21.08.2020, 9:51
Қараулар: 116
Газ құбырлары тартылуда

Газ құбырлары тартылуда

Алғабас ауылдық округіне  қарасты төрт бірдей елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Округ орталығына Тасқақала ауданынан келіп, қосылатын құбыр желілерінен Жаңажолға 18-шақырым, Қарағайға 9-шақырым, Тоған ауылына 25-шақырым, Тегісжолға дейін 6-шақырым  құбыр тартылды. Қазіргі таңда  сол ауылдар ішіндегі әлеуметтік нысандарға құбырлар өткізілуде. Нәтижесінде Қарағай ауылында кітапхана мен мәдениет үйі, Тегісжолда бастауыш сынып мектеп пен ауылдық кітапхана көгілдір отынға қосылды. Жаңажолда мектепке тартылған құбыр кітапхана ғимаратына да жүргізіліп жатыр. Тоған ауылындағы медициналық пункт пен мектептің де жылыту жүйелерінің газға қосылар күні жақын. Көптен күрмеуі шешілмей келе жатқан шаруаның оңтайлы аяқталуға таяғанына тұрғындар риза. Алдағы уақытта әлеуметтік нысандардың барлығын газбен қамтып болған соң, кезек жеке баспаналарға да жетеді. Осындай игілікті шаруа Жамбыл ауылдық округінде де жүзеге асырылып жатқанын айта кетейік. Мұнда Жамбыл, Үштөбе,Бітік ауылдары газдандырылып, жұмыстар аяқталуға жақын. Осы екі округтегі жұмыстарды қолға алған мердігер — «Айтемір» ЖШС.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ