның балалары осылай білім алды. Сонымен тапсырмалар келді дейік телефонымызға, оны жүктеп болғанша, біраз уақыт өтті. Одан кейін орындап, мұғалімге қайта жіберіп, кері байланыс орнатуда тағы сол кедергілер алдыңнан шыға келеді.  Оқу бағдарламасынан, әрине, қалып қойғанымыз да сондықтан.

Ауылдағы әрбір шаңырақта кем дегенде үш-төрт оқушыдан бар. Ал олардың әрбірінің қолына телефон тауып беру  мүмкін емес.

Биылғы оқу жылының алғашқы тоқсаны қашықтан оқытылады дегенді естігелі мазамыз кете бастады. 6-сыныпта және 4-сыныпта білім алатын  екі қызым бар. Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын  ұлыма қолына қалам ұстатар ұстаздың орнын біз алмастыра алмайтыныз анық. Қайта бастауыш сынып оқушыларына кезекші сынып ашылатынын естіп, қорқынышымыз біраз сейілді.

Әрине  ұл-қызымыздың ауырмауын, аты жаман кеселден аулақ болуын барлығымыз  қалаймыз. Дегенмен ауылдық жердегі онлайн оқудың «азабын» айтпай кете алмадым. Осы мәселелер оңтайлы шешімін тапқанда ғана қашықтан алған білім сапалы болады деген ойдамын.

Нұршат ДОСҚАЛИЕВА,

ата-ана

САЙҚҰДЫҚ

Қурайлысай ауылдық округі