21.08.2020, 10:02
Қараулар: 181
Ерботаның «Алтын құсы»

Ерботаның «Алтын құсы»

«Еңбек етсең ерінбей тояды қарының тіленбей»-деген дана Абайдың сөзі бар. Осы сөздің өміршеңдігіне көз жеткізіп, адал еңбекпен нәпақасын тапқан жастардың қатары ауданымызда көбейіп келеді. Қолына алған ісінің көркейгеніне көп куә осындай жастарды мадақтап, өзге замандастарына үлгі ету – біздің мақсат. Әйтпесе «жұмыс жоқ, үкімет маған жұмыс бермейді» деп, екі қолды қалтаға сидыра алмай жүрген жалқаулардың бар екенін білеміз. Ал бүгінгі әңгімелегелі отырғанкейіпкеріміз жастайынан жалқаулыққа жаны қас болып өскен Ербота Саматов.

Ербота Чапаев ауылында кіндік қаны тамып, осы жерде өскен жас өреннің бірі.М.Әуезов атындағы мектепті 2012 жылы тәмамдаған жас түлек Оралдағы «Андас» оқу орталығына инженерлік мамандығы бойынша сырттай білім алады. Тумысынан еңбекқор, бос жүруге әуесі жоқ ол сол кезден бастап, еңбекке  араласады. Қаладағы машиналарға жанармай құю бекеттерінің бірінде жанармай құюшы болып жұмыс жасайды. Шаңырақтағы жалғыз ұл, ата-анасы қажетін бір хабарласса, жеткізуге жағдайы бар. Дегенмен, ешкімге салмақ салғысы келмеген ол өз тірлігін өзі жасап алуға ерте машықтаныпты осылай.

2014 жылы ауылға оралған жасқа мамандығы бойынша жұмыс табу  қиынға соқты. Мұны да сылтау қылып, өзге замандастары секілді әке-шешесінің мойнына артылып жата беруіне әбден болар еді, бұл Ерботаның мінезіне мүлдем жат әдет болатын. Осылайша мұнайлы Атырау қаласына жол тартады. Мұнда «Атаба» деп аталатын ірі сауда орынына күзетші болып жұмысқа алынады. Күзетшілік жұмысқа мұрнын шүйіре қарап, бірден жоғары жалақыдан дәмететін кейбір жандарға бұл ісі де үлгі, қолы қимылдаған адамның кедей болмайтынының тағы да бір мысалы.

Қай жұмысқа да епті, шаруаны үйіріп алып кететін қабілеті кейіпкеріміздің жары Айғанымды бірден сүйсіндірді. Атыраулық арумен көңіл жарастырып, үлкен қалада айы оңынан туып, тірлігі оңала түссе де, Ербота туған ауылына оралуды мақсат етеді. Өзінің бала күнгі арманы өз ауылында кәсіп ашып, онын игілігін ел пайдасына жарату болатын. 2018 жылы Нұрислам атты  екі жастағы сәбиімен екі жас елге оралады.  Келген соң белгілі бір деңгейде шаруашылық бастап кетудің  реті келе қоймай, ақыл, бағдар берер жан жолықпай біраз тосылғаны рас. Әйткенмен жайлы жұмыстың ынғайын қарап, бос жүретін Ербота ма? Аудандағы жер қатынастар бөліміне куръер болып, қызметке орналасады. Ал жолдасы өз мамандығы бойынша аудандық емханаға  іс-қағаз жүргізушісі болып қабылданады.

Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан демей ме?! Жұмыстағы бір газетті оқып отырғанда, көзіне бір жарнама шалынады. Онда жастар корпусын дамыту жобасы аясында «Jas project» бағдарламасының қыр сыры жазылған екен. Сол газетті қолына ұстаған кейіпкеріміз аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа келеді. Ол жерден өзіне керекті ақпаратқа қанығып алғасын, тәуекел деп жоба қажетті құжаттарды жинай бастайды. Бағы бес елі екен, ұсынған «Алтын құс» жобасымен ауылдағы әлеуметтік ахуалды жақсарта алатын бизнес ретінде грантты жеңіп алды. Жобаны жүзеге асырудың шарттарына тоқтала кетсек: алдымен 3 адамнан тұратын топ құрып, 1 млн. теңгенің көлеміндегі грант қаражатына қажеттеріңді сатып алып, іске кірісуің керек. Бірақ 6 ай бойы өзің өндірген өнімді өзің мекен ететін ауылдағы әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған адамдарға  тегін ұсыну қажет. Топтың әрбір мүшесіне атқарған қызметі үшін айына 40-60 мың  теңге степендия төленеді. Алғашқы түскен 500 мың теңгеге 60 тауық сатып алған Ербота барлық жем суын, қора-жайын қамдады.  Жалғыз атқаруы қиынға соғып, қасына өзі ғұрыптас екі көмекші алды. Алғашында жұмыртқа өнімін жинап, мұздатқышта сақтап, жағдайы төмен 120 отбасына тегін таратты. Артынша тауық етін саудаға шығара бастайды. Гранттың екінші траншы, яғни 500 мың теңгеге тағы 60 тауық және болашақта шаруаны әрі қарай өркендету үшін балапан шығаратын инкубатор сатып алды.

Бизнеске осылайша біртіндеп төселген ол енді мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрін пайдаланып көрмек болды.  Былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемелекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсынан  «Жас кәсіпкер жобасы бойынша оқып, сертификат алады. Тағы да бизнес-жоспар жасақтап, мемлекеттік грант конкурсына қатысты. Жолы болғышын-ай, кезекті 500 мың теңгені ұтып алды.

Кәсіпкер жігіттің бүгінде шаруасы шаш етектен. Себебі бүгінгінің шаруасы өзі іскер, өзі делдал, өзі саудагер, өзі тасымал иесі болмаса, көл-көсір пайдадан қарадай айырылып қалады. Мұны Ербота анық ұғынды. Қазір үйінде балапан шығаратын үш инкубатор аппараты үздіксіз жұмыс жасап тұр, күніне 100 балапан шығарады. Оны өсіріп, пайдасына жаратудың өзі көп еңбекті талап ететіні ақиқат. Оның «Старт» деп аталатын құнарлы жемін  табудың өзі біраз әбігер, көп жерде сатпайды, әрі қымбат-ақ. Айта кетейік, жұмыстың қиынынан үркімейтін Ербота осы шаруаның бәрін жалғыз өзі атқаруда. Сонымен қатараудан орталығының символына айналған телемұнарада электрик болып та қызмет етеді. Бір күн жұмыста болып, екі күн үйінде болатын кезінде тыным таппайды бұл жігіт.

Еселі еңбектің нәтижесі – «Алтын құстың» жұмысы ілгері басып келеді. Бүгінде шағын ғана бизнесі қалың көпшілік арасында сұранысқа ие. Бірі қуырылған тауық етін сұраса, енді бірі балапаны, не жұмыртқасын саудалап, қолқа салады. Әңгімелесіп болып, аттанғалы жатқанымда үйінің алдында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын көргенде, осы жігіттің жаны жоқпа деп те ойладым. Үйін кеңейтіп, тас қалап жатқанда бір өзі, балапан баптап жатқан да өзі. Тіпті ең әрісі, менімен сөйлескенде де, бір қолы босамады-ау еңбекққор жастың.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ