21.08.2020, 10:08
Қараулар: 164
Қолдаудан қанаттанып…

Қолдаудан қанаттанып…

Ауыл — қаланың тірегі. Әбден жауыр болған бұл теңеудің күні ертең-ақ мәнін жоғалтуы мүмкін. Себебі мемлекеттің қолдауымен қаладан ауылға жол тартқан жастар көбейіп келеді. Ал ауылда жастар тұрақтаса, ол мекеннің гүлденіп, көркейері анық.

Осындай қолдаудың бірі — «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының шапағатын көрген жастар көп.  Қазталов ауданының тумасы Алтынай Жұмасейітова Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің түлегі, математика пәнінің мұғалімі. Ауылда өсіп, ауылдан түлеген ол өзге замандастары құсап, қалада қалуды көксемеді. «Бәріміз қалада қалсақ, ауылды кім көркейтеді» деп жауап беретін ол ауылда не істейсің деген құрдастарына.

— «Дипломмен ауылға» бағдарламасы буыны қатпаған жастарға зор мүмкіндік. Мен де осы бағыт бойынша ауылға жұмысқа орналасып, игілігін көріп отырмын. Бұрында көрмек түгілі, атын да естіп көрмеген Сарытоғай ауылына баруды ұсынғанда қатты толқыдым. Жат орта, бұрын көрмеген ауыл, қалай болар екен деген ой болды. Бірақ мектеп  ұжымы, оқушылар, тұрғындар бірден жылы шырай танытып, құшақ жая қарсы алды. Сөйтіп жаңа ортаға ешкімді жатырқамай, сіңісіп кеттім,-дейді Алтынай.

Жас маманның алғашқы еңбек қадамдарында оған жөн сілтеп, мамандықтың қыр-сырына баулитын аға әріптестерінің орны бөлек.  Шәкірт тәрбиелеу ісінде жас маманға Сара Молдашева, Райма Аманғалиева сынды білікті ұстаздар сүйеніш болып,  бай тәжірибесімен бөлісті.

Әп дегенде алғырлығы, пысықтығы, жауапкершілігімен ерекшеленген жас маман еңбек еткен аз ғана жылдың ішінде талай шәкірттерін аудан, облыс көлеміндегі жарыстарға дайындапты. Білім додаларына үкілетіп қосқан үміттері жүлделі орындарға ие болып, тек мектебінің ғана емес, ауылдастарының мерейін асырып жүр.

Мектептің қоғамдық өмірімен қоса, ауылдық Мәдениет үйіндегі шараларға  қатысып, өнерімен тамсандырған Алтынайды ауыл халқы мақтан етеді. Өзінің қарапайым мінезімен ауылға сыйлы жас маманға сүйікті шәкірттері де сүйсіне қарайды.

Оқушыларын қосымша дайындыққа шақырып, білімін шындаудан Алтынай әсте жалыққан емес. Себебі ұстаз еңбегінің жемісі-сапалы да саналы білімді шәкірт. Сабағына дайындықтың өзі Алтынай үшін үлкен дәстүр. Әр дәріске дидактикалық материалдар, көрнекіліктерді алдын-ала дайындап, бададарды жалықтырмау үшін оқудың ойынмен үйлесуіне аса мән береді.

— Ең бірінші жұмысқа орналасқанымда 5-ші сыныпқа жетекшілік еттім.  Оқушылармен танысып, аты-жөндерін шатыстырғаным да бар, қобалжығандықтан шығар. Сыныптағы 14 шәкірт жан-жақтан «апай, апай» деп қолдарын көтергені, сабақты айтуға асыққаның өзі бір ғанибет»,- дейді ол.

Қашықтан оқыту ауыл мұғалімін де айналып өтпеді. 4 тоқсанда үйдегі баланы алшақта отырып, сабаққа үйрету Алтынайға да оңайға соққан жоқ.  Білім берудің бұл түрінде оларға қиын тигені — ауылдағы интернет байланысының нашарлығы. Әрі баланың бәрінде бірдей телефон, ноутбук жоқ. Осындай кедергілерге қарамастан оқушылармен сәт сайын хабарласып, әр есептің шешілу жолын байыппен ұқтырды. Математика пәні күрделі болғандықтан, кейбір оқушыларға түрлі есептерді шешу жолдары көрсетілген бейнежазба түсіріп, WhatsApр желісіне жіберетін. Әлсіз интернеттің әлегі — балаларға жолдаған аудио мен видео, суреттер ұзақ уақыт  жүктелмейтін. Дегенмен, ұстаздың табандылығы, оқушылардың талпынысының арқасында білім көрсеткіші бір мысқалға да кеміген жоқ.

Мемлекеттік бағдарлама аясында Алтынай ауылға келген жылы көтермеақысын алса, көптен күткен баспанасына былтыр қол жеткізді. Тағдырдың бұйырмысы ғой, Сарытоғайдан өмірлік жарын кездестіріп, тұрмыс құрды. Жаңа шаңыраққа тастай батып, судай сіңген  ибалы келін — енесінің арқасүйері, екі қыздың анасы.

Бар жігерін қаланы емес, ауылды көркейтуге жұмсауға талаптанған белсенді жастың алар асуы әлі де алда. Тек ерінбей еңбек ету керек, ал мемлекет талпынған жанға әрдайым қолдау көрсететініне Алтынай сенімді.

Л.САМАТҚЫЗЫ