21.08.2020, 9:55
Қараулар: 34
Спортшылардың құрметіне

Спортшылардың құрметіне

Ел мерейін асқақтатар спортшылар күні қарсаңында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов осы саланың ардагерлері мен бапкерлерді, спортшыларды қабылдады.

Алдымен сөз алған аудан басшысы жиналған қауымды төл мейрамдарымен құттықтап,  бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін ауданда атқарылған  игі істер жөнінде баяндап, жас ұрпақты спортқа баулудағы жетістіктері үшін спортшыларға алғыс білдірді.

«Жыл сайын дене шынықтыру және спорт саласының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Биыл халықтың көптен бергі тілегі орындалып, аудан орталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Ақжайық аграрлық техникалық колледж жанынан спорт алаңының ашылар күні жақын. Мемлекеттің қолдауының арқасында округ орталықтарындағы шағын спорт алаңы бой көтерді. Ендігі кезек ірі елді мекендерде.

Аудан басшысы спорт пен білім саласында еңбегі еселі бірқатар спортшыларды Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапаттап, естелік суретке түсті.

Сондай-ақ спорт ардагерлері  Қанат Жазықбаев, Екатерина Пальгова, республикалық жарыстардың  жеңімпаздары Халел Омарұлы, Жәнәділ Аманұлы, Әди Мырзабекұлы сынды спорт шеберлері облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының алғыс хаттарына ие болды.

Қалияр Шадиярұлы «Елімізде пандемияға байланысты қалыптасқан ахуал спорттық ойындарға да, басқа да мәдени  іс-шараларға тоқтау салғызғаны баршаңызға белгілі.  Алайда бұл саланың мамандары өз жұмыстарын тоқтатқан емес. Төтенше жағдай орнаса да, ауданымызда қашықтықтан онлайн түрде өткізлген  спорттық шаралардың ұйымдастырылуы, бапкерлердің жас балғындарды интернет арқылы үзбей жаттықтыруы спортшыларымыздың мықтылығының  тағы бір куәсі. Жуық арада спорттық нысандардың ашылып, қолданысқа берілуі жоспарлауда»-деді.

Қабылдау соңында «Жігер» спорт клубының басшысы Марат Игилманов әріптестерін айтуылы күнмен құттықтап, спортшыларға құрмет көрсеткен аудан басшысына алғысын айтты.

Л.ӨТЕГЕНОВА